Журналистер ауданның инвестициялық әлеуеті мен әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен танысты
Түркістан облысының Төлеби ауданында соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айқын байқалады. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар жеке инвестициялардың көлемі де артып, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үй құрылысы, білім беру және кәсіпкерлік салаларында ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бұл жұмыстар ауданның инвестициялық тартымдылығын да жаңа деңгейге көтеруде.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кеңінен таныстыру мақсатында Төлеби ауданында арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Турға республикалық және өңірлік БАҚ журналистері қатысып, ауданда іске асырылып жатқан маңызды жобалардың жұмысымен танысты.
Қарқынды алма шаруашылығы – аграрлық саланың жаңа бағыты
Баспасөз турының алғашқы нысаны Абай ауылындағы заманауи қарқынды алма бағы болды. Бүгінде мұнда 138 гектар жерге Италиядан әкелінген 300 мыңға жуық жоғары өнімді алма көшеттері өсірілуде.
Жалпы инвестиция көлемі 1 миллиард 650 миллион теңгені құрайтын жоба өңірдегі ең ірі қарқынды бау шаруашылықтарының бірі саналады. Мұнда әлемдік агротехнологиялар енгізіліп, толықтай тамшылатып суару жүйесі пайдаланылуда. Су қорын тұрақты қамтамасыз ету үшін баудан бірнеше шақырым жоғары орналасқан арнайы «Қошқарата» су қоймасы салынған.
Қазіргі таңда шаруашылықта халықаралық нарықта сұранысқа ие «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден Делишес» және «Гала» сұрыптары өсіріледі.
Кәсіпкер өндірісті тек жеміс өсірумен шектемей, өнімді терең өңдеуге де басымдық беріп отыр. Биыл мұнда табиғи алма шырынын өндіретін жаңа цех іске қосылады. Құны 682,4 миллион теңге болатын өндіріс орны тәулігіне бір тонна өнім шығаруға қауқарлы. Сонымен бірге 500 тонна жемісті сақтауға арналған заманауи қойма құрылысы аяқталуға жақын.
Жеке инвестиция есебінен бой көтерген білім ордасы
Журналистер аудан орталығында орналасқан медицина және педагогика бағытындағы колледждің жұмысымен де танысты.
Бұл оқу орны жеке инвестордың қаражаты есебінен салынған. Ғимарат құрылысына 150 миллион теңге жұмсалып, бүгінде мұнда 580 студент білім алуда. Колледжде он бағыт бойынша мамандар даярланып, заманауи зертханалар мен оқу кабинеттері студенттердің сапалы білім алуына мүмкіндік беріп отыр.
Мұндай жобалар өңірде білім беру сапасын арттырумен қатар жастардың туған жерінде кәсіптік білім алып, еңбек нарығына сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына жол ашады.
Көптен күткен қуаныш – жаңа баспаналар халық игілігіне берілді
Баспасөз турының маңызды нысандарының бірі Ленгір қаласындағы жаңа тұрғын үй кешені болды.
Биыл аудан тұрғындары үшін ерекше қуанышты жаңалықтың бірі – 156 пәтерлі бес қабатты үш тұрғын үйдің пайдалануға берілуі. Көптен күткен баспананың кілтін алған ондаған отбасы үшін бұл – жаңа өмірдің бастауы.
Жобаның жалпы құны 2 миллиард 79,2 миллион теңгені құрады. Үш тұрғын үйдің жалпы ауданы 10 026 шаршы метрді құрайды.
Жаңа үйлер барлық инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Табиғи газ, электр қуаты, ауыз су, кәріз жүйесі талапқа сай жүргізілген. Сонымен қатар тұрғын үйлердің аулалары толық абаттандырылып, балалар ойын алаңдары, автотұрақтар, демалыс аймақтары және жаяу жүргіншілер жолдары салынған.
Қазіргі таңда тұрғындар жаңа пәтерлеріне қоныстанып, жайлы тұрмыстың игілігін көруде.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан Төлеби ауданында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа тұрғын үй жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Жол құрылысына қажетті өнім өз ауданымызда өндіріледі
Журналистер сапар барысында Бірінші Мамыр ауылындағы асфальт-бетон зауытының жұмысымен танысты.
Жылына 43 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорын аудан мен облыстағы автомобиль жолдарының құрылысына қажетті сапалы асфальт өнімдерін шығарады. Жалпы құны 110 миллион теңге болатын өндіріс орнында 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өндірістің іске қосылуы құрылыс материалдарын сырттан тасымалдауға кететін шығынды азайтып, жол құрылысы жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Отандық балмұздақ өндірісі өркендеп келеді
Баспасөз туры ауданның азық-түлік өндірісіндегі жетекші кәсіпорындардың бірі – балмұздақ шығаратын цехта жалғасты.
1998 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бүгінде жылына 3 мың тоннаға жуық балмұздақ пен 15 тонна тұшпара өндіреді. Кәсіпорында 125 адам еңбек етеді.
Өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталған. Өнім сапасына ерекше көңіл бөлініп, тұтынушылар сұранысына сай жаңа өнім түрлері де шығарылып келеді. Кәсіпорын аудан экономикасына ғана емес, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да елеулі үлес қосуда.
Инвестиция – дамудың басты тетігі
Баспасөз туры барысында журналистер Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан әрбір жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне жан-жақты көз жеткізді.
Ауыл шаруашылығына енгізілген заманауи технологиялар, өндіріс орындарының ашылуы, жаңа білім беру мекемелері, тұрғын үй құрылысының қарқын алуы және кәсіпкерліктің дамуы ауданның инвестициялық әлеуетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Ең бастысы – жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірісті дамытуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған.
Төлеби ауданы бүгінгі таңда Түркістан облысындағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналып келеді. Инвестициялық жобалардың жүйелі жүзеге асырылуы, өндіріс көлемінің ұлғаюы, әлеуметтік нысандардың бой көтеруі және тұрғын үй құрылысының қарқын алуы ауданның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалайды.
