ЭНЕРГЕТИКА ДАМЫМАЙ – ЭКОНОМИКА ӨРКЕНДЕМЕЙДІ
Елдің тұрақты дамуы мен өңірлердің өркендеуі ең алдымен сапалы инженерлік инфрақұрылымға байланысты. Оның ішінде электр энергетикасы – өндірістің, кәсіпкерліктің, әлеуметтік саланың және тұрғындардың жайлы тұрмысының негізгі тірегі. Электр қуаты жеткілікті әрі тұрақты болған жағдайда ғана жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамып, тұрғын үй құрылысы қарқын алады. Сондықтан энергетика саласын дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі.
Осы бағыттағы жұмыстардың орындалуын бақылау мақсатында Төлеби аудандық мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Алатау мөлтек ауданында салынып жатқан жаңа қосалқы электр станциясына арнайы барып, құрылыс жұмыстарының аяқталу барысымен танысты. Көшпелі мәжіліс барысында нысанның техникалық дайындығы, іске қосу мерзімі және оның аудан тұрғындары үшін маңызы жан-жақты талқыланды.
Жұмыс барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Д. Диханбай құрылыс жобасының қазіргі жай-күйі туралы кеңінен баяндады.
Оның айтуынша, бұл қосалқы электр станциясы Алатау, Самал, Қазығұрт және Шаңырақ мөлтек аудандарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында салынуда. Қазіргі таңда аталған шағынаудандарда халық санының артуы, тұрғын үй құрылысының қарқын алуы және кәсіпкерлік нысандарының көбеюі электр желілеріне түсетін жүктемені едәуір арттырған. Жаңа қосалқы станция осы мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін 9720 тұрғын, 3100 жеке тұрғын үй, 45 көпқабатты тұрғын үй, 16 әлеуметтік нысан және 79 кәсіпкерлік субъектісі сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, жаңа кәсіпкерлік жобалардың жүзеге асуына және өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.
Жоба аясында заман талабына сай инженерлік жабдықтар орнатылған. Атап айтқанда, қуаты 10 МВт болатын екі трансформатор, модульдік басқару ғимараты және ашық тарату құрылғысы (ОРУ) салынған. Сонымен қатар ұзындығы 14 шақырымды құрайтын екі тізбекті жоғары кернеулі әуе электр желісі тартылып, электр энергиясын үздіксіз жеткізуге мүмкіндік жасалған.
Нысан аумағында абаттандыру жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ диспетчерлік байланыс арналары іске қосылып, электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (АСКУЭ) орнатылып, интернет желісіне қосылған. Бұл жүйелер электр желілерінің жұмысын қашықтан бақылауға, ақауларды жедел анықтауға және электр энергиясын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қосалқы станция мен жоғары кернеулі электр желілерін кешенді тексеру жұмыстары жүргізілуде. Пусконаладкалық жұмыстар толық аяқталып, мердігер мекеме сынақ режимінде іске қосу жұмыстарын орындауда. Мамандар барлық техникалық көрсеткіштердің жобалық талаптарға сәйкес келетінін айтып отыр.
Бүгінде нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қосалқы электр станциясын белгіленген жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға беру көзделген.
Жобаның бас мердігері – «Алматымәденитұрмысқұрылыс» акционерлік қоғамы. Компания құрылыс барысында барлық инженерлік-техникалық талаптардың сақталуына және нысанның сапалы орындалуына басымдық берген.
Көшпелі мәжіліс барысында аудандық мәслихат депутаттары мен «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері нысанның аудан үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Олар құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен қатар жауапты мекемелерге нысанды пайдалануға беру кезінде барлық қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жаңа қосалқы электр станциясының іске қосылуы тұрғындарды сенімді электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, электр желілеріндегі жүктемені азайтады, апатты жағдайлардың алдын алады және энергиямен жабдықтау сапасын едәуір жақсартады. Бұл өз кезегінде жаңа тұрғын үй құрылысына, әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмысына, өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына кең мүмкіндік береді.
Шын мәнінде, энергетика – экономиканың күретамыры. Электр қуаты жеткілікті жерде өндіріс өркендейді, инвестиция келеді, кәсіпкерлік дамиды, халықтың тұрмыс сапасы жақсарады. Сондықтан Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі болып саналады.