ЖҰМЫСТАР САПАЛЫ ЖӘНЕ МЕРЗІМІНДЕ ЖҮРГІЗІЛУІ КЕРЕК

✅Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында күн тәртібінде ұсынылғандай 4 мәселе қаралып, талқыланды.

↪️Арендалық тұрғын үймен қамту саласындағы қордаланған қарыздарды бюджетке өндіру, 120 пәтерді тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беру, ауыз суды тұтынып отырған жеке және заңды тұлғалардан төлемдерді өндіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев баяндама жасады.

Ленгір қаласындағы мемлекет меншігіндегі 27 көпқабатты үй, 971 пәтер пайдалануға берілген. Үміт көшесіндегі 2 дана 120 пәтердің 71-і берілген, 49 пәтердің құжаттары 2025 жылдың 15 мамырында өтетін комиссия отырысында қаралып, беріледі. Жалға берілген 740 пәтерге зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2017 жылдан бері арендалық пәтерлер қарызы 85 млн 831 мың теңгені құрағаны анықталды. Жалға алған пәтер иелеріне 2 реттен ескерту хабарламалар берілді. Қазіргі кезде жалдау ақысын жылдар бойы төлемей келе жатқан 107 пәтер иелеріне сотқа талап арыз жолданады. Тұрғын үй комиссия құрамына өзгеріс енгізу керектігін ескерткен аудан әкімі арендалық пәтерлердің қарызын бір ай көлемінде 50 пайызын өндіріп, бюджетке өткізуді тапсырды.
2025 жылдың 1 мамырына жасақталған есеп бойынша аудан көлемінде 674 345 текше метр су тұтынылады. Ленгір су мекемесіне ауыз су тұтынушылардың жалпы 49,1 млн теңге қарызы бар. Тұрғындардың ауыз суға қарызын өтеуі қажеттігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу сала басшыларына тапсырылды. .

↪️Пайдаланылмайтын немесе мақсатына сай пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару жөніндегі жұмыстар туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Дәулет Исабекұлы хабарлады. Биылғы жылы 5090 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Аудандағы 85 демалыс аймағының 44 нысаны мақсатына сай емес пайдаланылуда, 27 нысан су қорғау белдеуінде орналасқан және мақсатына сай емес, 14 нысан демалыс орны ретінде заңдастырылғанымен су қорғау белдеуінде орналасқан. Мақсатына сай пайдаланылмай (игерілмей) жатқан жер учаскелерін мемлекет қорына қайтару және жер заңнамасының сақталуы туралы мәселелер бойынша тапсырма берген аудан басшысы арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақ құру жұмыстарын жандандыру қажеттігін ескертті.

↪️Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелердің орындалуы туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай баяндады. Хаттамалық тапсырмалар көрсетілген мерзімде орындалуы қажеттігі талқыланды.

↪️Құқық қорғау органдарынан келіп түскен ұсынымдар туралы аудан әкімі аппараты заң бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қайсар Ақылбеков хабарлады.
Төлеби аудандық прокуратура тарапынан 3 ұсыным түскен, олардың орындалуы жоспарға сай жүзеге асуы керек.

📌 Аудан басшысы күн тәртібінде айтылған негізгі мәселелер бойынша тиісті сала орынбасарларына, мекеме, бөлім басшыларына нақты хаттамалық тапсырмалар беріп, мәселелердің іске асуын өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы және мерзімінде жүргізілуі қажеттігін ескертті.

©️Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі