Төлеби аудандық Мәдениет үйінде жыл көлемінде еселі еңбегімен танылып, өз саласының майталман маманы атанғандарға жыл үздігі марапаты табысталды.
Мерекелік жиын барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін сан-салада еңбек еткен қызметкерлерді аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев құттықтап, арнайы төсбелгі мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарының мәртебесі әрқашан биік екенін айтқан болатын. Бүгін біз өңірдің дамуына үлес қосқан үздіктерге құрмет көрсетеміз. Елінің патриоты, мемлекетшіл тұлғалардың арқасында Төлеби ауданы биыл әлеуметтік-экономикалық өсімнің оң көрсеткішіне ие болды. Аудан тарихында бұрын-соңды болмаған игілікті істер атқарылып, халықтың әл-ауқаты біршама жақсарды деуге негіз бар. Әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп, ауылдарда жаңадан келбетті ғимараттар бой көтерді. Жұмыссыздық деңгейінің пайыздық мөлшері төмендеп, шағын және орта бизнеспен айналысушылар саны көбейді. Бүгінгі берекелі ауданның мәдениет пен спорт салаларында да тың серпілістер орын алды, деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы.
Қарапайым еңбек адамынан бастап, медицина саласының өкілдері, мұғалімдер және үздік тауар өндіріп, мол табыс тапқан кәсіпкерлер, ауыл шаруашылық саласының мамандары, ауылдық округ пен мемлекеттік қызметшілер бүгін бедел биігінен көрінген жиын мерекелік концертпен жалғасын тапты.