Биыл – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл. Бұл – жай ғана дерек емес, ұлттың жүрегіне салынған шекесіз шемен, ұрпаққа аманат етілген ұлы өнеге.
Ұлы майданға Қазақстаннан әр төртінші адам аттанды. Солардың бірі – менің туған атам, Мырзабиұлы Оңғар, 1907 жылы дүниеге келген. 1942 жылы, небәрі 35 жасында, отбасын артта қалдырып, өз еркімен қан майданға аттанған. Артында жары – Әшіркүл, қос перзенті – ұлы Сусын (1939 ж.т.) және қызы Шекер (1941 ж.т.) қалған еді.
Алайда атамыздан бір хабар болмады. Ол – хабарсыз кеткен жауынгерлердің бірі. Ал әжеміз көп ұзамай өмірден өтті. Тұл жетім қалған екі баланы Оңғар атамның ағасы Досалы өз қамқорлығына алды. Осындай тағдырды бастан кешкен сәбилер мен аңыраған аналар қаншама еді?!
Соғыстың ең ащы шындығы – осы. Ол тек майдан даласында емес, ел ішінде де жара салды. Әкем Сусын әкесінің тәрбиесін көре алмады. Біз де Оңғар атамыздың иығына асылып еркелей алмадық, әжеміздің шапағатына бөленбедік. Бәрі – соғыстың салдары.
Архив ақтардық, дерек сұраттық – бірақ атамыздың нақты қай майданда, қай жылы қаза болғаны белгісіз күйінде қалды. Соған қарамастан, Оңғар атаның өз еркімен майданға аттануы – біздің отбасымыз үшін мәңгілік мақтаныш. Артында қалған қос бала өмірден өз орындарын тапты. Бүгінде Оңғар атаның ұрпағы өсіп-өнген әулетке айналды.
Мұндай тағдыр бір біздің ғана емес, талай қазақ отбасының басынан өткен. Сондықтан да бұл естелік – жеке отбасының емес, барша елдің ортақ тарихы. Біз – соғыс көрмеген ұрпақпыз. Бірақ сол соғыстың жарасы жүрегімізде жаңғырып тұр.
Ұлы Жеңіске – 80 жыл: Жүректе жара, санада сағыныш
#ҰлыЖеңіске80Жыл #СоғысТағдыры #БатырАтам #ҰмытылмасЕстелік #ЖеңісЖолында AMANAT
Amanat партиясы Түркістан облыстық филиалы
Төлеби Ауданы Әкімдігі