Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атай келе, үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын.
Жоба аясындағы жаңа мектептерде оқушы үшін де, мұғалім үшін де жан-жақты қолайлы жағдай жасалумен қатар, бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату, сондай-ақ, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларының бөлек блоктарда оқыту, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайларды қарастыру көзделіп отыр.
Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 217 мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның бірі Төлеби ауданы, Киелітас округі, Достық елді мекеніндегі 900 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы.
Бүгінгі таңда, аталған мектептің құрылысын жүргізіп жатқан 87 жұмысшының 17-сі Түркиядан келген мамандар болса, 20%-ы аудан тұрғындары.
Жоспар бойынша биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс құрылыс жұмыстарының барысын өз өкілеттілігі аясында бақылаған аудандық мәслихаттың депутаты Ділмұрат Омаров мердігер мекеме өкілдеріне құрылысты жобаға сәйкес сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтау қажеттілігін айтты.
«Жайлы мектептің» бүгінде қазан шұңқырын қазу жұмыстары аяқталып, темір арқалықтар орнаталуда.