Бүгін Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Қорған елді мекенінде күндердің сұлтаны, қасиетті жұма күні «Сәдірбай қажы» атындағы мешіт ашылып, ел игілігіне берілді.

Имандылық үйінің ашылу салтанатына Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, ардагерлер төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев және ауданымыздың барлық өңірлерінен зиялы қауым өкілдері, ауылдан түлеп ұшқан қоғамда өзіндік орны қалыптасқан азаматтар, аудан тұрғындары, ауыл халқы, облыс және аудан дін қызметкерлері қатысып, ел ағалары мешіт лентасын қиды.

Құттықтау сөзінде мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы: «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады», — демекші, осындай иігілікті шараларымыз көп болғай, еліміздің бірлігі мен ынтымағы арта берсін, — деп ықыласын жеткізіп, бұған қоса аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары мен аудандық мәслихаттың Грамоталарын табыстады.

Жаңа мешіттің асханасы орналасқан аумаққа арнайы, Алатау дәмханасында жиналған қауымға дастархан жайылып, игі іске мұрындық болған азаматтардың ата-бабаларының рухына құран оқылып, дұға жасады.