Халқымыз әділдік орнату үшін арғы-бергі тарихымызда түрлі заңдар түзген. Олардың бізге жеткені де, жетпегені бар. Бір анығы — заң жобаларын, нормаларын әзірлеуге білікті кісілер, билер тартылған, ол дәстүр қазір де жалғасып келеді.
Кезінде Тәуке хан Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің араласуымен қазақ құқығының қайнары болып табылатын “Жеті жарғы” заң жинағы дүниеге келгені белгілі.
Оған дейін ертеде “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” дейді. Оны жеңілдеткен Тәуке хан мен үш бидің жобасы мынадай-ды:

Жер дауы баяндайын — біріншісі,
Ру, қоныспенен меншікті ісі.
Иеленген жеріне жанжал болса,
Біреуге басымдық қып озбыр кісі.

Үй іші мен баланы тәрбиелеу —
Болған сосын заңның екіншісі.
Ұрлық, қарлық, барымта — үшінші заң,
Баян етер бәрін де білген кісі.

Төртінші боп саналған мынау заңы,
Бір халық пен басқа ру болса дауы,
Ұлтын жаудан қорғамақ — бесінші бұл,
Алтыншы, жетінші — құн дауы, жесір дауы”, —

деп “Жеті Жарғы” заңының жалпы жоралғысы деп осы жоғарыда айтылған дүниелерді санамалап көрсетеді. (Төле би, Құраст.: М.Байғұт, Ш.Орынбай — Алматы, 2013. 1-том-59 бет)
Қарап отырсаңыз, сол замандағы көкейкесті мәселелер әлі күнге дейін әділ де қатал заңның қарауына жатады. Әрине, қоғамдық қатынастар, қоғамдық сана өзгерді. Халықаралық тәжірибені пайдалану да, заң шығарудың, оны қолданудың озық үлгілері де назардан тыс қалған емес.
Алайда, әділетті қоғам орнатуда ұлтымыздың дәстүрін, әдет-ғұрып құқығын зерттеп, ескерудің қажеттілігі мен маңыздылығы артып келеді. Сондықтан еліміздің қазіргі парламенті қабылдайтын кез келген заңды аудармалық сипатынан біртіндеп арылту үшін ұлттық, қоғамдық құндылықтарды дәріптеуге басымдық берген жөн деп санаймыз. Өйткені, адамның табиғи құқықтары мен еркіндігіне негізделген заңдар ғана тиімді жұмыс істейтін болады.

Дархан МЫҢБАЙ.