Барлығымыз деніміз сау болып, ұзақ өмір сүргіміз келеді. Тазалық – денсаулығымыздың кепілі. Тазалық бар жерде әрқашанда жақсы өмір қатар жүреді. Адам өмірінде тазалықтың алар орны маңызды. Жаны таза адамның өмірге деген көзқарасы жарқын, ерекше болады. Сол сияқты республикамызда «Таза Қазақстан» акциясының бастау алғаны қандай жақсы жаңалық болды. Еліміздің түкпір-түкпірінде тазалық жұмыстары жүріп, Қазақстан халқы экоакцияға біркісідей атсалысты. Осы ретте, біздің Киелітас ауылдық округі де бұл науқаннан шет қалмады. Округке қарасты елдімекендердің барлығында сенбіліктер өтіп, барлық жерде тазалық орнады. Бұл акция әлдеқашан аяқталып қалғанымен біздің округ тұрғындары «Тазалық тазаланған жерде емес, таза ұстаған жерде» деген қағиданы ұстанып, өз аулаларын таза ұстауда. Тіпті көшеге шығып, бір бірін тазалыққа үндеп, насмихат жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан, халықтың тазалық мәдениетіне деген сананың қалыптасқанын көреміз. Күні кеше округ халқы қураған шөптесін өсімдіктерді орып, жол бойларының таза болуына күш салды. Тазалық әркезде де біздің жанымыздағы сенімді серігіміз болуы шарт. Таза ортаның табиғаты да, ауасы да адам жанына жылулық ұялатады. Әрқашанда қоршаған ортамызды таза ұстап, табиғаттың сұлулығын көрсетуіміз керек.
Әзімхан ОСПАНОВ, Киелітас ауылдық округі.