1988 жылы 20 ақпанда Таулы Қарабақтың жергілікті халық депутаттар кеңесі (басым бөлігі армяндардан құралған) Арменияға қосылу мәселесін көтерді. Ол уақытта Таулы Қарабақта тұратын 190 мың адамның төрттен үші армяндар еді, қалғаны әзербайжандар болатын. Бұл ниет Бакуде қарсылыққа ұшырап, Ереванда қолдауға ие болды. Таулы Қарабақ депутаттарының мәлімдемесінен кейін әзербайжандықтар мен армяндар Аскеран қаласының маңында қақтығысты. Бұл – Таулы Қарабақтағы алғашқы қантөгіс еді. 1992 жылы ақпанда армяндардан құрылған қарулы жасақ Әзербайжанның Ходжалы қаласына басып кіріп, бейбіт тұрғындарды жаппай өлтірді. «Ходжалы қырғыны» деп аталатын оқиғадан жүздеген бейбіт адам қаза тапты.
Таулы Қарабақ аймағындағы бітімгершілік операциясына Қазақстаннан да жүздеген жерлесіміз аттанып, әскери борышын адал атқарды. Олардың арасында оққа ұшып, мерт болғандары, жарақаттанып, мүгедек атанғандары, тіпті соғыс салдарынан денсаулығынан айырылғандар да бар. Жалынды жас шағында от пен оқты көрген ардагерлеріміз бүгінде 50 жасты еңсерген ел ағалары. Олар түрлі салада қызмет етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді.
Күні кеше – 27 желтоқсанда Төлеби ауданындағы Таулы Карабақ соғысына қатысушы ардагерлер Кеңес әскерінің Карабах жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай кездесу ұйымдастырды. Бұл басқосуға Ауған соғысы және Тәжік-ауған соғысының ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері де қонақ ретінде шақырылды. Ленгір қаласындағы «Тау» дәмханасында ұйымдастырылған іс-шараны Таулы Карабах ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестік төрағасы Нұржігіт Жолдыбаев кіріспе сөзбен ашты. Онда былтырғы жылы карабахтық жауынгерлерге Ардагер статусы беріліп, мемлекет қолдауына ие болғаны, қоғамдық ұйым құрылып, елді мекендердегі соғысқа қатысушылар анықталып, мүшелікке еніп, олардың құжаттары аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркеуден өтіп, барлығына ардагер статусы берілгені туралы айтылды. Одан кейін бірлестік жұдырықтай жұмыла Кеңес әскерінің Карабах жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай ауқымды шара өткізді. Жастарды патриотизмге баулу мақсатында ұйымдастырылатын басқосулар содан бері өз жалғасын тауып келеді. Осы ретте Карабахтық ардагерлердің ауданның қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласып жүргенін ерекше атап өтуге болады.
Кешегі солдат – бүгінгі ел ағаларының басын қосқан келелі жиында Ауған және тәжік-ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағалары Тайыр Асылбеков және Кемелхан Оразалиев те сөз сөйледі. Олар жас ұрпақтың бойына патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, ел қорғайтын азаматтарды тәрбиелеуде бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Дина ХАНГЕЛДІ.
