«Қазақ тілін білмей, бұл жерде өмір сүру — мүмкін емес» дейді Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Ленгір қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Владимир Аңсабаев.
Ұлты — орыс. Ал жүрегі ше? Жүрегі – қазақ. Өйткені ол осы елде туған, қазақ халқының мейірімін көрген, соның ортасында өскен, мемлекеттік тілді құрметтеуді борышым деп санайтын азамат. Оның сөзі — жасандылықтан ада.
Владимир Аңсабаевтың әкесі – тағдыр тәлкегімен бала күнінде ата-анасыз қалған жан. Сол қиын шақта бір қазақ отбасы оны бауырына басып, асырап алған. Өз тегін беріп, өз баласындай өсірген. Бұл — бір отбасының ғана емес, бүтін халықтың бауырмалдығын көрсететін тағылымды оқиға. Қазақтың кеңдігіне, мейіріміне, адамдық болмысына деген мәңгілік алғыс сол күннен бастап Аңсабаевтар әулетінің жүрегіне жазылды.
«Әкем үнемі айтып отыратын: “Мені аш-жалаңаш, көз жасым құрғамаған күндері бір қазақ отбасы өз баласындай көріп, адам қатарына қосты. Есімімді де, тегімді де берді. Сол жақсылықты мен ешқашан ұмытпаймын. Қазақ халқына басымды ием. Сен де осы елге адал бол, балам”, – дейтін» – деп еске алады Владимир.
Сол күннен бастап Аңсабаевтар әулетінің жүрегінде қазақ халқына деген алғыс пен құрмет мәңгілік орын алды. Владимир де осы тәрбие негізінде өсті. Қазақтың дарқан мінезін, бауырмалдығын, кеңдігін көріп өскен ол үшін қазақ тілі – тек қарым-қатынас құралы емес, рухани қасиет.
Сол дәстүр үзілмеген. Бүгінде Владимирдің ұлы кіші Владимир де сол рухта өмір сүріп келеді. Ол қазақтың нанын жеп, суын ішіп қана қоймай, қазақ тілін үйреніп, жүрегімен қабылдаған. Қызмет көрсету саласында еңбек ететін ол бүгінде ұялы телефон жөндеу мен сатумен айналысады. Көпшілікпен тікелей байланыста. «Маған келетіндердің 90 пайызы – қазақтар. Егер мен қазақ тілін білмесем, олардың сеніміне де, алғысына да бөленбес едім», – дейді ол.
ӘКЕ СӨЗІ – БАЛАҒА ӨСИЕТ
Владимирдің тілді таза әрі шешен сөйлеуіне тек мектеп немесе орта ғана емес, үйдегі тәрбие де үлкен әсер етті. Әсіресе әкесінің күнделікті өмірде мақалдатып сөйлейтіні баланың құлағына сіңіп, жүрегіне қонды.
Үйде балалары шулап, бір-бірімен сөз таластырса, әкесі жай ғана:
— Көп сөз көмір, аз сөз алтын, — деп қойып қалатын.
Ал бірде мектеп жасындағы баласы:
— Әке, маған үлкен көлік әперші! — дегенде, әкесі әзілдей жымиып:
— Армандапсың ақ тоқты қыстың күні көк шөпті, — деп сөзбен жеңіл ғана жауап берген.
Тағы бір есте қалған сәт — кішкентай Владимирдің достарымен ойнап жүріп төбелесіп қалған кезі. Дәл сол сәтте әкесі үстінен түсіп қалады. Ызаға булығып тұрған балаларға қарап тұрып:
— Қой дегенде қоймаған, арашаға зар болар, — деп бір-ақ ауыз сөзбен жағдайды түйіндейді.
Кішкентай баланың сіріңке ұстап жүргенін көріп те сабырмен ескерту жасайды:
— Ойыннан от шығады, сіріңкемен ойнауға болмайды, — дейді.
Әкесі балаларына от пен судың тілсіз жау екенін кішкентайынан құлақтарына құйып өсірді.
Ол үнемі:

— Жігітке жеті өнер де аз,
Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді, — деп отыратын.
Осы сөздермен ол баласын намысшылдыққа, адалдыққа, орынды сөйлеуге үйретті.
«Бірде мектепте қызық жағдай болды де песке алады Владимир. Қазақ әдебиеті пәнінен апайымыз:
— Балалар, кім қандай мақал-мәтел біледі? — деп сұрады.
Сонда мен еш кідірместен әкемнің үйде айтып жүретін мақалдарын тақылдап айтып шықтым. «Қой дегенде қоймаған арашаға зар болар» дегенде апайым күлкісін тыя алмай, мәз болып қалды. Ал сыныптастарым қыран-топан күліп, «мынау қайдан шыққан шешен?» деп таңғалып жатты.
Бүгінде Владимир сол әкесінен дарыған мақалмен сөйлеу мәнерін өз өмірінде де жалғастырып жүр. Ол үшін мақал-мәтел — тек сөз емес, тәрбие құралы, өмір сабағы, ұлт рухының сөзі.
«Қазақ тілін үйрену мен үшін ешқашан міндет не ауырлық болған емес. Бұл — менің өмірімнің бөлшегі. Қазақ достарыммен араласып жүріп, олардың тіліне, болмысына жақын болдым. Қазір қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Бұл – менің азаматтық ар-намысым», – дейді Владимир.
Ол қазақ тілін білуді – күнкөрістің амалы емес, адамның ішкі мәдениеті мен елге деген құрметі деп түсінеді. Тіл үйренуге мәжбүр болған емес. Қайта жүрек қалауымен үйренген. Бүгінде қазақ тілінде жатық сөйлейтін оның мемлекеттік тілге деген ықыласы – көпке үлгі.
«Қазақша сөйлемеу – ұят. Қазақтың ортасында тұрып, қазақ тілін білмеу – тек өзіңе емес, мемлекетке деген немқұрайдылық» дейді ол.
Қазақ тіліне шын ниетпен құрметпен қараған өзге ұлт өкілдерінің аузынан шыққан әр сөз — алтынмен пара-пар. Себебі олар мәжбүрліктен емес, саналы түрде, жүрекпен ұғына отырып сөйлейді. Владимир Аңсабаев — сондай санаулы тұлғалардың бірі. Ол — отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.
Владимир Ленгір қаласында орта мектепті, колледжді тәмамдаған соң, Шымкентте жоғары білімін жалғастырды. Жаңа орта, жаңа достар оның өміріне тың серпін берді. Әсіресе қазақ достарымен етене араласуы оған тіл үйренуде үлкен мүмкіндік сыйлады. Ол күн сайын қазақ тілінде сөйлесіп, сөз байлығын арттыра түсті.
Бүгінде Владимирдің қазақшасы көпті таңғалдырады. Кейде мақалдатып, мәтелдетіп сөйлегенде, «Паһ шіркін, недеген шешен?» деп еріксіз риза боласың. Сөзге ұста, ойға жүйрік, әңгімеге шебер. Айтарын дөп басып, тыңдаушыны бірден баурап алады.
Ол — қазақ халқының тіліне ғана емес, рухына да жақын. Осындай көпшіл, жайдары мінезді, жұртқа сүйкімді сары баланың бойынан мейірім мен жылылық төгіліп тұрады. Оның болмысы — түрлі ұлттың арасындағы достық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісі.
«Бүгінде әлеуметтік желіде қазақ тілін мазақ ету сәнге айналғандай. Бұл — тілді дамытуға емес, қорлауға апаратын жол. Тілді білмесең – үйрен. Қателессең – түзел. Бірақ мазақ ету – арсыздық. Ертең өз балаң сенің күлкіңнен ұялатын күн келмесін», – дейді Владимир.
Ол үшін қазақша сөйлеу — ұлтқа қызмет ету. Ол үшін мемлекеттік тілді меңгеру — Конституциялық міндет қана емес, адамдық ар-намыс.
Қызына берген аманаты: «Тілді білмесең, болашағың бұлыңғыр»
Владимир – отбасылы азамат. Әйелі екеуі қыз тәрбиелеп отыр. Қызының есімі — Ева. Оған да ана тілімізді қадірлеуді кішкентайынан үйретіп келеді.
«Қызым қазір қазақша толық еркін сөйлей алмаса да, бәрін түсінеді. Оның да бұл тілді меңгеретініне сенем. Оған үнемі айтып отырамын: “Қазақ тілін білмесең, болашақта қиын болады. Қазақ халқы көп тұратын елде өмір сүріп, сол халықтың тілін білмеу — өз өміріңді өзің қиындау”», – дейді ол.
Бұл — болашақты ойлаған әкенің аманаты. Бүгінде Владимир сынды азаматтар мемлекеттік тілдің қадірін ұғына отырып, ұрпағына да осы сананы дарытуда.
Бүгінгі қоғамда ең басты проблема – тілді білмеуде емес, тілге деген ықыластың аздығында. Қазақ тілін білмейтін емес, үйренуге тырыспайтындар, ниеті жоқтар көбейіп кеткен. Осындайда ұлты басқа болса да, ұлтқа жанашыр болып жүрген Владимир сынды азаматтар – қоғам үшін алтын тұлғалар.
Ол ешқашан өзінің орыс екенін жасырған емес. Бірақ қазақ тілін үйрену арқылы елге деген ықыласын, қазақ халқына деген шынайы ризашылығын білдіріп келеді. Тілді меңгеру арқылы ғана емес, қазақша сөйлей отырып ұлтқа қызмет етуде.
ТАЗА ТІЛ – ТАЗА ОЙДЫҢ БЕЛГІСІ
Владимир — өз ойын анық, тұнық жеткізетін, сөзі де, ниеті де таза жас. Ол тек өзі ғана емес, айналасындағы жастардың да тіл мәдениетіне мән бергенін қалайды. Өйткені тіл – ұлттың жаны, адамның ішкі мәдениетінің айнасы.
Қазіргі таңда жастар арасында «ема» секілді жаргон сөздер, мән-мағынасыз қысқарған тіркестер мен былапыт, боқтық сөздер жиі қолданылады. Бұл – тілдің көркемдігін, тазалығын бұзатын құбылыс. Владимир мұндай тілдік шұбарлыққа түбегейлі қарсы. Ол әрдайым:
— Өз тіліңді шұбарламай, боқтық сөздерді араластырмай, таза қазақша сөйлеуге тырыс! — деп, қатарластарына шын жанашырлықпен ақыл-кеңес айтып жүреді.
Ол тіл мәдениетін тек ереже деп емес, ішкі тазалықтың, рухани кемелдіктің көрінісі деп түсінеді. Владимир үшін сөз — жауапкершілік. Сол себепті әр сөйлемінде ой, әр сөзінде салмақ бар. Жастармен кездескенде, достар арасында немесе жай ғана әңгіме үстінде ол ешқашан арзан сөзге ермейді. Керісінше, өз сөзімен өзгеге әсер етіп, тілге деген құрметті оята біледі.
Ол үшін таза сөйлеу — науқан емес, өмір салты. Қазақтың бай тілін құрметтеу, сөздің парқын түсіну, орнымен сөйлеу — нағыз азаматтың белгісі деп санайды. Владимир сынды жастар көбейсе, тілдің де, елдің де болашағы жарқын болары анық.
ҮЛГІ БОЛУ — ЖАУАПКЕРШІЛІК
Тіл тағдырына бейжай қарамай, ісімен үлгі болып жүрген жастардың бірі – Владимир. Өзге ұлт өкілі болса да, қазақ тілін еркін меңгеріп, оны күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған оның ісі бүгінде көпке өнеге болып отыр. Сөздің шынайы құдіреті — әсер етуінде. Владимирдің қазақ тілінде таза сөйлеп, шешендікпен ойын жеткізе білуі тек достарына емес, көршілеріне де әсер етті. Оның орыс ұлтынан шыққан көршілері де балаларына қарап ойланып, ұл-қыздарын қазақ сыныптарына бере бастады. Бұл – жай ғана таңдау емес, үлкен сенімнің, болашаққа деген дұрыс қадамның көрінісі. Бүгінде Ленгір қаласында қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт отбасыларының қатары артып келеді. Қазақша сөйлейтін, тілді құрметтейтін жаңа буын қалыптасып келеді. Бұл — ел ішінде бірлік пен түсіністіктің нығайып келе жатқанын айғақтайтын жақсы белгі. Осындай оң өзгерістерге себепкер болып жүрген Владимир сынды азаматтар көбейе түссе, еліміздің тілі де, рухы да өркендейді. Тіл үйрету – үгіт емес, іс пен мінез арқылы жүретін процесс. Владимир соның айқын дәлелі.
Мемлекеттік тілді құрметтеу — заңның ғана емес, ардың да талабы. Тіл — ұлттың жаны, жүрегі, тағдыры. Владимир Аңсабаевтың бір сөзімен айтқанда: «Қазақша сөйлеу — ұлтқа қызмет ету, елге құрмет көрсету. Мемлекеттік тілді меңгеру — заң талабы ғана емес, ар-намыс мәселесі».
Осындай азаматтар көбейгенде ғана қазақ тілі өзінің лайықты орнын табады. Мемлекеттік тіл – бұл тек құжат тілі емес, ел болмысының тілі. Егер ұлты өзге азамат қазақша сөйлеп тұрса, бұл — тілдің емес, біздің өзіміздің айнамызға қарап, ұялатын сәтіміз.
Қазақ тілі – құдіретті тіл. Оны қадірлеу – өзімізге құрмет. Ендеше, тіл мәртебесін биіктетуді өзгеден күтпей, әрқайсысымыз жүректен бастайық. Владимирдің сөзімен түйіндесек: «Бұл халық менің жетім қалған әкеме пана болды, мен оған қызмет етем. Ал қазақ тілі — сол қызметтің кілті».
Владимир жастарға «Тілді білмесең — үйрен. Қателессең — түзел. Бірақ мазақ ету — арсыздық»,—дейді.
Д.ХАНГЕЛЬДИЕВА.
Төлеби ауданы.
Түркістан облысы.