Ленгір қаласынан басталған пресс-тур аудан әкімдігінің ғимаратында журналистерді қарсы алумен ашылды. Бұл іс-шара Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. Мақсат — Төлеби ауданындағы агроөнеркәсіп, білім, құрылыс және өндіріс салаларында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалармен БАҚ өкілдерін жан-жақты таныстыру. Сапар барысында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, әкімнің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев және ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Калибеков журналистерге барлық нысандарды аралатып, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етті.
ҚАЗЫҒҰРТ БАҒЫНА — ЖАҢА СЕРПІН
Пресстурдың алғашқы бағыты — Абай елді мекеніндегі «Қазығұрт бақтары» кооперативі. 2018 жылы құрылған бұл кооператив 138 гектар жерге алма бағын отырғызып, бүгінде 265 мыңнан астам көшетті баптап отыр. Алманың төрт сорты – Гренни смит, Айдаред, Голден делишес және Гала – республика бойынша жоғары сұранысқа ие.
Алмаларды тамшылатып суғару жүйесімен баптап, өнімділігі 300-350 центнерге жетуде. Жуырда алма өнімдерінен табиғи шырын шығаратын жаңа цех іске қосылмақ. Оның қуаттылығы – тәулігіне 1 тонна. Сонымен қатар, сыйымдылығы 500 тонна болатын жеміс қоймасы құрылысы аяқталуға жақын.
Заманауи стандартқа сай отырғызылған алма ағаштарының арасына техника емін-еркін кіріп, жемісті шашау шығармай теріп алуға жағдай жасалған. Жаздық алма тамыз айында теріледі деп күтілуде.
ЖАҢА ЗАМАНҒА САЙ ОҚУ ОРНЫ
Келесі нысан — Ленгір қаласындағы жаңа «Мейір-Бейс» медициналық және педагогикалық жоғарғы колледжі. Заманауи білім ошағы 2024 жылдың маусым айында пайдалануға берілген. Жоба құны – 150 млн теңге. Қазіргі таңда мұнда 580 студент білім алуда. 100 орындық жатақхана қарастырылған. Колледждің мамандықтары – фельдшер, медбике, фармацевт, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру, орыс тілі және информатика пәндері бойынша педагогтар дайындайды.
Колледждің материалдық базасы мықты: 84 оқу кабинеті бар, оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі, барлық түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.
Журналистер 4 қабатты жаңа оқу корпусын толықтай аралап, студенттердің білім алып, өзін өзі дамытуына бар жағдай жасалғанының куәсі болды.
КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР БОЙ КӨТЕРУДЕ
Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері Ленгір қаласы Қапал батыр көшесінде салынып жатқан 5 қабатты 3 тұрғын үй құрылысының барысымен де танысты. №6, №8 және №9 үйлердің жобалары республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Үй құрылыстарының аяқталу мерзімі — 2025 жылдың қазаны.
Әр үйде 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Мысалы, №6 үйде 60 пәтер болса, №8 үйде 48 пәтер, №9 үйдің құрылысы 2024 жылы басталған. Барлық үйлердің жобаларын «Сартобе» ЖШС әзірлеген, құрылыс-монтаж жұмыстарын түрлі мердігер компаниялар жүргізіп жатыр.
ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРІС — ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ немесе Әке жолын жалғаған ұл: Болат Ұмытбаевтың еңбегі
Пресстур аясында БАҚ өкілдері барған маңызды өндіріс орындарының бірі — Бірінші Мамыр елді мекенінде орналасқан «Бірлік» ЖШС-нің асфальт-бетон қоспасын өндіретін зауыты. Бұл өндірістің артында тұтас бір әулеттің еңбекке деген адалдығы мен елге деген сүйіспеншілігі жатыр.
Кәсіпорынның қазіргі басшысы Болат Ұмытбаев — өндіріске бала күнінен қанық болған азамат. Оның әкесі, марқұм Мұрат Әтіретұлы, бұл зауыттың негізін қалаған тұлға. Заманның қиындығына қарамастан, Мұрат ағай 90-жылдардан бастап жол саласына еңбегі сіңген, аудандық маңызы бар жолдардың жөнделуіне орасан зор үлес қосқан тұлға. Жол сапасы, құрылысқа қажетті материалдардың отандық болуына мән берген ол, туған жерінің өркендеуіне үлес қосуды азаматтық парызы санады. Бүгінде әке аманатын арқалаған Болат сол бастауды берік ұстап, өндірісті жаңаша серпінмен дамытып отыр. Қазіргі зауыт толық автоматтандырылған, экологиялық талаптарға сай. Жол құрылысына қажет асфальт-бетон қоспалары аудан ғана емес, көршілес өңірлерге де жөнелтіледі. Болаттың негізгі ұстанымы — сапа, тәртіп, сенім. Ол жұмысшыларға жай басшы емес, жол сілтер жанашыр әріптес бола білген. Сонымен қатар Төлеби аудандық мәслихатының депутаты ретінде де халықпен тығыз қарым қатынаста жұмыс істеп, мәселелердің оң шешілуіне ұйытқы боп жүр.
— Әкем осы зауыттың әр бұрышын жүрегімен сезетін. Ол кісінің адалдығы мен еңбекқорлығы — мен үшін басты мектеп. Енді сол жолды жалғастыру — менің өмірлік ұстанымым, — дейді Болат Ұмытбаев.
Өндіріс — жай ғана кәсіп емес. Ол – ел дамуының тірегі, жергілікті тұрғындардың нәпақасы, болашаққа салынған сенімді жол. Бұл жолда Ұмытбаевтар отбасының орны ерекше.
«БАЛМҰЗДАҚ» ЖШС – ДӘМ МЕН САПАНЫҢ ҮЙЛЕСІМІ
Келесі нысан — негізін кәсіпкер Адахан Турдиев қалаған «Балмұздақ» ЖШС. Пресстур аясында БАҚ өкілдері кірген кәсіпорындардың бірі — тәтті дәмімен танылған балмұздақ өндіретін цех. Мұнда жұмысшылар тыным таппай, қауырт еңбек етіп жатыр. Себебі мұнда жұмыс ырқына емес, температура ырқына бағынады.
Біріншіден, балмұздақ өнімдері егер уақытында оралмаса, еріп кетуі мүмкін. Екіншіден, қазір күн ыстық, балмұздаққа деген сұраныс өте жоғары. Сол себепті олар өндіріс көлемін ұлғайтып, әр минутты тиімді пайдаланып жұмыс істеуде.
Балмұздақ тек Қазақстан аумағында ғана сатылып жатқан жоқ. Өнім Ресей мен Өзбекстан нарығына да жөнелтілуде. Сапалы өнім мен жаңа технологиялардың арқасында бұл кәсіпорынның аты алысқа тарала бастаған.
Мұнда тек дәмді балмұздақ қана емес, жауапты еңбек, нақты тәртіп және тынымсыз тіршілік байқалады. Жергілікті тұрғындар үшін бұл кәсіпорын — жұмыс орны, ал ел экономикасы үшін — экспорттық әлеуеті зор өндіріс.
ТАУ ЕТЕГІНДЕГІ МЕРЕКЕ
Пресстурдың соңғы нүктесі — Нысанбек ауылындағы «Тау Самалы» демалыс аймағы. Мұнда 28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аудан басшылығы мен журналистер қауымы табиғат аясында кездесіп, өзара пікір алмасып, марапаттау рәсіміне қатысты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, түске дейін күннің ыстығына қарамай, нысандарды аралап суға ғана емес, ән мен күйге шөліркеген БАҚ өкілдеріне тамаша көңіл күй сыйлады.
Бұл күні Төлеби ауданы әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров, “Аманат” партиясы Төлеби аудандық филиалының атқарушысы хатшысы Шырынбек Оңғаров және Төлеби аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев газет және телевизия қызметкерлерін құттықтап, Алғыс хаттар табыстады.
Төлеби ауданында жүзеге асып жатқан жобалар — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жарқын көрінісі. Агросектордан бастап білім беру, тұрғын үй, өндіріс саласына дейінгі кең ауқымды нысандар алдағы уақытта аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. БАҚ өкілдерінің бұл сапары — сол оң өзгерістердің куәсі болуға мүмкіндік берді.
Д.ХАНГЕЛДІ.