Кеше Төлеби аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Тур аясында журналистер алдымен Қаратөбе ауылдық округі Балдыберек өзені жағасына салынып жатқан шағын су электр станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жеке инвестор «Тау Энерго» ЖШС тарапынан салынып жатқан станцияның қуаттылығы сағатына 3,2 МВТ құрайды. Бұдан бөлек, журналистер Жоғарғы Ақсу ауылдық округіндегі Ақсу өзені бойында құрылысы қызып тұрған «Жасыл қуат» ЖШС-ң шағын су электр станциясына барды. Станцияның қуаттылығы сағатына — 2 МВТ. Аталған нысандар 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Инвестициялық жобалар жүзеге асқан жағдайда тұрғындар үшін тұтынатын электр жарығының бағасы «Оңтүстік Жарық» мекемесі ұсынып отырған тарифтен төмен болмақ. Сондай-ақ, екі станцияда 10 бірліктен жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылмақ.