Төлеби ауданы – табиғаты көркем, су қоры мол, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қатар дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауданда дәстүрлі егіншілік пен мал шаруашылығымен қатар жаңа бағыттар да қарқын алып келеді. Соның ішінде балық шаруашылығы ерекше серпінге ие болып отыр. Бұл сала азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Президент тапсырмасына сәйкес елімізде балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет тарапынан инвестициялық жобаларды қолдау, жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар беру, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып отырған өңірлердің қатарында Төлеби ауданы да бар.

Төлеби ауданы табиғи ресурстарға бай. Таудан бастау алатын өзендер мен бұлақтар, таза су көздері, қолайлы климат пен экологиялық ахуал балық өсіруге өте қолайлы жағдай қалыптастырады. Әсіресе тау суын қажет ететін форель секілді бағалы балық түрлерін өсіруге ауданның табиғи ерекшелігі үлкен мүмкіндік береді.

Бүгінде ауданда балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер саны артып келеді. Бұл – ауыл тұрғындарының жаңа кәсіп түріне бейімделіп, өндірісті әртараптандыруға ұмтылып отырғанының айқын дәлелі.

Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Бірінші Мамыр ауылдық округіне арнайы барып, жеке кәсіпкер Нұрлыхан Әшірбеков жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобамен танысты.

Кәсіпкер Жаңажол ауылы маңындағы үш гектар жерге жеті арнайы бассейн салып, онда үш мыңға жуық форель шабағын өсіруде. Заманауи технологиямен жабдықталған шаруашылықта судың температурасы, оттегі мөлшері, қоректендіру жүйесі толық бақылауда ұсталады. Осындай ғылыми негіздегі тәсілдің арқасында балықтың өсу қарқыны жоғары.

Кәсіпкер басқаратын «Шымкент Балық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта өндіріс көлемін жылына 300 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 800 миллион теңгені құрайды. Ең маңыздысы – бұл инвестиция толықтай кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда шаруашылықта жеті адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс көлемі артқан сайын жаңа жұмыс орындарының саны да көбеймек.

Жоба өңір экономикасына ғана емес, әлеуметтік салаға да оң әсерін тигізуде. Ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, кәсіби тәжірибе жинақтауда. Сонымен қатар, сапалы әрі экологиялық таза өнім өндіру арқылы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосылып келеді.

Шаруашылықты аралау барысында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов кәсіпкердің еңбегіне оң бағасын беріп, мұндай бастамалардың аудан экономикасын дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.

– Балық шаруашылығы – болашағы зор, табысты салалардың бірі. Елімізде балық өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Сондықтан бұл бағыттағы инвестициялық жобаларды қолдау – аудан әкімдігінің басты назарындағы мәселелердің бірі. Заң талаптарына сәйкес мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады, – деді аудан әкімі.

Кәсіпкер Нұрлыхан Әшірбеков қазіргі таңда өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, барлық технологиялық талаптар сақталса, қажетті температуралық режим мен сапалы азық қамтамасыз етілсе, форель қысқа мерзімде қажетті салмаққа жетеді. Осыған байланысты жыл соңына дейін қосымша бассейндер салу жоспары бар.

Балық шаруашылығы тек өнім өндірумен ғана шектелмейді. Бұл сала жем өндірісі, логистика, өнімді өңдеу, сақтау, тасымалдау, сауда және туризм сияқты бірнеше бағыттың қатар дамуына ықпал етеді. Болашақта Төлеби ауданында балық өңдеу кәсіпорындарын ашу, дайын өнім экспортын жолға қою және агротуризмді дамыту мүмкіндігі де жоғары.

Төлеби ауданы жалпы инвестициялық әлеуеті жоғары өңір саналады. Мұнда ауыл шаруашылығы, бау-бақша, қарқынды алма өсіру, жылыжай кешендері, құс және мал шаруашылығы, ара шаруашылығы, туризм, демалыс орындары мен өндіріс салалары қатар дамып келеді. Табиғатының әсемдігі мен экологиялық тазалығы ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыра түсуде.

Әсіресе Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы, тау шатқалдары, шипалы бұлақтары мен демалыс аймақтары ішкі туризмнің дамуына үлкен серпін беріп отыр. Туризм мен ауыл шаруашылығының қатар дамуы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Ауданда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Инженерлік инфрақұрылым тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, жер телімдерін рәсімдеу, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы жаңа өндірістердің ашылуына жағдай жасалуда.

Бүгінде аудан аумағында 14 кәсіпкер балық шаруашылығымен айналысады. Олар негізінен форель, бекіре, сазан, карп, ақ амур және дөңмаңдай балықтарын өсіреді. Жыл сайын бұл көрсеткіштің артып келе жатқаны салаға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Алдағы жылдары өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу, экспорттық әлеуетті арттыру және өңделген өнім шығаруды қолға алу арқылы Төлеби ауданы Түркістан облысындағы балық шаруашылығының жетекші орталықтарының біріне айналуға толық мүмкіндікке ие.

Табиғи мүмкіндікті тиімді пайдалану, еңбекқор кәсіпкерлердің бастамасы және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау – ауданның тұрақты дамуының басты кепілі. Сондықтан Төлебиде балық шаруашылығының болашағы зор, ал бұл бағыттағы әрбір жаңа жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берері сөзсіз.