Төлеби ауданы – табиғаты бай, су көздері жеткілікті өңір. Таудан ағатын бұлақтар, өзендер мен жерасты сулар – аудан халқының тұрмыс-тіршілігіне, егін мен мал шаруашылығына үлкен тірек. Алайда, табиғат берген бұл байлықты үнемсіз пайдалану — болашақ үшін үлкен қауіп тудыруы мүмкін.
Бүгінде су тапшылығы әлем бойынша өзекті мәселеге айналды. Қазақстанның өзі соңғы жылдары қуаңшылық, су қорының азаюы, өзен-көлдердің тартылуы сияқты табиғи құбылыстармен бетпе-бет келіп отыр. Ал бізде су жеткілікті болғанымен, оны тиімді әрі ұқыпты пайдалану — уақыт талабы.
Суды үйде, шаруашылықта немесе бақша суаруда шектен тыс қолдану — күнделікті өмірде байқала бермейтін, бірақ үлкен шығын әкелетін әрекет. Ашық каналдармен ағып жатқан су буланып кетеді, ағып тұрған краннан бір күнде ондаған литр су ысырап болады. Мұндай жағдайлар көп қайталанса, миллиондаған текше метр су бекерге жұмсалады.
Суды үнемдеуді әр адам өз үйінен бастауы керек. Қол жуғанда немесе ыдыс жуған кезде суды тоқтатып тұру, ақаулы кранды дер кезінде жөндеу, ауланы немесе бақты суды өлшеп пайдалана отырып суару — бұның бәрі суға деген жауапты қатынастың үлгісі.
Шаруа қожалықтары мен аграрлық сектор да тамшылатып суару, жаңа технологиялар енгізу арқылы суды тиімді пайдалана алады. Бұл — тек қоршаған ортаны қорғау емес, сонымен қатар шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға жол ашады.
Ауданынымызда су қоры мол, біздер сол суды үнемдеп үйренсек, ертеңгі ұрпаққа да жеткілікті таза су қалдырамыз. Су — тіршіліктің өзегі. Оны бағалау — табиғатқа, өзімізге және келешекке деген құрмет.