Алатаулықтардың аманатын айтуға келген ақсақалдарды 90 жастағы қария бастап келді
Бүгін «AMANAT» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде Төле би ауданы Алатау ауылдық округі Қайнар елді мекенінің Мәдениет үйінде көшпелі қоғамдық қабылдауымды өткіздім. Жиынға келген ауыл тұрғындары бірқатар мәселе бойынша өтініштерін жеткізді.
Осы төңіректегі Алатау, Нысанбек, Диханкөл, Жаңа Тұрмыс, Қайнар ауылдарында бүгінгі таңда 9 мыңға жуық адам тұрады. Айта кетерлігі, олардың қатарында оқушылар мол, сонымен бірге еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастардың үлесі де жетерлік. Міне, сол жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бұл өңірде дұрыстап жағдай жасалмаған. Мемлекет басшысының саясаты, облыс басшылары, «AMANAT» партиясы ауыл спортын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Нағыз таланттар ауылдан шығатынын ескерсек, шалғайдағы елді мекендердегі жастарға қолдау көрсету үшін халық игілігіне спорт кешенін пайдалануға берудің маңызы зор.
Елұе ауадай керек сол спорт кешенін Алатау ауылдық округі аумағынан кезінде облыс орталығындағы арнайы мамандандырылған спорт мектебін біліктілікпен басқарған іскер азамат, даңқты бапкер болған, бүгінде жеке кәсіпкер Балғабай Елшиев өз есебінен соғып, заманауи үлгідегі барлық құрал-жабдықтарымен сақадай сай дайындап қойғанына біраз болды. Ауылдан дүбірлі додаларға барғандар арасында аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қанжығасы майланып топ жарып қайтқандар аз емес. Аталған спорт кешенінде ауылдағылардың спортпен шұғылдануына жан-жақты мүмкіндіктің бәрі қарастырылған. Ендігі көкейтесті мәселе сол спорт кешенін ашып ел игілігін көру үшін облыстық бюджеттен Мемлекеттік- жекеменшік серіктестік аясында қаржы бөлінуі қолдау табуы тиіс. Ауыл тұрғындары осы мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етуді өтінді. Алатаулықтардың аманатын айтуға келген Әбдіқұл Ержепов, Өмірбай Қарашаев сияқты он шақты ақсақалдың көшін 90 жастағы Мейірбек Байтасов бастап келіп, бір-бірінің сөзін жарасымды жалғаған, бірліктерін білдірген келелі әңгіме қозғады.
Жиын барысында айтылған басқа да мәселелер алдағы уақытта зерттеп-зерделенетін болды. Айталық Екпінді ауылының тұрғыны
Бижан Сәуірбаев Төлепбек Назарбеков атындағы орта мектебінің жөндеуден өтуін жарты жолда қалмай толық бітуін жіті қадағалауды сұранды. Ал Мәкен Тастанов Шатыртөбе ауылының тұрғындары атынан жер бөлуде жең ұшынан жалғасқан әділетсіздіктерге жол берілгенін, жайылым тапшылығын ашынып баяндады. Ермекбай Тәженов Қайнар ауылындағы су мәселесі және жарық берудің жанайқайын жеткізді.
Көшпелі қоғамдық қабылдауға Төле би ауданы әкімдігінің бөлім басшылары мен Алатау ауылдық округінің әкімі қатысты.
