Түркістан облысындағы ең қарт, Төлеби ауданындағы соңғы майдангер,екі ғасырдың күәгері Жұмағұлов Рысмет қария 104 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Жиырмасыншы ғасырдың 20 жылдары дүниеге келген абыз ақсақал халқымыздың басынан өткен көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған. Елімізді ашаршылық жайлаған жылдары кішкентай бала болған Рысмет қария еңбекпен есейіп, ауыр жұмыстарға жегілген. Кейіннен азамат болған шағында қолына қару алып, елін сыртқы жаудан қорғау үшін қан майданға аттанған. Соғыс даласында толарсақтан саз кешіп, мұздан жастық жастанып, пулеметші болды. Ұрыс аймағында жарақат алып, Болинск қаласында гос­питальда ұзақ емделеді. Сөйтіп, елге екінші топтағы мүгедек болып оралады. Майдан даласындағы ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Маршал Г.К.Жуков» медалімен және ондаған мерекелік медальдармен марапатталған.
Рысмет ақсақал марқұм зайыбы Нұрбибі екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеген, бүгінде ұрпақтары өмірден өз орнын тапқан жандар.

Айтар кетерлік мағлұмат, Ұлы Отан соғысына Төлеби ауданынан 10862 жерлестеріміз қатысып, оның
бесеуі Кеңес Одағының Батыры, жүздеген жауынгерлеріміз І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері атанды.

Есте қалар сәттердің бірі, 2021 жылы Жеңіс күні қарсаңында 99 жастағы қатардағы жауынгер Анна Петровна Капустина апамызбен 102 жастағы Жұмағұлов Рысмет атамызды дастархан басында жолықтырып, қағытпа әзілдерін тыңдап, әбден шүйіркелескеніміз еді.
Ол жөнінде әлеуметтік желіде пост жариялағанмын.

Міне, былтыр апамызды соңғы сапарға шығарып салсақ, бүгін атамыз келместің кемесімен бақилыққа кетті.

Қош болыңыз Рысмет ата!
Сіздердің жанқиярлық ерліктеріңіз ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Барлық ұрпақтарына,құда-жекжат,дос-жаранға көңіл айтамыз.