Төлеби ауданындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға партиялық бақылау жүргізілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттырудың басты тетіктерінің бірі – өңірлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту екенін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы құрылыс жұмыстары ерекше бақылауға алынған. Бұл бағытта қоғамдық және партиялық бақылаудың да маңызы артып келеді. Өйткені әрбір салынып жатқан нысан – халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды инвестиция.
Осы мақсатта Түркістан облысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Кезекті зерделеу жұмыстары Төлеби ауданында ұйымдастырылып, оған «AMANAT» партиясының өкілдері, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы органның жауапты мамандары қатысты.
Мониторингтің басты мақсаты – құрылыс жұмыстарының сапасын бағалау, мердігер мекемелердің келісімшарттық міндеттемелерінің орындалуын бақылау, белгіленген мерзімдердің сақталуын қадағалау және тұрғындар игілігіне ұсынылатын нысандардың талапқа сай пайдалануға берілуін қамтамасыз ету.

«Төле би баба» музейінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Жұмыс сапары Леңгір қаласында бой көтеріп жатқан «Төле би баба» музейінің құрылыс алаңынан басталды. Бұл нысан ауданның мәдени-рухани өмірінде ерекше орын алатын маңызды жобалардың бірі саналады. Ұлы би Төле бидің өмірі мен мұрасын насихаттауға арналған музейдің келешекте тарихи-танымдық орталыққа айналуы көзделіп отыр.
Құрылыс жұмыстарын «Vek Stroy Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда ғимараттың негізгі құрылыс бөлігі толық аяқталып, ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді монтаждау және жылыту жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың мәліметінше, нысанның жалпы дайындық деңгейі 75 пайызды құрайды.
Мониторингке қатысушылар құрылыс материалдарының сапасына, орындалған жұмыстардың талаптарға сәйкестігіне және құрылыс қарқынына назар аударып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Инженерлік инфрақұрылым жаңарып келеді

Мониторинг барысында Леңгір қаласының 1-шағын ауданында іске асырылып жатқан инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобасы да жан-жақты қаралды.
«Exclusive Project Company» ЖШС жүзеге асырып жатқан бұл жоба аясында ауыз су, кәріз, электр және газ жүйелері толықтай жаңартылуда. Аталған жұмыстар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, коммуналдық жүйелердің сенімді әрі ұзақ мерзімді қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда электр желілерінің дайындық деңгейі 90 пайызға жетсе, газ құбырларын тарту жұмыстары 95 пайызға орындалған. Сонымен бірге тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, жол жабынын қалпына келтіру және жаяу жүргіншілер жолдарын салу қатар жүргізілуде.
Жауапты мамандардың айтуынша, жоба толық аяқталғаннан кейін шағын аудан тұрғындары заман талабына сай инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру көзделіп отыр.

Ауыл жастарына арналған жаңа спорт кешендері

Жұмыс тобы Момынай және Зертас ауылдарында салынып жатқан спорт кешендерінің құрылысымен де танысты.
Бүгінде ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осыған сәйкес салынып жатқан жаңа спорт нысандары жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және түрлі спорт түрлерімен жүйелі айналысуына мүмкіндік береді.
Зертас ауылындағы спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 65 пайызға жеткен. Жоспар бойынша бұл нысан биыл пайдалануға беріледі.
Ал Момынай ауылындағы спорт кешенінің құрылысы кезең-кезеңімен жалғасуда. Жобаға сәйкес нысанды 2027 жылы толық аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланған.

Сапа мен мерзім – басты талап

Мониторинг барысында құрылыс жұмыстарының сапасы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және құрылыс кестесінің орындалуы егжей-тегжейлі қаралды.
Зерделеу барысында анықталған кемшіліктер бойынша мердігер ұйымдардың өкілдеріне нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде ескертулер жасалды. Сонымен қатар құрылыс барысында қолданылатын материалдардың сапасы, техникалық құжаттамалардың талапқа сәйкестігі және жұмысшылардың қауіпсіздігі де ерекше назарда болды.
Мониторинг қорытындысы бойынша барлық нысандар партиялық бақылауда қала беретіні айтылды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының заңгер-консультанты Нүркен Естебеков, партияның Төлеби аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дәулет Мусаев, аудандық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Ерболат Жабаев, аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Сәкен Мәженов және аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Сапалы құрылыс – ел қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізгі кепілі». Сондықтан әлеуметтік маңызы бар әрбір нысанның сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды міндет. Осыған байланысты партиялық бақылау алдағы уақытта да жалғасып, халық игілігі үшін салынып жатқан барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асырылуына тұрақты назар аударылатын болады.