Төлеби аудандық орталық кітапханасының библиографы Райхан Сәрсебекова туралы тағылымды мақала

Кітап – халықтың ақыл-ойы мен парасатын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Ал осы рухани байлықты елге насихаттап, кітап пен оқырман арасын жалғап жүрген жандар – кітапханашылар. Олар – елдің мәдени деңгейінің, білім көкжиегінің көлеңкеде қалып жүрген қайраткерлері. Осындай адал қызметтің иесі, өз ісінің шебері – Төлеби аудандық орталық кітапханасының библиографы Райхан Есімбекқызы Сәрсебекова.

БАЛАЛЫҚ АРМАННАН МАМАНДЫҚҚА ДЕЙІНГІ ЖОЛ

1963 жылы өмірге келген Райхан Есімбекқызы бала күнінен кітапқа ерекше ынтық болды. Ол кез келген жаңа кітапты алдымен иіскеп, беттерін сипалап, мазмұнына үңіліп, ішкі сырын ашуға тырысатын. Осы қызығушылық оны болашақ мамандығына алып келді. 1985 жылы Шымкент қаласындағы Мәдениет институтын «Кітапханашы-библиограф» мамандығы бойынша сәтті аяқтады. Бұл таңдауы оның өмірлік жолының бастауы болды.

1989 жылдан бастап Райхан Есімбекқызы Төлеби аудандық орталық кітапханасында қызмет етуде. Алғашқы еңбек жолын оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінен бастаған ол бүгінде осы саланың барлық қыр-сырын меңгерген тәжірибелі библиограф.

ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАН, ЖАНАШЫР ҚЫЗМЕТКЕР

Қазіргі таңда Райхан апай – аудан кітапханасының библиография саласындағы жетекші маманы. Оның басты міндеті – оқырмандарға ақпараттық-анықтамалық көмек көрсету, кітап қорын насихаттау, библиографиялық көрсеткіштер әзірлеу және кітапхана қорындағы әдебиеттерді жүйелеу. Ол – өз ісіне ұқыпты, жинақы әрі үлкен жауапкершілікпен қарайтын маман.

Райхан Сәрсебекованың жұмысына тән ерекшелік – оқырманмен тығыз, жылы қарым-қатынас орната білуінде. Кітап іздеген жас студент те, дерек қажет еткен зерттеуші де Райхан апайдан кеңес алып, керегін тауып қайтады. Әр оқырманға жеке көңіл бөліп, олардың рухани сұранысын қанағаттандыру – Райхан апайдың күнделікті дағдысы.

АҚПАРАТ АҒЫНЫНЫНДА — БЕЛСЕНДІ КІТАПХАНАШЫ

Бүгінде қоғаммен байланыс орната білу, атқарылған жұмысты көпшілікке жеткізу – әр мекеменің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл ретте Райхан Сәрсебекова аудан жұртшылығы мен кітапхана арасын байланыстырушы алтын көпір іспетті қызмет атқарады. Ол кітапхана қабырғасында өткізілген әрбір мәдени іс-шараны аудан халқына кеңінен насихаттап, руханияттың үні естіліп тұруына ерекше көңіл бөледі.

Райхан апай – тек ұйымдастырушы емес, сонымен қатар қаламы жүйрік автор. Ол кітапханада өткен әдеби кештер, мерекелік іс-шаралар, оқырмандар конференциялары мен көрмелер жайлы мақалаларды үнемі аудандық басылым беттеріне жариялап отырады. Оның мақалалары мазмұнды, нақты әрі көркем тілді. Бұл жазбалар тек есеп ретінде емес, аудан халқы үшін маңызды ақпарат көзіне айналып отыр.

Ол тілшілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Аудандық газеттің редакциясымен тұрақты байланыс орнатып, кітапхана жаңалықтарының ақпараттық кеңістікте кеңінен таралуына үлес қосып келеді. Бұл – кітапхана қызметінің ашықтығы мен белсенділігінің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар Райхан апайдың заман талабына сай, сергек маман екенін дәлелдейді.

Жергілікті БАҚ өкілдері де Райхан апайдың жауапкершілігі мен ұқыптылығын ерекше бағалайды. Кез келген мәдени шарада ол ақпаратты нақты, уақтылы беріп, тілшілерге дайын материалдар ұсынуға әзір тұрады. Оның осы іскерлігі кітапхана мен редакция арасындағы байланысты бекемдеп, шығармашылық серіктестікке жол ашты.

ҰЖЫМҒА СЫЙЛЫ АРДАГЕР, ЖАС МАМАНДАРҒА ҮЛГІ

Көпжылдық тәжірибе, тынымсыз еңбек пен адамгершілік қасиеттер ұштасқанда, адам өз ортасында құрметке ие болады. Райхан Сәрсебекова – дәл осындай сыйлы тұлға. Ол тек өз ісінің шебері ғана емес, сондай-ақ кітапхана ұжымының арқа сүйер ақылманы, көпке өнеге болар тәрбиеші-ұстаз.

Кітапхана – бір қарағанда тыныш әрі байсалды мекеме болғанымен, ішкі жүйесі үлкен тәртіп пен ұйымшылдықты талап етеді. Бұл ортада жас мамандардың бой үйретуі, кәсіби дағдыларды меңгеруі көп жағдайда тәжірибелі әріптестердің бағыт-бағдарына байланысты. Осы тұста Райхан Есімбекқызының орны айрықша. Ол жас кітапханашыларды үйретуге, оларға білім мен тәжірибесін бөлісуге әрдайым дайын.

Жаңа келген қызметкерлер үшін Райхан апай – жол көрсетуші, алғашқы ұстаз. Ол кітапхана жұмысының ішкі құрылымын, оқырманмен қарым-қатынастың әдебін, библиографиялық көрсеткіштер мен қорды жүйелеудің әдіс-тәсілдерін үйретуден еш жалыққан емес. Жас мамандарға бағыт-бағдар бере отырып, оларға тек кәсіби білім емес, еңбекке деген сүйіспеншілік, ұжымға деген құрмет, оқырманға деген жауапкершілік сынды адами құндылықтарды да дарытады.

Ұжымдастары Райхан Сәрсебекованы аса құрметтейді. Оның сабырлы мінезі, әріптестеріне деген ізеттілігі, кез келген жағдайға түсіністікпен қарайтын парасаттылығы әріптестік ахуалды нығайтуда үлкен рөл атқарады. Ұжымда қандай да бір жаңа бастама, іс-шара қолға алынса, Райхан апайдың пікірі мен ұсынысы ескеріледі. Ол – кітапханадағы тұрақтылықтың, тиянақтылықтың символы.

Осындай ұжымдастық рухы бар ортада еңбек ету – әр кітапханашының арманы. Жас мамандар үшін Райхан апаймен қатар жұмыс істеу – баға жетпес тәжірибе, үлкен мектеп деп ойлаймын. Ал Райхан апайдың өзі осындай бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұжымда ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқанына бақытты екенін жеткізді. Өйткені ұжымдағы жақсы атмосфераны сақтаушы тәжірибесі мол білікті басшы Шишкина Светлана Викторовнаның аудандағы кітапханалар жүйесін ұйыстырып отырған жоғары ұйымдастырушылық қабілетін ерекше атап өтуге болады,—дейді Райзан Сәрсебекова.

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЕЛ АНАСЫ

Ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі мен руханият саласына қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Райхан Есімбекқызы «Жыл үздігі», «Үздік кітапханашы» номинациялары бойынша Төлеби ауданы әкімдігінің Алғыс хатымен, төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойында да кітапхана ісіне сіңірген еңбегі үшін мерекелік төсбелгімен марапатталды.

Кәсіби өміріндегі жетістіктермен қатар, Райхан апай – отбасында да ардақты ана, мейірімді әже. Жолдасы екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде үш немеренің асыл әжесі болып отыр. Отбасындағы сыйластық пен қызметтегі абырой – оның өмірлік теңгерімін айқындайды.

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ ПЕН ҚАЖЫР ОНЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Райхан Ермекқызы – бір қызметте және бір мекемеде ұзақ жылдардан бері тапжылмай еңбек етіп келе жатқан, кәсібіне адал, халқына қалтқысыз қызмет ететін жан. “Дарақ бір жерде көгереді” деген нақыл осы Райхан апайға арналып айтылғандай. Ол үшін кітапхана – тек жұмыс орны емес, екінші үйі,әріптестері жақын туысындай, ал оқырман – бауырындай жақын жандар. Өзінің білімімен, біліктілігімен, іскерлігімен, адамгершілігімен ел есінде жүрген мұндай тұлғалар – қоғамның рухани тірегі.

Осындай еңбекқор жандардың өмір жолын насихаттау – кейінгі ұрпақ үшін өнеге. Райхан Сәрсебекова – өз кәсібін сүйетін, руханиятқа шынайы қызмет етіп келе жатқан парасатты тұлға. Оның ерен еңбегі мен шынайы қызметі әрдайым құрметке лайық.
Д.Хангелді.