Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құспеков Олжас Хайроллаұлы бүгін Төлеби ауданына жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында ол қорғаныс саласына қатысты бірқатар маңызды нысандарды аралап, ондағы қазіргі жағдаймен танысты. Атап айтқанда, арнайы операциялар күштерінің «Орда» оқу полигоны, Ұлттық ұланның «Қаратау» оқу полигоны, ҰҚК Шекара қызметінің «Қасқасу» және «Төңкеріс» шекара заставалары мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қаралды. Сапардың негізгі мақсаты – қорғаныс инфрақұрылымының жай-күйін зерделеу, жергілікті әскери қызметкерлермен кездесу және салалық мәселелер бойынша ұсыныстар жинау болды.
1. «Орда» оқу полигоны – батырларды баптайтын мекен, бірақ жолы нашар екен.
ҚР Қарулы күштері арнайы операциялар күштерінің «Орда» оқу полигоны – стратегиялық маңызы бар нысан. Алайда, ондағы инфрақұрылым қазіргі заман талабына сай емес. Полигон тауға, қырға қарай орналасқандықтан, көктемгі жауын мен қысқы қарлы-жаңбырлы күндері бұл жолмен әскери техника мен арнайы көліктердің шығуы өте қиындық тудырады. Тас жолдың жағдайы сын көтермейді.
Одан бөлек, казарма құрылысын жүргізу өзекті мәселе. Бұл мәселе де депутат назарынан тыс қалмады. Алайда электр жарығы мен ауызсу мәселесі шешілген. Олжас Хайроллаұлы аталған инфрақұрылымдық кемшіліктерді Парламент деңгейінде көтеріп, тиісті министрлікке депутаттық сауал жолданатынын айтты.
2. «Қаратау» полигоны – мүмкіндігі зор, әлеуеті жоғары
Ұлттық ұланның 6506 әскери бөліміне қарасты «Қаратау» полигонына барған депутат Олжас Қайроллаұлы нысанның қазіргі ахуалын оң бағалады. Полигон аумағы кең, мүмкіндігі мол. Жауынгерлерге арналған жаттығу алаңдары мен арнайы дайындық бағыттары жүйелі жолға қойылған. Мұнда да бірқатар инфрақұрылымдық мәселелер көтеріліп, тиісті ұсыныстар тіркелді.
3. «Қасқасу» шекара заставасы – кеңестен қалған көне лагерді паналап отыр
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Қасқасу» заставасы бүгінгі күні әлі де ескі, кеңестік кезеңнен қалған лагердің базасында орналасқан. Көне ғимараттар, мүжілген қабырғалар мен тозығы жеткен есіктер — сарбаздардың қазіргі заманда қызмет атқарып отырған орны осындай. Ауладағы бордюр мен тротуарлар да – уақыт пен табиғат әсерінен әбден мүжіліп, ескірген.
Мәжіліс депутаты Құспеков Олжас Хайроллаұлы қорғаныс саласына қатысты бірқатар нысандардың қазіргі жағдайы заман талабына толық жауап бермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымның ескіргені, материалдық-техникалық жабдықтаудың әлсіздігі және сарбаздарға жасалған жағдайдың жетілмегені ұлттық қауіпсіздік жүйесіне салмақты ықпал етуі мүмкін. Бұл мәселелер арнайы талдауды және кешенді шешімдерді талап етеді,— деді.
Оның пікірінше, шекара шебі — бұл мемлекеттің тыныштығы мен қауіпсіздігінің шекарасы ғана емес, сол елдің беделі мен құрметі де.
Бұл заставадағы қызметтің бір ерекше бағыты — қызметтік иттерді баптау. Мұнда тәжірибелі кинолог Тоқбергенов Жомарт Керімханұлы төрт түрлі тұқымды итпен жұмыс істейді: неміс овчаркасы, бельгиялық малинуа, шығыс еуропалық овчарка және кавказ тұқымды иттер. Бұл иттер әртүрлі бағытқа үйретіледі: із кесуші иттер, қарауыл иттер, арнайы мақсаттағы иттер — кеден қызметіне жолданады, ал шабуылдаушы (штурмовой) иттер арнайы операцияларда пайдаланылады.
Жануарларға деген көзқарасы ерекше, оларға тек құрал ретінде емес, серік әрі сенімді көмекші ретінде қарайтын кинологтың жұмысы – өз алдына үлкен еңбек. Олжас Қайроллаұлы бұл бағыттың дамуын да ерекше атап өтті.
Мұнда техника жүре алмайтын таулы әрі қиын жолдарда сарбаздарға көмекші ретінде аттар да пайдаланылады. Жүк тасу, бақылау және шолғыншылық істерде олардың маңызы зор. Олар арнайы күтімге алынған.
4. «Төңкеріс» шекара заставасы – табиғаты әсем, ахуалы жақсы
Шекара қызметінің «Төңкеріс» заставасы — таулы аймақта орналасқан. Табиғаты ерекше, ауа райы қатаң. Заставаның материалдық-техникалық жағдайы жақсы деңгейде деп бағаланды. Депутат бұл нысанды да толық қарап, шекарашы сарбаздармен ашық кездесу өткізді.
Қорғаныс саласына қатысты бұл іссапар – нысандардың қазіргі жағдайын көзбен көріп, мәселелерді нақты зерделеуге бағытталған. Депутат тарапынан барлық көтерілген түйткілдер тіркеліп, Парламенттің бейінді комитеті арқылы Үкіметке жеткізілетін болады. Әскери қызметтің сапасы мен абыройы – мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы қорғанысының негізі екені тағы да айқындалды.