Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасына (көтерілісіне) 35 жыл толып отыр. Мұның бәрі де Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Михаил Сергеевич Горбачевтің солақай содыр саясатының кесірінен болған жайт еді. 1986 жылғы 16 желтоқсанда өткен биліктің сұрқия әрекетіне шыдамай бейбіт түрде наразылық білдіріп, әділет іздеген жастар Алматыдағы Леонид Ильич Брежнев атындағы орталық алаңға шығып, тоталитарлық режимге ашық қарсылық көрсетті. Сөйтіп, өздерінің ұлтжандылық, патриоттық сезімдерін паш етті. Қанды көтеріліс асқан қатыгездікпен аяусыз басып-жаншылғанымен, желтоқсаншы жастардың сол бір ерлігі қалың жұртшылық жадында жатталып қалғаны анық. Әсіресе, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев секілді жастардың есімдерін халқы мәңгілікке ұмытар емес.
Осы бір қанды оқиғаның күәгері, желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде Марат Асылбековтің де есімін айтып өткен жөн. Тасарық ауылында тұратын, Т.Тоғысбаев атындағы жалпы орта мектебінің білікті де білімді, тәжірибелі ұстазы Марат Асылбеков директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Білім саласы мен шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі орасан зор. Ұжымға сыйлы, өзіндік беделі бар азамат. Қолынан түлеп ұшқан шәкірттері еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр.
Марат Асылбековтың білім, жас ұрпақты тәрбиелеу саласындағы еңбегі бағаланып, түрлі марапаттарға ие болған. Сонымен қатар жуырда Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы ҚР Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы №540 жарлығына сәйкес «Патриоттық қозғалыс Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестіктің куәлігіне ие болып, «Желтоқсан ардагері» деген статус алды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскенін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп айтқан болатын. Осы сөздің өзі желтоқсан оқиғасына қатысушыларға деген құрмет пен тағзымның ерен белгісі іспеттес.
Марат Асылбеков жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысып, жас ұрпақты отансүйгіштік пен патриотизмге баулитиын өнегелі әңгімелерін айта бермек.