Елімізде АЭС салу тақырыбы қоғамда қызу талқылануда. Әлбетте, бұқара тарапынан түрлі пікірлердің айтылуы қалыпты жағдай. Өздеріңіз білетіндей, 6 қазанда жалпыұлттық референдум өткізіліп, тұрғындар өз таңдауын жасайтын болады. Осы орайда аудандандағы қоғам белсенділері атап айтқанда аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев, аудандық мәслихат депутаттары С.Маженов, Д.Омаров, Е.Жабаев, «Өгем» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Абдешов аудандағы кәсіпкерлермен кездесті. Үгіт-насихат және түсіндірме жұмыстарының барысында барлық өзекті ақпарат қатысушыларға қарапайым тілмен жеткізіліп, көкейде жүрген сұрақтарға ғылыми фактілерге сай жауап берілді. Жалпы, кәсіпкерлердің басым көпшілігі АЭС құрылысының энергиялық тәуелсіздікке жетелейтінін түсініп, барынша қолдау білдіруде.
Аудандық мәслихат депутаты Д.Омаров АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумның өткізілуі – елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына үлес қосып отырған үлкен қадам екенін, мемлекетіміздің әрі қарайғы дамуын айшықтайтын жобаның халық талқысына шығуы – мемлекеттік маңызы бар істе барлық азаматтың үнін есту дегенді білдіретінін айтып өтті.
«Өгем» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Абдешов қазіргі кезде Қазақстанда электр энергиясын өндірудің негізгі көзі көмірмен жұмыс істейтін станциялар болып табылатынын, олардың үлесіне елдегі өндірілетін электр энергиясының шамамен 70 пайызын құрайтынын, электр қуатын тұтынудың жылдық өсімі 3 пайызға тең екенін, көмір станцияларының тозу деңгейі 70 пайызға жетіп отырғанын кездесушілердің назарына салды.
Қоғам белсенділері бұл мәселеде атом энергиясына балама жоқ екенін түсіндіре отырып, ел қуатын арттыруда және оның жарқын болашағын қамтуда азаматтық жауапкершілік танытып, таңдау жасауда белсенділік танытуға шақырды.
