Қай мемлекеттің болсын қуаты мен әлеуеті оның табиғи байлығымен ғана емес, ең алдымен заманауи инфрақұрылымының даму деңгейімен айқындалады. Инфрақұрылым – экономиканың қантамыры, өндіріс пен кәсіпкерліктің тірегі, халықтың әл-ауқатын арттыратын негізгі факторлардың бірі. Жол, электр желісі, ауыз су, газ, байланыс, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инженерлік жүйелер – мұның барлығы елдің тұрақты дамуының ажырамас бөлігі.
Соңғы жылдары Қазақстанда өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Елдің барлық аймақтарында жаңа тұрғын үйлер салынып, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жөнделіп, ауылдарға сапалы ауыз су жеткізу, газдандыру, электр желілерін жаңарту, әлеуметтік нысандар салу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін ең алдымен инфрақұрылымды дамыту қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейту, инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңарту, ауыл мен қала арасындағы даму алшақтығын азайту бағытында кешенді бағдарламалар қолға алынды.
Бүгінде елімізде тек жаңа нысандар салу ғана емес, бұрыннан бар инженерлік жүйелерді жаңарту да басты міндеттердің біріне айналды. Себебі сапалы жол – қауіпсіз қозғалыстың кепілі болса, сенімді электр желісі мен таза ауыз су – халықтың жайлы өмір сүруінің негізгі көрсеткіші. Ал жаңа мектептер, спорт кешендері мен медициналық мекемелер қоғамның әлеуметтік дамуына серпін береді.
Қазақстанда соңғы жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, тұрғын үй құрылысы бағдарламалары, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жобалары, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы сияқты ірі мемлекеттік жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламалардың барлығы халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Инфрақұрылым тек құрылыс саласы емес. Ол – экономиканың барлық саласын байланыстыратын кешенді жүйе. Жаңа жол салынса, кәсіпкерлік дамиды. Электр қуаты тұрақты болса, өндіріс көлемі артады. Ауыз су мәселесі шешілсе, халықтың денсаулығы жақсарады. Жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілсе, тұрғындардың өмір сүру деңгейі көтеріледі.
Осыған байланысты өңірлердегі әрбір құрылыс нысаны, әрбір инженерлік жоба ел дамуына қосылған маңызды үлес болып саналады.
Өңірлердің өркендеуі – елдің өрлеуі
Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан облысы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Облыста өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және құрылыс салаларымен қатар инфрақұрылымдық жобаларға да ерекше көңіл бөлінуде.
Жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері, спорт кешендері салынып, елді мекендердің инженерлік желілері жаңартылуда. Автомобиль жолдары жөнделіп, жаңа тұрғын үй массивтері бой көтеруде. Мұндай жобалардың барлығы халықтың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, инвестиция тартуға және кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етуде.
Облыстың осындай қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі – Төлеби ауданы.
Табиғаты көркем, туристік әлеуеті жоғары Төлеби ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік және құрылыс салаларын қатар дамытып отырған өңірлердің бірі саналады. Соңғы жылдары аудан көлемінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды.
Аудандағы автомобиль жолдарын жөндеу, ауыз су жүйелерін жаңарту, тұрғын үй құрылысы, жаңа мектептер мен спорт кешендерін салу, электр және кәріз жүйелерін жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Төлеби ауданының жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 1110 шақырымды құрайды. Мұндай ауқымды жол желісін күтіп ұстау және кезең-кезеңімен жаңарту – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды міндеттердің бірі.
Биыл аудан көлемінде жалпы ұзындығы 59,4 шақырым болатын 43 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, ауылдар арасындағы қатынасты жақсартып, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге бағытталған.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың тағы бір маңызды бөлігі – ауыз сумен қамту жүйесін жаңғырту. Қазіргі таңда Диханкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ауданның 13 елді мекенінде су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.
Су бұру және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына да ерекше назар аударылуда. Үш елді мекенде су ағар жүйелері салынса, тағы үш елді мекенде жаңа аяқжолдар салынып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына жағдай жасалуда.
Бұл жұмыстардың барлығы ауданның заманауи келбетін қалыптастыруға және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді инфрақұрылымдық саясаттың бір бөлігі болып табылады.
