Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн», – деді.
Қазір еліміздегі қала шаруашылықтарының энергетика, көлік инфрақұрылымдары әбден тозған. Осыдан 80-90 жыл бұрын салынған жылу және электр қуатын өндіретін отандық стансалардың жағдайына назар салсақ, олардың да барлығы дерлік ескірген. Енді қанша жамап-жасқасақ та, салған қаржымыз құмға сіңген судай еш нәтиже бермейтіні айдан анық. Ал Президент жаңа экономикалық жүйеге өтетінімізді мәлімдеді. Енді жаңа өндіріс, жаңа өнеркәсіп өнімдері пайда болуы тиіс. Ол үшін бірінші кезекте электр қуаты қажет. Сол қуат жеткілікті болуы үшін энергия өндіретін әртүрлі стансалар салынуы керек. Солардың бірі – атом электр стансасы.
Қазақстанда АЭС салу арқылы мынандай мүмкіншіліктерді пайдалануға болады. Біріншіден: Жерді тиімді пайдалану: АЭС бірдей қуаттылықтағы күн және жел электр станцияларына қарағанда айтарлықтай аз аумақты алады. Бұл ауыл шаруашылығына, орман шаруашылығына және басқа да мақсаттарға арналған құнды жерлерді сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Екіншіден: Үлкен су қоймаларын құруды және аумақтарды су басуын қажет ететін су электр станцияларымен салыстырғанда АЭС құрылысы табиғи ландшафтқа азырақ әсер етеді.
Үшіншіден: Су қорларын сақтап қалу: 1. Заманауи АЭС-та жылу электр станцияларымен салыстырғанда тұщы суды тұтынуды айтарлықтай төмендететін тұйық сумен жабдықтау циклі пайдаланылады. 2. АЭС кейбір өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жылу электр станцияларына қарағанда су қоймаларына зиянды заттарды тастамайды.
Осыларды ескерсек, ұтылмайтынымыз рас.
Мәди НӘБИЕВ, Төлеби аудандық БЖСМ жаттықтырушысы.