Биыл Түркістан облысындағы медициналық нысандарға мұқият талдау жүргізілді. Белгілі болғандай ауылдық жерлердегі тұрғындарға көмек көрсету нысандарының бірқатары әбден тозығы жеткен. Кейбір елді-мекендерде тіпті жоқ. Бұл проблема халықтың тиісті деңгейде ем қабылдауына кері әсерін тигізеді. Біршамасы аудан орталығына қарай сабылады. Сондықтан да арнайы талдаулар нәтижесінде өңірімізге 122 жаңа нысан салудың қажеттілігі анықталып отыр. Жауапты министрлікке осы 122 нысанға зәрулік бар екенін көрсетіп, ұсыныс жолдағанбыз. Нәтижесінде 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің жалпы 49-ының құрылысы басталатын болды. Қалған 73 медициналық нысанға кешенді жоспар әзірлеуді қолға алдық. Себебі барлығын бірнеше жылда соғуға қаражат жетпейді. Келес ауданына — 20, Мақтааралға — 12, Жетісайға — 11, Қазығұртқа — 7, Сарыағашқа — 7, Түлкібасқа — 6, Төлебиге — 5, Сауранға — 2, Бәйдібек, Созақ пен Отырарға бір-бірден жаңа құрылыс медициналық нысандары қажет.

Мәселені жылдам шешудің жолы – инвесторлардың ықпалы болмақ. Атамекен Кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалымен аталған жұмыстарды үйлестіру жайы қаралды. Басқарма мамандарын және өңірдің кәсіпкерлерін қатыстырып, жан-жақты талқыладық. Енді ғимараттар бой көтеретін елді мекендер мен инфрақұрылымы тереңірек зерделенеді. Медициналық пункт, ФАП, дәрігерлік амбулаторияның жобалық сметалық құжаттары бірыңғай үлгіде дайындалып, ұсынылады. Бұл шараларды басқарма мен палата өкілдерінен құрылатын жұмысшы тобы бірлесе атқаратын болады.

Жоспар орындалған жағдайда инвесторлардың күшімен қаншама елді-мекенде медициналық жаңа нысандар ел игілігіне қызмет ететін болады. Меніңше, тиімді әрі жақсы бастама. Тек денсаулық саласында ғана емес, білім және мәдениет бағыттарында да осы тәсілді іске асыру керек деп ойлаймын. Өйткені көптеген ауылдарда аталған бағыттағы ғимараттардың тапшылығынан салалардың дамуы кенжелеп тұр.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі
Түркістан Денсаулық Сақтау Басқармасы
Түркістан облысының кәсіпкерлігі — Бизнес в Туркестанской области