Қарапайымдылық пен табандылық – бұл қасиеттер еңбекті сүйген, халыққа қалтқысыз қызмет еткен жандардың бойынан табылады. Осындай жандардың бірі – ауданымыздың ардақты пошташылары. Олардың әр күні – ауыл тіршілігінің тынысын сезініп, әр үйдің есігін қуанышпен қағудан басталады. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін осы мамандықты абыроймен атқарып келе жатқан олар тек пошта қызметкері ғана емес, елдің аманатын арқалаған шын мәніндегі еңбек адамдары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Еңбек адамы – елдің арқа сүйер тірегі. Біз нағыз еңбек ерлерін ардақтауымыз керек». Осы сөздердің шынайы көрінісін олардың өмір жолынан көруге болады. Олар өз еңбегімен ел алғысына бөленіп, адал қызметімен жұртшылықтың жүрегінен орын алған жандар. Бүгінгі заманда байланыс құралдары сан түрлі болып дамып жатса да, ауыл халқына қызмет ететін пошта саласының маңызы мен қадірі әлі де ерекше. Әсіресе шалғай елді мекендердегі тұрғындар үшін пошта қызметі — тек хат-хабар емес, зейнетақы, газет-журнал, түрлі түбіртектер мен ресми құжаттарды жеткізетін сенімді көпір. Осы қызметті абыроймен атқарып келе жатқан Бірінші Мамыр ауылдық пошта байланыс бөлімшесі — соның айғағы.
Бұл бөлімшенің басшысы — Раушан Құралбекова Тағайқызы. Ол 1967 жылы Сайрам ауданында дүниеге келген. 1990 жылы Бірінші Мамыр ауылына келін болып түскеннен бері, осы ауылдың тіршілігіне белсене араласып келеді. Қолы шебер Раушан жас кезінде тігіншілікті кәсіп етіп, кейін консерві жабу цехында маңдай терін төгіп еңбек етті. Ал соңғы он жылдан астам уақыт бойы ауылдық пошта бөлімшесін басқарып келеді.
Раушан Тағайқызының басшылығымен пошта қызметі тиянақты ұйымдастырылып отыр. Оның қарамағындағы үш бірдей пошташы ауыл ішінде және округке қарасты елді мекендерге табанды қызмет көрсетіп келеді. Олар — өз ісіне берілген, тәжірибелі де адал мамандар.
Пяткина Людмила — пошта саласында 20 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ардақты қызметкер. Ауылдың тыныс-тіршілігімен етене таныс, зейнеткерлер мен көпбалалы аналардың да, жастардың да сүйікті пошташысы. Ал ерлі-зайыпты Болат пен Гүлмира Сапақовтар бұл салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп, ауыл халқына шын көңілмен қызмет көрсетіп жүр. Олар үшін пошта жұмысы — жай ғана кәсіп емес, өмірлік миссияға айналған.
Бөлімше өз қызметін Бірінші Мамыр ғана емес, оған қарасты Ынтымақ, Бейнеткеш және Жаңажол ауылдарының халқына да ұсынады. Бұл ауылдардың тұрғындары күнделікті хат-хабар, мерзімді басылымдар мен түрлі төлем құжаттарын осы пошташылар арқылы алады. Әр үйге дер кезінде жеткізілетін зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік қызметке байланысты құжаттар — барлығы да пошта арқылы жетіп отырады.
Раушан Құралбекова басқаратын ұжым ел сенімін ақтап, әр күнін жауапкершілікпен өткізуде. Көбіне шалғай жатқан ауылдарға қиындықпен жететін бұл мамандардың еңбегі көзге көрінбей қалғанымен, ел жүрегінде үлкен алғысқа ие.
Бірінші Мамыр пошта байланыс бөлімшесі — халқына адал қызмет етіп отырған нағыз еңбек ұжымы. Олар күннің ыстығына да, қыстың ызғарына да қарамай, уақытымен қызмет көрсетіп, елге шапағат дарытып жүр. Міне, осындай қарапайым да қадірлі жандардың арқасында ауыл өмірі өз арнасында ағып жатыр. Халықпен бірге, хатпен бірге — пошта қызметі әрдайым елдің жүрегінде.
Берекелі отбасы — елге үлгі
Бірінші Мамыр ауылының ардақты жұбы — Раушан Құралбекова мен Бақараев Болат саналы ғұмырларын бірге өткізіп келеді. 1990 жылы ауылға келін болып түскен Раушан жолдасы Болат екеуі алты перзентті тәрбиелеп өсіріп, қыз ұзатып, келін түсірді. Бүгінде немере сүйіп, ұрпақ қызығына бөленіп отырған өнегелі отбасы — ауылдастарына үлгі, жастарға тәрбие мектебі. Сыйластық пен сабыр, еңбек пен адалдық — бұл әулеттің берік іргетасы.