Бүгін, Шымкент қаласында 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне және Рахымберді Оңғаровтың 70 жасқа толуына орай, зейнеткер ардагерлер арасында бильярд ойынынан ашық турнир өтті.
Турнирді Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров салтанатты түрде ашып беріп, «Құрметті ардагерлер, бильярд клубының ашылуына қош келдіңіздер! Бильярд – физикалық күш-қуатты ғана емес, логикалық шеберлікті талап ететін интеллектуалдық ойын. Сондықтан, мұнда осал ойыншы болмайды. Жарысқа қатысушы ардагерлер арасында тартысты ойын болатынына сенімдімін», – дей келе жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнирге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, өңірдің қоғамдық өміріне белсене ат салысып жүрген зейнеткер ардагерлер қатысты.
«Қазақстан Республикасының спорт бильярды федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалының төрағасы Нұрлан Айтымбетов ойын ережесімен таныстырып қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған спорт сайысында ардагерлер турнир басталған сәттен дәлдік пен ептіліктерін көрсетіп, жақсы ойын өрнегімен жарыс көрігін қыздыра түсті. Жарыс жеңімпаздары арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.