Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық болса, адам — қоғамның басты байлығы болып табылады. Мемлекетіміз ең бастығы қазынасы – халықтың денсаулығын сақтау мақсатында көптеген бағдарламалар түзді. Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын әзірледі.
Барлық ауылдық елді мекендерді бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру есебінен қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы теңгерімсіздікті қысқарту бағытындағы жоба аясында 2024 жылы Төлеби ауданында 5 медициналық нысанның құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Олар: Диханкөл, Кеңесарық, Жаңажол, Зертас, Аққұм елді мекендерінде 4 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 дәрігерлік амбулатория.
Төлеби ауданында жалпы 55 денсаулық сақтау мекемесі бар. Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға биылғы жылы 45 млн теңге бөлінді.