АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
✅Төлеби ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі — ауыз су мәселесі. Көктем, жаз мезгіліндерінде ауыз су тұтынудың көлемі артуына орай, су тапшылығы орын алуда. Аталған мәселені шешу мақсатында қосымша ұңғыма қазылып, бұлақ көздерінен су құбырлары тартылуда.
↪️Бүгін, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов «Алатау» мөлтек ауданы тұрғындарымен кездесіп, халықтың арыз-шағымына назар аударды. Тіршілік нәрінің тапшылығына қатысты халықтың наразылығын тыңдап, сала басшыларына мәселенің шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Екі сағатқа созылған пікір алмасуда аудан басшысы адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді екенін, әлемде су қоры азайып бара жатқанын, бұл мәселе өзектілігін жоғалтпағанын түсіндірді. Сондай-ақ, Ленгір қаласы халқын таза табиғи ауыз сумен қамту бағытында атқарылатын жоспарларымен таныстырды.
✅Аудан халқының ауыз суға тұрақты қол жеткізе алмауына аудандық әкімдік өз тарапынан алаңдаушылық танытып, проблеманы сөзбен емес іспен шешуге барынша атсалысып жатыр.
Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелері адамзат үшін аса маңызды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – балалар.
Кейбір елдердегідей аса қат болмағанмен, Қазақстанда да ауыз су проблемасы бар. Дегенмен еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Ол карталарда қай жерден, қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сол аймақтағы жерасты суларының барша қоры сияқты деректер көрсетілген. Гидрогеология деген – осы жерасты суларының пайда болуын, орналасуын, құрамы мен қозғалыс заңдылықтарын зерттейтін ғылым.
Жерасты су қорының толығуы жауын-шашын қорымен, мұздықтармен қатар, тұщы су көзі бар үлкен өзендердің әсерінен болады. Біздің елімізге ондай үлкен өзендер, яғни Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария өзендері көршілес елдерден, атап айтқанда, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келеді. Демографиялық өсімге байланысты және су тұтыну көздерінің көбеюінен бұл сулардың қоры жылдан-жылға азаюда. Мұны рационалды пайдалану мемлекетаралық келісімдермен реттеледі.
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі