Қазақтың «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген сөзіне лайықты азаматтар көп. Соның бірі Түркістан облысы Төлеби ауданы тау етегіндегі Кеңесарық ауылының тумасы Жомарт Кеуенов. «Ата көрген оқ жонар» демекші, бабаларының қанына сіңген көне дәстүр – құсбегілікті жалғастырып, жас ұрпаққа насихаттап жүрген Жомарттың есімі төлебиліктерге жақсы таныс. Тіпті облыс, республика көлмінде өтетін сайыстарда аты шығып жүр.
Ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтын бұл өнер ежелгі заманнан бері атадан балаға жалғасып келе жатыр десек, бұл сөз тікелей Кеуеновтер отбасына арналып айтылғандай. Өйткені Жомарттың өзі «Менің естуім бойынша 4 атамның ұрпағы құсбегілікпен айналысып, бізге жеткен. Ал оның алдындағы бабаларымның да саятшылық құрмағанына күмәнім жоқ» дейді. Әсіресе 95 жасында дүниеден өткен әкесі Паң ақсақалды осы төңіректе білмейтін жан жоқ. Өмірінің соңына дейін саятшылықпен шұғылданған Паң атаның аттың үстінде қолына бүркіт қондырған бейнесі ел есінде сақталған. Ол кісінің нағашы жұрты да белгілі құсбегілер ретінде танылған. Паң ақсақал Кеңес заманында Сайрамсу өңірінде қыран құстарды баптау ісін жалғастырған жалғыз құсбегі еді. Қазір оның ісін ұлы Жомарт пен немересі Талғат жалғастырып отыр. Екеуі де Шымкент қаласындағы ұлттық спорт мектебінде сабақ береді. Иә, саятшылықтың қыр-сырын жас ұрпаққа ұмыттырмай, мейлінше дәріптеп жүрген осындай әулет біздің Төлеби ауданында болғаны жерлестерінің бойына мақтаныш сезімін ұялатса керек.
Жомарт Кеуенов бүгінгі таңда Ғани Ахметбаев басқаратын Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің саят бөлімінде жұмыс істейді. Саятшылықтың өзі 2004 жылы ұлттық спорт ретінде танылды. Ал саят бөлімі 2007 жылы ашылып, міне содан бері шәкірттеріне саятшылық дәстүрінің мың сан құпияларын үйретіп келе жатқан Жомарт бұл сала сабыр мен төзімділікті талап ететінін айтып қалды. Айтса айтқандай, құс баптаудың өзі қиямет қиын екен. Еркіндікті қалайтын құстарға деген қызығушылық пен сүйіспеншілік болмаса оларды қолға үйрету оңай емес. Балапанынан баптап, баулу асқан шыдамдылықты талап етеді. Құстың жаратылысы нәзік болғандықтан тағамын да талғаммен беру қажет. Олай болмаған жағдайда құстар арасында кездесетін ауруға шалдығып, үмітті ақтай алмасы анық. Сол себепті дер кезінде жемдеп, дәрілерін уақтылы ектіріп, таза ауада серуендетіп, ерекше күтім жасап отырады.
«Өзімде дәл қазір 2 бүркіт, 2 қаршыға, 2 ителгі бар. Тазыны да асыраймыз. Қаршыға мен ителгіні көбіне кекілікке саламыз. Ерекшелігі – ителгі ұзақ ұшқанға жақсы. Ал қаршыға жемтігін жақыннан, 100 метр қашықтықтан алады. Дәл қазір ақпан айында Ақтөбе қаласында өтетін республикалық жарысқа дайындалып жүрміз», дейді Жомарт Кеуенов. Әр саланың өз проблемасы болатыны сияқты Жомарт құстарына азық пен дәрумендерін өз қаржысына тауып береді. Оның баптауындағы құстар тек табиғи әрі жеңіл өнім тұтынатындықтан көбіне құстың еті мен жұмыртқасын шала пісіріп береді. Тәулігіне 6-7 кг ет қажет етеді. Сайыстарда облыс пен республикамыздың намысын қорғап жүрген құстарды спорт басқармасы өз қорғауына алып, азығы мен күтіміне қаржы бөлдіріп, жағдай жасаса, ұлттық өнерімізге жасалған қамқорлық деп түсінер едік.
Жомарттың Сейдулла, Төлен есімді перзенттері де әкелерінің қолқанатына айналған. Құс баптаудың қыр-сырын бала күнінен көріп өсті. Қолдары қалт еткенде туған жердің төсіне шығып, құстарын жаттықтырады. Олардың бұл өнерін ауыл жастары да қызықтап, тамашалайды.
Ұлттық спорт түрін жаңа қарқынмен дамытуға, төл өнерімізді төрге шығарып, қоғамда дәріптеуге ерекше мән беріп отырған Кеуеновтар отбасымен осылайша танысып, табиғат аясында саятшылықтың көріністеріне куә болып қайттық. Мені құстардың алғырлығы, сезімталдығы, иесінің тапсырмаларын бұлжытпай орындайтын жауапкершілігі қайран қалдырды. Құс екеш құста да иесіне бауыр басу, алыстан көру, есту қасиеттері дамыған екен. Тұғырда отырған құстың егесіне құлағын тосып, тапсырма күтіп отырғаны маған қызық көрінді. «Әй, кел-кел!» деп айқайлағаны сол еді, қиқулай ұшып барып, жемтігін көз ілеспес жылдамдықпен іліп түсті.
Д.ХАНГЕЛДІ.
