Қайда саяхаттауды білмей жүрсіз бе, онда Түркістаннан Әбу-Дабиге ұшуды таңдаңыз. Әбу-Даби – Түркістан – Әбу-Даби бағыты бойынша жаңа маршрут іске қосылып жатыр.
Түркістандағы Халықаралық әуежайдан 2024 жылдың 16 қаңтарынан бастап алғаш рейс ұшады.
Баспасөз конференциясына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, YDA Group авиация саласындағы бас директоры және Басқарма мүшесі Хамди Гювенч, «Wizz Air Abu Dhabi» Ұлттық компаниясының коммерциялық аға менеджері Крислен Кери, Әбу-Даби қаласының туризм және мәдениет департаментінің өкілі Тимур Сусаров қатысты.
Жаңа әуе рейсінің билет бағасы wizzair.com сайты мен мобильді қосымшасында сатылымда. БАӘ-нің 159 дирхамынан қазақ валютасымен есептегенде 19 мың теңгеден басталады. Онда да ертерек қамдансаңыз. Биыл 8 қаңтардағы жағдай бойынша алғашқы рейске 168 әуе билеті сатылған. Рейстер сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері, яғни аптасына 3 рет орындалады деп жоспарланып отыр.
Жиын барысында әуекомпанияның өкілі Крислен Кери Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі әрі тарихи қала Түркістанды Орта Азиядағы танымал желілер қатарына қосу туралы баяндап, жаңа бағыттың таныстырылымын жүргізді. Әбу-Даби – Түркістан өнімі және оның мүмкіндіктері туралы ақпараттар ұсынылды. Тікелей әуе рейсі – Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан азаматтары үшін де, қонақтар үшін де туристік әлеуетті дамытуға мол үлес қоспақ.