Түркістанда 2023 жыл қорытындыланып, барлық сала бойынша жылдың үздіктері марапатталды. Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Дархан Сатыбалды еңбегімен дараланған азаматтарды марапаттады. Үздіктер қатарынан Төлеби ауданы, Ленгер қаласы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасы тәрбиешісі Оразымбетова Дидар Сахибекқызы көрініп, «Жылдың үздік тәрбиешісі» номинациясының жеңімпазы атанды.
Дидар Сахибекқызы — өз мамандығын жетік меңгерген маман. Бүлдіршіндердің жүрегіне жол таба білген білікті тәрбиеші. Бала жанының бағбаны Дидар Сахибекқызы 32 жыл тәрбие ісімен айналысуда. Жауапкершілігі жоғары, ізденімпаздығы мықты, іскерлігімен әріптестеріне сыйлы азаматша.
Кәсіби байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Өткізген әрбір оқу іс — әрекетін шығармашылық тұрғыдан жоспарлап, жүйелі түрде балаларға қызықты, тартымды етіп өткізеді. Өзінің біліктілігі мен педагогикалық шеберлігін арттыру мақсатында үнемі ізденісте жүреді. Оқу іс — әрекеттерді талапқа, жоспарға сай ізденімпаздықпен өткізіп отырады. Республикалық, облыстық, аудандық және балабақшаішілік өткізілген іс – шараларға белсене қатысып, жүлделі орыннан көрініп, аудан әкімінің, облыс әкімінің «Алғыс хаттарымен», Грамоталармен марапатталған.