Жуырда «Түркітілдес журналистер қорының» кезекті дүбірлі медиа форумы өтті.
Алматыда өткен үш күндік үлкен форумға алыс-жақын мемлекеттерден сарапшылар, ел ішіндегі екі жүзге жуық сала мамандары бас қосып, геосаяси ахуалдар мен әскери қақтығыстар, пандемияның зардаптары, климат өзгерісі, медиадағы бәсекелестік, ақпараттық кеңістіктегі заманауи мәселелер мен талаптарды, жаңашылдықтарды сарапқа салып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Мақсатымыз – түбі бір түркі елдерін жақындастыру», деген қор президенті Нәзия Жоямергенқызы форум атауын «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» аталуының бірнеше себебі барын айтты.
«Түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі болуы тиіс. Себебі, кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері. Соңғы кездері соғыстар, пандемия, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақапарттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы Қазақстанмен қатар әлемдік журналистиканың басты проблемасына айналған», — дейді қор басшысы.
«Бүгінгі медиа форумда біз Қазақстан мен түркі елдерінен жиналған әріптестерімізбен бірге медиа саласындағы түйткілдер мен оларды шешудің жолдарын қарастырып, ортақ жобалар жасауды кеңестік. Басты мақсатымыз – түбі бір түркінің тарих, руханият, өнер, экономика мен саясатын түркі халықтарына насихаттау, оларды жақындастыру. Өкінішке қарай, 70 жылға жуық үстемдің құрған Кеңестер одағы бауырлас халықтарды бір-біріне жат қылды. Әліпбиін өзгерту арқылы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, башқұрт, қарақалпақ тағы басқа ұлттардың арасындағы бауырластық байланысты үзуге тырысты. Біз, түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салуымыз қажет. Ол үшін қысқамерзімді және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделіміз», — деді Нәзия Жоямергенқызы.
«Журналистика шекараға бағынбайды, Түркі елдерінің медиасын дамыту үшін онлайн журналистиканың мүмкіндіктерін пайдалану қажет», дейді форумға келген белгиялық журналист Юсуф Джинал.
«Бір кездері Жібек жолы арқылы сауда жасағандар сонымен қатар ақпарат жеткізушілер де болатын. Біз журналистер ақпаратты бір дереккөзден алып, екінші бір дереккөзге жеткізушіміз. Осы қызметті атқару барысында бізге жүктелген жауапкершілік пен зор миисия бар. Біз өзіміздің діліміздің, тіліміздің, еліміздің өкілі боламыз. Қазір Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ өзінің міндетіне алып, атқарып отыр. Мен өзім Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет етемін. Өз мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, өзіміз үшін әрі Түркі мемлекеттері үшін түрлі жоспар құрып, жүмыс істей аламыз. Әлбетте ол үшін өзіміздің қарым қабілетіміз бен білім біліктілігімізді біріктіруіміз қажет», — деді еуропалық журналист.
Оның пікірінше, Түркі мемлекеттерінің БАҚ-тарында бірлесіп, жұмыс істеу үшін көп мүмкіндік бар. Мәселен, бауырлас елдер медиа нарығына қажетті кадрларды даярлап, тәжірибе алмасу, дейді.
«Біздің алдымызда үлкен мүмкіндіктер бар. Соны моральдық және материалдық тұрғыда өз пайдамызға жарата аламыз. Сол арқылы елімізді дамытуға үлес қоса аламыз. Бір мысал айтайын, бүкіл әлемдегі жақұт нарығын дамыған елдің бірін Белгия құрып отыр. Жақұтты өңдеу өте қиын, жауапкершілікті талап етеді. Сол үшін мамандарды Үндістанды оқытып, тәжірибе жинатты. Бүгінде ең мықты мамандар сол елде. Журналистер үшін біз де солай жасай аламыз. Мысалы, Алматыда отырған бір журналист Еуропаның кез келген еліндегі медиада жұмыс істей алады. Яғни маңызды ақпараттарды, түркі елдеріне ортақ құндылықтарды насихаттай аламыз. Алдағы уақытта Түркітілдес журналистері қорымен бірлесіп Еуропадағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірқатар жұмысты қолға аламыз. Мұндай жобаларды Түркиядағы әріптестермен бірлесіп жасап жүрміз, ендігі кезек Қазақстанда», — деді Юсуф Джинал.
Бұған дейін 2023 жылдың тамызында Түркітілдес журналистер қоры Қазақстан, Ұлыбритания, Германиямен бірігіп Дүниежүзілік баспасөз ассоциациясын құрған болатын. Бүгінгі күні бұл қауымдастыққа Қазақстан төрағалық етіп отыр.
«Басты мақсат – қазақ журналистерін әлемдік деңгейде дамыту, халықаралық БАҚ және медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге ортақ жобаларды жүзеге асыру. Соңғы кездері отандық БАҚ өкілдеріне қысым мен шабуыл жиіледі. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қоры қажет болған жағдайда қазақ журналистердің құқын Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы арқылы әлемдік деңгейде қорғауды көздейді. Бүгінде мың құбылған әлем бірігуге, бір болуға мәжбүрлейді. Қазақтың «бөлінгенді бөрі жейді» деуі тегін емес. Сондықтан бауырлас халықтармен іргеміз ажырамасын. Біз, қазақ журналистер, түбі бір түркінің медиа саласын бірге дамытуға күш салайық», — деді форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорын мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясының президенті Нәзия Жоямергенқызы.
Еске сала кетейік, «Turktime: түркі мемлекеттерінің медиа бірлігі» тақырыбына ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумының ұйымдастырушылары — «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association – WFPA), серіктесі — «Шеврон» компаниясы. Форумға Қазақстанның барлық облыс, аудандарынан, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Бельгия, Британия, Нидерланд елдеріндегі түркітілдес БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЖОО журналистика факультеттерінің декандары мен оқытушылары қатысты. Отандық және шетелдік медиа сарапшылар Түркі мемлекеттерінің ақпараттық ынтымақтастығы, кәсіби этика, құқық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылап, контентті монетизациялау мәселелері, жасанды интеллект трендтері мен оны медиа кеңістікте қолдану тақырыбында тренингтер өткізді. Сондай-ақ, қаржы тақырыбындағы «Еркін сөз»-2023 және «Әлеумет – қоғам айнасы» 2023 байқауларының жеңімпаздары анықталды.
