Ауылдың өркендеуі ең алдымен оның инфрақұрылымының дамуымен өлшенеді. Таза ауыз су, сапалы жол, электр жарығы, табиғи газ, денсаулық сақтау нысандары, спорт кешендері, инженерлік-коммуникациялық желілер мен қоғамдық кеңістіктер – мұның барлығы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды факторлар. Сондықтан бүгінде елімізде ауылдық аумақтарды кешенді дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда ауылдарды жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламалары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, ауылдық денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі ұлттық жобалар – осының барлығы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Бұл жұмыстар Түркістан облысының ауылдарында да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Халық саны жылдан-жылға өсіп келе жатқан өңірде жаңа тұрғын алаптарын инженерлік желілермен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, медициналық нысандар салу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері ерекше маңызға ие.
Осындай жүйелі жұмыстар Төлеби ауданына қарасты Аққұм ауылдық округінде де жүргізіліп келеді. Табиғаты қолайлы, ауыл шаруашылығы дамыған округ соңғы жылдары инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуымен жаңа даму кезеңіне қадам басты.
Аққұм ауылдық округінің құрамына бірнеше елді мекен кіреді. Олардың әрқайсысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Инженерлік желілердің жаңаруы, жолдардың жөнделуі, көшелердің жарықтандырылуы және әлеуметтік нысандардың бой көтеруі ауылдардың келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатына да оң ықпал етуде.
Соңғы жылдары округте инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Момынай елді мекеніндегі жаңа тұрғын массивтеріне ауыз су, электр энергиясы және басқа да инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл – жаңа қоныстанушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, округтің алдағы жылдардағы даму әлеуетін арттыратын маңызды жоба.
Жол – ауыл экономикасының күретамыры. Сондықтан Аққұм ауылдық округінде көлік қатынасын жақсарту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Момынай және Жаңаұйым елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы төрт шақырым жол жаңартылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Момынай ауылындағы Ақтас көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалды.
Инфрақұрылым тек жолмен шектелмейді. Қазіргі заманғы ауылдың басты белгілерінің бірі – көшелердің жарықтандырылуы. Осы бағытта Аққұм ауылындағы Әли ата көшесінің 1,6 шақырымы мен Момынай ауылындағы Д. Бекбауов көшесінің 2,5 шақырымына түнгі жарық шамдары орнатылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кешкі уақытта еркін қозғалуына және ауылдың көркін арттыруға мүмкіндік берді.
Ауылдың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында Аққұм ауылының кіреберісіне жаңа арка орнатылды. Мұндай нысандар ауылдың өзіндік келбетін айқындап, тұрғындардың туған жерге деген мақтаныш сезімін арттыруға ықпал етеді.
2025 жылы да Аққұм ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатқа жүздеген миллион теңге бөлініп, жаңа жобаларды іске асыру көзделген.
Олардың қатарында Аққұм ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілуі ерекше маңызға ие. Заманауи медициналық мекеме тұрғындарға алғашқы медициналық көмекті сапалы әрі қолжетімді түрде көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Момынай елді мекенінде жаңа спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Бұл ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға тың серпін береді.
Электр инфрақұрылымын жетілдіру бағытында Ащы көшесіне жаңа электр желілері тартылуда. Ал Аққұм–Жаңатұрмыс және Аққұм–Көксәйек бағытындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеу ауылдар арасындағы байланысты жақсартып, тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.
Инфрақұрылымның тұрақты дамуы ауылдың инвестициялық тартымдылығын да арттырады. Инженерлік желілері толық тартылған, жолдары сапалы, әлеуметтік нысандары жеткілікті елді мекендерге кәсіпкерлер де көбірек қызығушылық танытады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл экономикасының нығаюына ықпал етеді.
Аққұм ауылдық округінің алдағы дамуында каналдарды тазалау, су шаруашылығы жүйесін жетілдіру, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салу, көшелерді жарықтандыру және жол инфрақұрылымын жақсарту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Аққұм ауылдық округі тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасына айналып келеді.
