Облыста жыл сайын жаңа мектептер ашылуда. Өңірде 83 мың педагог еңбек етіп жатыр. Дегенмен білім ұйымдары мен оқушылар санының артуына байланысты маман тапшылығы сезіледі. Сол себепті облыс басшысы білім сапасын көтеріп, ұстаздардың біліктілігін арттыруды тапсырған болатын. Биыл 100-ге жуық түркістандық мұғалім Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинарға жіберілуде. Ұстаздар шетелдік озық әдіс-тәсілдерді меңгеру мақсатында халықаралық рейтингі жоғары оқу орындарында курстарға қатысып бастады.
Бұл жұмыстарды елімізде де жүргізуді жоспарлап, педагогикалық кадрларды даярлаудың қара шаңырағы және 100 жылға таяу тарихы бар Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін арнайы таңдадық. Осы шараларды үйлестіру үшін Алматы қаласында іссапармен болдық. Университет ректоры Bolat Tilepпен кездесіп, келісімге келдік. Меморандум аясында 2024-2025 оқу жылында 5 мыңдай педагог академиялық сағаттарға қатысады. Аудан, қалалардағы мұғалімдер 15 пән бойынша іріктеледі. Одан бөлек, 60-тан астам мектеп директоры мен 200-дей директор орынбасары менеджмент бойынша шеберлігін шыңдайды. Кесте құрып, бекітіледі. Соған сай толық тәжірибеден өтеді.
2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде өңірде 63 мектеп салынады. Бұл мектептерге қабылданатын педагог қызметкерлері де университетке семинарларға жіберіледі. Мұғалімдердің тек білім берумен айналысуына жан-жақты қолдаулар жалғаса береді.