Адамзат тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс. 1939 жылы басталған алапат соғыс әлемнің көптеген елдерін қамтып, миллиондаған адамның өмірін жалмады. Ал 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, соғыс кеңестік халықтардың тағдырына тікелей әсер етті. Осы күннен бастап майдан мен тылдағы күрес басталып, халық бар күш-жігерін Жеңіс үшін жұмылдырды.
Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстың ауыртпалығын толық көтерді. Ресми деректер бойынша елімізден бір миллионнан астам адам майданға аттанды. Олардың жүз мыңдағаны туған жеріне қайта оралмады. Қазақстандық жауынгерлер Мәскеу түбіндегі шайқаста, Ленинград қоршауында, Сталинград майданында, Курск доғасындағы ұрыстарда және Берлинді алуда ерекше ерлік көрсетті. Қазақ жерінен шыққан батырлардың есімі бүгінде тарих беттерінде алтын әріппен жазылған.
Жеңіс күні – жай ғана тарихи дата емес. Бұл – қан майданда қаза тапқан боздақтарды еске алу күні, бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын қасиетті мереке. 1945 жылдың 9 мамырында Германия толық тізе бүгіп, адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс аяқталды. Сол күннен бастап 9 мамыр – Жеңіс күні ретінде әлем тарихына енді.
Тылдағы еңбек те майдандағы ерлікпен тең болды. Ер азаматтардың көбі соғысқа кеткен кезде ауылдағы барлық ауыр жұмыс әйелдер мен қарттардың, жасөспірімдердің иығына түсті. Олар күн-түн демей еңбек етіп, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Сондықтан Жеңіс – майдандағы жауынгер мен тылдағы еңбеккердің ортақ жеңісі.
Түркістан өңірі де Жеңіс жолында өлшеусіз үлес қосты. Соғыс жылдары қазіргі Төлеби ауданы аумағынан мыңдаған азамат майданға аттанды. Олардың арасында ауыл мұғалімдері, колхозшылар, жастар, түрлі мамандық иелері болды. Көпшілігі сұрапыл шайқастарда ерлікпен қаза тапса, аман оралғандары елді қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысты.
Бүгінде Төлеби ауданындағы көптеген ауылдарда майдангерлерге арналған ескерткіштер орнатылған. Бұл – ел үшін жанын қиған азаматтарға деген халық құрметінің белгісі. Ардагерлердің өмір жолы жас ұрпақты отансүйгіштікке, елін қорғауға және бейбітшіліктің қадірін білуге тәрбиелейді.
Сол бір отты жылдардың куәгері болған майдангерлердің бірі – Бектұров Орынтай Бектұрұлы. Оның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол қиындыққа мойымаған, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған, соғыста да, бейбіт еңбекте де адалдықтың үлгісін көрсеткен азамат еді.
Орынтай Бектұрұлының тағдыры арқылы біз майданға аттанған мыңдаған қазақ жауынгерінің өмір жолын көреміз. Олар туған жерін, ата-анасын, отбасын артқа қалдырып, Отан қорғауға аттанды. Қаншама қиындық көрсе де рухын түсірмеді. Өйткені олардың жүрегінде туған елге деген сүйіспеншілік пен Жеңіске деген сенім болды.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бейбіт аспаны – сол боздақтардың ерлігінің жемісі. Сондықтан майдангерлердің есімін ұлықтау, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу – қасиетті міндет. Әсіресе туған жерден шыққан ардагерлер туралы деректерді жинақтап, насихаттау жастардың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды орын алады.
«Ер есімі – ел есінде» дейді халқымыз. Шынында да, ел үшін еңбек еткен, Отан үшін от кешкен азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Олардың ерлігі уақыт өткен сайын жаңғырып, ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бектұров Орынтай Бектұрұлы да сондай құрметке лайық тұлғалардың бірі. Оның соғыстағы батырлығы мен бейбіт өмірдегі адал еңбегі бүгінгі және келешек ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді.
ЕР ЕСІМІ ӨШПЕЙДІ
Адам ғұмыры – артында қалған ізімен өлшенеді. Ел үшін еткен еңбек, жер үшін төгілген тер ешқашан ұмытылмайды. Осындай өнегелі ғұмыр иесі, Ұлы Отан соғысының және тыл ардагері Бектұров Орынтай Бектұрұлының өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, кейінгіге мұра.
Ол 1919 жылдың 5 мамырында қазіргі Түркістан облысы, Төлеби ауданына қарасты Көксәйек ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ел басына күн туған ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, жастайынан еңбекке араласып, өмірдің ащы-тұщысын ерте татып өсті. 1936 жылы алған аз ғана білімін тоқтатпай, сауатсыздықты жою науқанына белсене қатысып, ауыл арасында білімін шыңдай білді. Бұл – оның алға ұмтылған қайсар мінезінің айқын көрінісі еді.
Жастайынан еңбекқорлық пен жауапкершілікті ту еткен Орынтай атамыз Бүкілодақтық Ленин Коммунистік Жастар одағының қатарына қабылданып, ел ісіне белсене араласты. Ауыл тіршілігінің қайнаған ортасында жүріп, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білді. Жетім-жесірге сүйеу болып, айналасына жылулық сыйлаған оның адамгершілігі көпшілікке үлгі еді.1939 жылы Киров атындағы канал құрылысына қатысып, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Жастарды жұмылдырып, тылдағы еңбекке аянбай кірісті. Осы еңбегі еленіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Алайда елге қауіп төнген шақта ол тыныш еңбекті тәрк етіп, Отан қорғау жолын таңдады.Әскери комиссариатқа өз еркімен өтініш жазып, атты әскер қатарына қабылданды. Алғашқы күндерден-ақ жігерлілігімен ерекшеленіп, жауынгерлер арасында беделге ие болды. Ат құлағында ойнаған шеберлігі үшін командирлері оны «Қазақ батыры – Амангелді» деп атап, ерекше сенім артқан.
1941 жылдың 22 маусымы – ел тарихындағы қаралы күн. Сол күні басталған сұрапыл соғыс Орынтай атамызды да от пен оқтың ортасына алып келді. Белоруссия жеріндегі қиян-кескі шайқастарға қатысып, жан алып, жан беріскен сәттерді бастан өткерді. «Жауынгер рухын катюшалардың үні көтеретін» деп еске алатын сол күндер оның жадында мәңгі сақталды.1943 жылдан бастап ол қатысқан бригада талай қалаларды азат етіп, жеңіс жолында алға жылжыды. Чернигов, Ровно, Ярославль қалаларындағы шайқастарда ерлік көрсетіп, ақыры Берлинге дейін жетті.
Жеңіс күнін қарсы алу – әр жауынгердің арманы еді. Сол арман орындалып, елге жеңіспен оралды. Соғыс жылдары оның кеудесін орден-медальдар көмкерді. Менің әкем «Қызыл Жұлдыз» орденінің иесі. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – елге аман оралу, туған жердің топырағын қайта басу еді. Бейбіт өмірде де Орынтай әкем қарап қалған жоқ. Төлеби ауданындағы «Победа», «Сейфуллин» колхоздарында түрлі қызмет атқарып, елдің еңсесін көтеруге үлес қосты. Қай қызметте жүрсе де адалдық пен еңбекқорлықты ту етіп, кейінгіге өнеге көрсетті. Соғыстан алған жарақаттары денсаулығына әсер етсе де, рухы ешқашан сынған емес. Ол – жүзінен мейірім төгілген, сөзі салмақты, жүрегі кең, шыншыл да ашық адам болды. Өмірдің барлық қиындықтарына төтеп беріп, ұрпағына бейбіт өмірдің қадірін ұғындырды. Шымкент қаласындағы Абай саябағында орналасқан «Даңқ» мемориалында оның есімінің қашалып жазылуы – ерлікке берілген мәңгілік тағзым. Бұл – тек бір адамның емес, тұтас бір ұрпақтың ерлігіне қойылған ескерткіш.
«Ер есімі – ел есінде» деген сөз бекер айтылмаған. Орынтай Бектұрұлының өмір жолы – Отанға деген адалдықтың, елге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оның соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегі – бүгінгі ұрпаққа аманат. Атаның артында қалған ұрпағы өсіп-өркендеп, оның есімін мақтан тұтады. Бұл – нағыз бақыт. Себебі ердің аты – ел жүрегінде, ұрпақ жадында мәңгі сақталады.Тәуелсіз еліміздің көк туы әрдайым биікте желбіреп, бейбітшілік пен береке орнай берсін. Әкеміздің өмір жолымен мақтанамыз. Ержүрек аталарымыздың ерлігі ұмытылмай, ұрпақ санасында жаңғыра берсін.
ҚОРЫТЫНДЫ
Бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы – кешегі майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегінің нәтижесі. Сондықтан олардың есімін ұлықтау, ерлігін жас ұрпаққа насихаттау – баршамыздың азаматтық парызымыз. Орынтай Бектұрұлы сынды ардагерлердің өмір жолы бізге Отанды сүюдің, адал еңбек етудің және қандай жағдайда да адамдық қасиетті жоғалтпаудың үлгісін көрсетеді.
Жылдар өтсе де, уақыт алға жылжыса да ерлік ұмытылмайды. Батырлардың өнегелі ғұмыры ұрпақ санасында мәңгі сақталып, тәуелсіз Қазақстанның тарихымен бірге жасай береді. Ер есімі – ел жадында, ерлігі – ұрпақ жүрегінде. Сондықтан да Орынтай Бектұрұлының жарқын бейнесі туған жерінің тарихында мәңгілік құрметпен атала бермек.
