Көксәйек ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің бастығы — Тұрсын Жанар Жұмаділқызының еңбек өтілі 15 жылға жуықтап қалды. Ол өз ісіне адал, жауапты басшы ретінде халықтың алғысына бөленіп келеді. Қарамағында төрт тәжірибелі пошташы еңбек етуде: Сәуле Есембекова, Ергеш Игембердиев және Светлана Азимбаева, Социал Жәнібеков. Бұл ұжым Көксәйек, Қазақстан, 8 Март, Жіңішке және Тұрсынбай, сонымен қатар Жоғарғы Ақсу ауылдық округіндегі Мәдени мен Сарқырама ауылдарына пошта қызметін жеткізіп, тұрғындардың ризашылығына ие болып жүр.
Сәуле апайдың пошта саласындағы еңбек өтілі — 40 жылдан асады. Зейнет жасына жетсе де, ел аралап, газет-журнал жеткізіп, халыққа адал қызмет көрсетіп жүрген жан. Оның маңдай тері мен қажырлы еңбегі — жастарға үлгі.
Социал Мәдени мен Сарқырама елдімекендерінің пошташысы. Өте еңбекқор жан.
Бүгінде пошта қызметі заманауи технологиялармен жабдықталып, компьютер арқылы жұмыс істеу айтарлықтай жеңілдеген. «Компьютер өмірімізге енгелі бері жұмысымыз жеңілдеді», — дейді Жанар. Оның жолдасы да кезінде пошта саласында еңбек етіп жүргенде екеуі танысқан екен. Қазіргі таңда олар төрт перзент тәрбиелеп отырған жас, тату отбасы.
Айта кетерлігі, жыл сайын өткізілетін баспасөз науқанында бөлімше қызметкерлері белсенділік танытып келеді. Аудандық аурухана мен ауылдағы балабақшалар, сондай-ақ зейнеткерлер газет-журналдарға жазылып, жоспарды орындауға сүбелі үлес қосып жүр. Бұл — пошта қызметкерлерінің ауыл тұрғындарымен тығыз байланысының, өзара сенім мен ықыластың нәтижесі.
Ауыл халқына адал қызмет етіп жүрген пошта бөлімшесі — бірлігі жарасқан еңбек ұжымы. Олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Д.ХАНГЕЛДІ.
