«ӘКЕММЕН СЫРЛАСУ» ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШІ ӨТТІ

✅Аудандық Жастар ресурстық орталығы ғимаратында аудандық білім бөлімінің «Әкелер мектебінің» ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламент Мәжілісі бірінші шақырылымының депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақтың «Әкеммен сырласу» атты кітабының тұсаукесері мен әдеби-сазды кеші өтті.

↪️Кездесу барысында ақынның жаңа туындысының тұсаукесер рәсімі өтіп, автордың қатысуымен әдеби қойылым қойылды. Әкім Ысқақ өз сөзінде әке мен бала арасындағы рухани байланыстың маңыздылығына тоқталып, кітаптың жазылу тарихымен бөлісті. Кездесуде қатысушылар тарапынан жылы лебіздер айтылып, кітаптың терең мазмұнына қатысты пікірлер ортаға салынды.
Әдеби кешке қатысқан аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров және аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев қатысып, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.

↪️Автордың отызға жуық кітаптары жарық көріп, мектеп оқулықтарына бірнеше шығармалары енгізілді. Сондай-ақ туындылары бірнеше тілге аударылды. Ең бастысы, Әкім Ысқақ – сайыпқыран сықақшы.

©️Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі