2025 жыл – елімізде «Еңбек адамы, жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Бұл бастама қарапайым, бірақ қоғам үшін өте маңызды мамандық иелерінің еңбегін насихаттауға, олардың мәртебесін көтеруге бағытталған. Ел ішіндегі тыныштық пен тірліктің берекесін жасап жүрген осындай жандардың бірі – Тасарық ауылдық округіндегі пошташы, ақынжанды азамат, қоғам белсендісі Сұлтан Қонысбаев. Ол – нағыз насихаттауға лайықты еңбек адамы. Күнделікті қарапайым қызметтің артында үлкен жауапкершілік, шынайы адалдық, туған жерге деген махаббат пен шығармашылықтың үйлесімі жатыр. Оның еңбегі мен адами болмысы – жас ұрпаққа үлгі, ауылдастарына мақтаныш. Еңбек адамы қашанда ерекше құрметке лайықты.
Тасарық ауылдық округіндегі «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Сұлтан Қонысбаев – ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген, сенім артқан азаматы. Ол тек пошташы емес, ауыл өмірінің жаңалықтарын, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін газетке жеткізіп, ел ішінде рухани көпір болып жүрген бірегей тұлға. Сұлтан ағайдың әр күні — қозғалыс, байланыс, жауапкершілікке толы. Ол ауыл тұрғындарына мерзімді басылымдарды уақытылы жеткізіп, үлкен кісілердің, ауыл тұрғындарының тапсырыспен келетін сәлем-сауқатын аман-сау табыстап жүрген жан. “Жүргенге жөргем ілігер” дегендей, соның арқасында жаңалықтардан кенде емес, үнемі ақпарат ағысында.
Сұлтан Қонысбаев – жүрегінде иманы бар, ниеті түзу, сөзі мен ісі бір жерден шығатын адал азамат. Ол кісінің өмір салты – қарапайымдылық пен еңбекке негізделген. Ауыл тұрғындары оны шын ниетпен құрметтейді, өйткені ол ешқашан ерекшеленуге тырыспайды, керісінше, халықпен бірге тыныстап, бірге еңбек етеді. Оның табиғатқа жанашыр жан екенін де айта кету керек. Үйінің маңайын көгалдандырып, бау-бақша егіп, тал-терек отырғызатын Сұлтан ағай табиғатты сүйеді. Оның ауласы – жаз мезгілінде жасыл желекке оранып, ауылдың көркіне көрік қосып тұрады. Өз ісімен үлгі бола білген азаматтың бұл әрекеті – айналасын сұлулыққа бөлеп, өзгелерге ой салатын өнеге. Еңбегі еленген ел ағасы Сұлтан Қонысбаевтың жанқиярлық еңбегі – көзге көрінерлік, еленуге лайық. Ауыл поштасының тұрақты жұмыс істеуі, тұрғындардың газетке қол жеткізуі, рухани жаңалықтарды жедел білуі – осы кісінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ол өзі көрген, естіген, сезген нәрсенің бәрін ұқыпты түрде жеткізіп, шындықты халыққа ұсынып отырады. Сұлтан Қонысбаев – қарапайым қазақ ауылының алтын тірегі. Ол жүрегімен қызмет етіп, сөзімен де, ісімен де ауылдың рухын көтеріп жүрген жан. Осындай азаматтар барда ауыл тіршілігі мәңгілік болады. Оның адалдығы, шығармашылығы мен ерен еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Хат тасушы емес, халықтың жаршысы
Тасарық ауылдық округіндегі «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде көп жылдан бері табан аудармай қызмет етіп келе жатқан Сұлтан Қонысбаев – елге елеулі, жұртқа сыйлы азамат. Ол поштаның ресми міндетін ғана емес, ауылдың рухани тіршілігінің жүгін де көтеріп жүрген санаулы жанның бірі. Сұлтан ағай әрбір газет пен журналды иесіне уақтылы жеткізіп, ауыл тұрғындарын аудан, облыс, ел жаңалықтарымен дер кезінде таныстырып отырады. Үлкен кісілердің аманатын, алыстағы ұл мен қыздың сәлемін шапшаң әрі мұқият жеткізу – оның күнделікті әдетіне айналған. Оның арқасында ауыл оқшауланып қалмай, қоғаммен тығыз байланыста өмір сүріп келеді. Сұлтан Қонысбаев – жүрегі жырға толы, табиғи талант иесі. Ол ауылдың аяулы тұлғалары – мұғалімдер мен еңбек адамдарының бейнесін өлеңмен өріп, оқырманға ұсынады. Оның әрбір жырында шынайылық, тазалық пен туған жерге деген терең сүйіспеншілік сезіледі. Оның мақалаларынан елге деген жанашырлық, қарапайым адамның қадірін білу, ауыл тіршілігін шынайы көрсету айқын аңғарылады. Сұлтан ағайдың жазғандары – ертеңгі күннің құнды шежіресі. Адалдық пен қарапайымдылық — өмір ұстанымы. Сұлтан Қонысбаев — иманы жүрегінде орныққан, адал да сабырлы адам. Ешқашан артық сөзге, дарақылыққа бармайтын, ісімен елге үлгі болып жүрген азамат. Қарапайым қалпымен-ақ елдің құрметіне ие болған ол – шын мәнінде, ауылдың арқа сүйер тұлғасы. Ауылдастары да, ағайын-туыстары да Сұлтан ағайды ерекше сыйлайды. Оның адамгершілігі, әр іске жауапкершілікпен қарайтыны, өзгеге қамқор бола білетіні – бәрі бір ауылдың береке-бірлігін арттырып отырған қасиеттер.
Тамыры терең тәрбие — отбасыдан. Сұлтан Қонысбаев көпбалалы, еңбекқор отбасынан шыққан. Әкесі мен анасы – адал еңбекпен өмір сүрген жандар, балаларына тектілік пен тәртіптің үлгісін көрсете білген. Сол көрген тәрбиесін Сұлтан ағай да өмірлік ұстанымына айналдырған. Бүгінде өзі де өнегелі әке, мейірімді ата. Келіншегімен бірге ұл-қыздарына дұрыс тәрбие беріп, оларды да адал еңбекке, адамгершілікке баулып отыр. Отбасындағы сыйластық, ұрпаққа деген қамқорлық – олардың шаңырағының берік негізі. Ата-анадан алған тәлімді өз балаларына дарыта білу – нағыз әке болмысы.
Поштасы бар ауыл – рухани тынысы бар ауыл: Қазіргі таңда еліміздің шалғай ауылдарында пошта бөлімшелерінің бірінен соң бірі жабылып жатқаны – алаңдатарлық жағдай. Мұндай елді мекендерде тұратын халық мерзімді баспасөзге жазыла алмай, зейнетақы мен төлемдерді кешігіп алуда, әкімдік пен халық арасындағы байланыстың үзіліп қалғанына наразы. Бұл – тек хат-хабардың тоқтауы емес, ауыл тіршілігінің әлсіреуі. Бірақ бұдан өзгеше бір мысал бар. Ол – Тасарық ауылы. Бұл ауылда «Қазпошта» бөлімшесі әлі күнге дейін үздіксіз жұмыс істеп тұр. Оның басты себебі – өз ісіне шын берілген, адал да жанашыр пошташылардың тынымсыз еңбегі. Олар – пошта қызметін тек жалақы үшін емес, ел игілігі үшін атқарып жүрген санаулы азаматтар. Қарапайым еңбек – үлкен жауапкершілік. Сұлтан ағай күн демей, жаңбыр мен аяз демей, ауыл адамдарына газет-журналын, зейнетақысын, хат-хабарын уақтылы жеткізіп беруді әдетке айналдырған. Ол әр үйдің жағдайын біледі, әр қарияның сәлемін жеткізеді, әр оқырманның сүйікті басылымын дер кезінде қолына тигізеді. Бұл – сөзбен айтуға оңай болғанымен, үлкен еңбек пен жауапкершілікті қажет ететін іс. 2025 жылдың екінші жартыжылдығына жазылым науқаны қарқынды жүріп жатыр. Пошташылар бұл науқанды да өз деңгейінде ұйымдастырып, ауыл тұрғындарына баспасөздің маңызын түсіндіріп келеді. Зейнеткер қариялар, мұғалімдер, ауыл еңбеккерлері – бәрі Сұлтан ағайдың ықыласы мен жауапкершілігінің арқасында сүйікті газеттеріне қайта жазылып жатыр. «Газет келсе – ауыл тірі» дейтін халық. Расында, поштамен бірге ауылға жаңалық келеді, ақпарат келеді, елмен байланыс үзілмейді. Бұл – рухани тыныс. Сұлтан ағайдың еңбегі – тек пошта тарату емес, халықпен арадағы алтын көпірді жалғау. Ол ауыл әкімдігі мен тұрғындар арасындағы жаңалықтардың, ресми құжаттардың дер кезінде жетуіне де дәнекер. Қаншама ауылда пошта жабылып, байланыс үзіліп жатса да, Тасарық сияқты елді мекендерде пошта тіршілігі тоқтамаған. Бұл – ел ішіндегі нағыз еңбек адамдарының арқасы. Пошта — бұл ауылдың тынысы. Ал сол тынысты үзбеу – Сұлтан Қонысбаев сияқты адал жандардың мойнындағы миссия. Олар тек хат тасушы емес, ауылдың шынайы рухын тірілтіп жүрген жанашырлар. Сондықтан оларды бағалау, үлгі ету — әрқайсымыздың парызымыз.
Мақаланы С.Қонысбаевтың Мекке-Мәдина қаласына барғанда шығарған жүрекжарды жырымен аяқтаймыз.
Алланың игі ісіне асық ет,
Өмірге ғажап мынау ғашық ет.
Балам өсіп, орындалды тілегім,
Мекке барған сапарымды қабыл ет.
Ешбір жанға жасамадым қиянат,
Шүкір деймін — орындалды зиярат.
Ержеткенін дәлелдеді Дарханым,
Бұл күніме — тоба, шүкір, қанағат.
Қағба тасты айналғаным жеті рет,
Жас парлады — жылағандай жетімек.
Тіледім мен елімнің амандығын,
Тәуелсіздік тұғырымды бекем ет.
Тыныш өмір, татулық пен кең пейіл,
Сол байлықты бағаласақ — мол мейір.
Шүкір деймін әрбір күнге оянсам,
Сол да маған — Алла берген зор сыйың.
Д.ХАНГЕЛДІ.