Осыдан 2-3 жыл бұрын ғана Қаратөба ауылдық округіне қарасты Қостөбе ауылына іссапармен барғанымызда ауыл тұрғындары Қостөбе шағын жинақты орта мектебінің А блогы толығымен жарамсыз күйге түскенін, ауылға кіреберіс тұстағы көпірдің тозығы жеткенін айтып шырылдаған еді. Жақында осы екі мәселе де толығымен шешіліп, қостөбеліктер үшін көптен арман болған қос қуаныш орын алды.
Елді мекендердегі өзекті проблемаларды билік басына жеткізіп, шешілуіне ұйытқы болып жүрген Қаратөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділ Оразов пен Мықтыбек Жолаев көпір құрылысының сапалы жүргізілгенін, мектептің де толықтай жөндеуден өтіп, балалардың игілігіне берілгеніне өте қуанышты. Олар әсіресе асхана мен даладағы стадионның оқушылардың рақаты үшін қызмет етіп тұрғанын айтып қалды.
—2010 жылы пайдалануға берілген еңселі мектеп небәрі 2013 жылы жарамсыз күйге түсті. Бір блогы толықтай жабылды. Оның ішінде асхана да болатын. Содан бері балаларға асханадан тамақ ішу арман болды. Биыл осы мәселе түбегейлі шешіліп, жарқыраған жарық асханада бастауыш сыныптары тегін ыстық тамақ ішіп, жоғары сынып оқушылар өз қаржыларына жеңіл-желпі тамақтанып жүр. Олардың сабақтары біткенше нәр сызбай жүргеніне ата-аналары қиналатын еді. Қазір оқушылардың қарны, ата-аналарының көңілі тоқ,—дейді қариялар.
Ардагерлер мектеп ауласындағы жасанды газон төселіп, биік шарбақпен қоршалған стадионның да қызығын балалар денешынықтыру сабағында көріп жатқанын қуана жеткізді. «Қазір күздің жайма шуақты әдемі күндері жалғасуда. Балаларға іштегі спорт залда ойнауға еш себеп жоқ. Далада таза ауада, ашық стадионда жаттығып, денсаулықтарын шыңдап жүр. Немерелеріміз үшін осындай игіліктер жасалғанына біз де дән ризамыз» деді олар.
1,15 гектар аумақты алып жатқан 150 орындықты мектептің есік-терезелері, жылу құбыры, едені және шатырына дейін толық жаңартылған. Құрылысқа 480 миллион қаржы жұмсалған. Бүгінде бұл білім ұясында 137 бала білім алуда.
Ал Балдыберек өзені үстіне салынған көпір құрылысы да аяқталып, ел игілігіне берілді. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары өзеннің тасуы кезінде біршама қиындықтарға тап болған. Енді мұндай қиындықтарды еңсерген Қостөбе халқы балаларының сапалы білім, саналы тәрбие алуына, өздерінің руханиятын дамытуға күш салады деп ойлаймыз.