Бүгінде білім саласы өте өзекті болып тұр. Мемлекет тарапынан осы салаға айрықша мән беріліп отырғанымен, ел ішінде мектеп мәселесі төңірегіндегі шағымдар азаймай тұр. «Amanat» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутат ретінде өткізген кезекті қоғамдық қабылдауымда қозғалған мәселелердің барлығы дерлік білім саласына қатысты болғаны осыған дәлел. Төле би аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров пен аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев қатысқан көшпелі қоғамдық қабылдау Ленгір қаласындағы мәдениет үйінде өтті. Қабылдауға ауданның әр түкпірінен келген азаматтар көтерген 5 мәселе де білім саласына қатысты қозғалды. Атап айтқанда:
1. Алатау ауылдық округіндегі Төлепбек Назарбеков атындағы мектеп салынғалы бері күрделі жөндеу көрмеген екен. Бүгінде 510 оқушы тәлім алатын оқу орнының ескі ғимаратын жөндеуден өткізу үшін әуелі жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу керек. Мектеп директоры Н.Ділдәбаевтың айтуынша, оған шамамен 6,5 млн. теңге қаржы қажет.
2. Біркөлік ауылынан ақсақалдар алқасының төрағасы Әбдіманап Өтегенов бастап келген бір топ азамат ауылға жалпы орта мектеп салу қажеттілігінің туындағанын жеткізді. Олардың айтуынша, елді мекендегі оқушылар қазір орын жетіспеушілігінің салдарынан қиыншылық көріп келеді;
3.Қасқасу ауылдық округіндегі Бексейіт Түлкиев атындағы орта мектепке 3 шақырымнан аса қашықтықтан қатынап оқитын оқушыларды тасымалдауға көлік бөлу мәселесі көтерілді. Сонымен қатар мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ететін асхананы талапқа сай етіп ыңғайластыру шаруасы да күн тәртібінде тұр;
4.Ленгір қаласындағы «Дарын» мектебінің директоры Ләззат Нұрымбетова оқу орнына қосымша ғимарат құрылысының қажеттігін жеткізді. Құрылыс жүргізетін жер телімі дайын. Ал жобалық-сметалық құжаттамасын жасатуға қаржы қажеттігі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді.
5. Төлеби ауданында барлығы 69 орта мектеп болса, соның 36-сындағы қарауылдар «Әділет –Қорғау» күзет агенттігінің қызметкері болып табылады екен. Қоғамдық қабылдауға келген қарауылдар көптен бері жалақы ала алмай жүргенін, онымен қоса зейнетақы мен МӘМС төлемдерінің уақытылы аударылмай жатқанына шағымданды. Оның өзінде берілетін айлығы мардымсыз болғандықтан, жалақы көлемін көбейту мәселесі де қозғалды.
Қоғамдық қабылдауға қатысқан аудан әкімдігінің, «Amanat» партиясының Төле би аудандық филиалының өкілдері көтерілген мәселелерді бірлесе шешуге атсалысатындарын жеткізді. Азаматтардың арыз-шағымы мен талап-тілектерін өз тарапымнан қадағалауға алып, зерттеп, зерделейтін, оң шешілу жолдарын қарастыратын боламын.