ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЗАУЫТ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Киелітаста құны 115 миллиард теңгені құрайтын алюминий орамдарын өндіретін зауыт салынбақ
Өңір экономикасын әртараптандыру, өнеркәсіп өндірісін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу – еліміздің экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсартуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында шикізаттық экономикадан өңдеуші өнеркәсіпке кезең-кезеңімен көшудің, жоғары қосылған құны бар өнім өндірудің маңызын бірнеше рет атап өтті. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі алдағы жылдары Төлеби ауданында жүзеге асырылмақ.
Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен Киелітас ауылдық округінде салынатын алюминий орамдарын өндіретін зауыт құрылысына арналған тұрғындармен түсіндіру кездесуі өтті. Маңызды басқосуға инвестициялық жобаның бастамашысы Батырбек Көшербай, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдісаттар Әбдіхалықов, мемлекеттік мекемелердің басшылары, сала мамандары, депутаттар, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – тұрғындарды ауқымды инвестициялық жобаның мазмұнымен таныстыру, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау, сондай-ақ өндіріс орнының әлеуметтік, экономикалық және экологиялық бағыттары жөнінде жан-жақты ақпарат беру болды.
Жиын барысында «QAZCOILPRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын өндірістік жоба кеңінен таныстырылды. Жобаның жалпы инвестициялық құны 115 миллиард теңгені құрайды. Бұл – соңғы жылдары Түркістан облысында ғана емес, жалпы еліміздің өңдеу өнеркәсібі саласында қолға алынған ең ауқымды инвестициялық жобалардың бірі.
Жоспарға сәйкес кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін алюминий орамдарын өндіретін Қазақстандағы ең ірі өндіріс орындарының біріне айналады. Қазіргі таңда мұндай технологиялық деңгейдегі әрі осындай көлемде алюминий орамдарын өндіретін зауыт Қазақстанда жоқ. Орталық Азия өңірінде ғана осындай өндіріс орындары жұмыс істейді. Сондықтан бұл жоба еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанды алюминийді терең өңдеу саласындағы жетекші мемлекеттердің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, өндіріс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 100 мың тонна алюминий орамын құрайды. Кейін екінші кезеңде өндіріс көлемі екі есеге артып, жылына 200 мың тоннаға дейін жеткізіледі. Бұл көрсеткіш зауыттың ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, дайын өнімді шетелдік нарықтарға экспорттауға мүмкіндік береді.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде 250-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл ең алдымен Төлеби ауданының тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін ұсынып, жастардың туған өлкесінде тұрақты жұмыс істеуіне жол ашады. Сонымен қатар өндіріс орнының ашылуы қызмет көрсету, логистика, құрылыс, көлік және шағын кәсіпкерлік салаларының дамуына да серпін береді.
Жоба Төлеби ауданының Киелітас ауылдық округінде жүзеге асырылады. Құрылыс жұмыстары 2026–2028 жылдар аралығында жүргізіліп, кәсіпорынды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Кездесу барысында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов мұндай ірі инвестициялық жобалардың аудан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, өндірістің дамуы – жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджет кірісінің артуына, инженерлік инфрақұрылымның жақсаруына және халықтың әл-ауқатының өсуіне тікелей ықпал етеді.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан зауыттың құрылысы, қоршаған ортаға ықпалы, санитарлық талаптар, экологиялық қауіпсіздік, өндірісте қолданылатын технологиялар, жұмысқа қабылдау тәртібі және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері бойынша көптеген сұрақтар қойылды.
Сала мамандары мен жоба бастамашылары әрбір сұраққа жан-жақты жауап беріп, кәсіпорында халықаралық экологиялық талаптарға сәйкес келетін заманауи технологиялар қолданылатынын түсіндірді. Өндірістік процестерде қоршаған ортаға келетін әсерді барынша азайтатын жабдықтар орнатылып, экологиялық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Сонымен қатар өндірістің барлық кезеңі қолданыстағы экологиялық заңнама талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылатыны жеткізілді.
Кездесу барысында инвесторлар кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жоспарларымен де бөлісті. Атап айтқанда, өндіріс орны іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беріліп, мамандарды даярлау, әлеуметтік жобаларды қолдау және өңірдің инфрақұрылымын дамыту мәселелері кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Бүгінде әлемдік экономикада алюминий өнімдеріне деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Аталған металл құрылыс, машина жасау, электр техникасы, авиация, теміржол, көлік және қаптама өндірісінде кеңінен қолданылады. Сондықтан мұндай өндіріс орнының ашылуы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеріп, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорттық әлеуетті ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өндірістердің іске қосылуы тек бір ауданның ғана емес, тұтас өңірдің экономикалық дамуына серпін береді. Өйткені ірі кәсіпорындар айналасында қосымша өндірістер, сервистік қызметтер, логистикалық орталықтар мен шағын және орта бизнес нысандары қалыптасады.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды алаңдатқан барлық мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, жобаның әр кезеңі заң талаптарына сәйкес, ашықтық қағидатымен жүзеге асырылатынын жеткізді. Сонымен қатар аудан тұрғындарының пікірлері мен ұсыныстары ескеріліп, қоғамдық бақылау тетіктері тұрақты жұмыс істейтінін атап өтті.
Құны 115 миллиард теңгені құрайтын бұл инвестициялық жоба – Төлеби ауданы тарихындағы ең ірі өндірістік бастамалардың бірі. Ең бастысы, Қазақстанда баламасы жоқ мұндай зауыттың Төлеби жерінде бой көтеруі ауданның инвестициялық тартымдылығының артқанын көрсетеді. Болашақта бұл кәсіпорын жаңа технологиялардың енгізілуіне, өндірістік мәдениеттің қалыптасуына, білікті мамандардың көбеюіне және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің нығаюына елеулі үлес қосады.
Сөз жоқ, Киелітас ауылдық округінде жүзеге асырылатын бұл жоба Төлеби ауданының ғана емес, Түркістан облысы мен бүкіл Қазақстанның өнеркәсіп саласындағы жаңа белесі болмақ. Экономикалық өсімге тың серпін беретін, жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтитын және жоғары технологиялы өндірісті дамытатын бұл бастама өңірдің индустриялық келбетін жаңа деңгейге көтеруге негіз қалайды.
