Төлеби аудандық Мәдениет үйінде Түркістан облыстық мәслихат депутаттары халықпен кездесіп, елге есеп беріп, аудан халқымен ашық пікір алмаса отырып, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Кездесуге аудан әкімі Төлеген Телғараев төрағалық етіп, жиынға қатысып отырған облыстық мәслихаттың VIII шақырылымның депутаттары Нұрлан Қозыбақов, Ханай Әшірбеков, Қанат Нышанов, Тойалиев Жандос таныстырды.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, ең бірінші облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай баяндама жасады. Ғалымжан Қамытбекұлы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1-1 тармағына сәйкес Мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп беруі қажеттігіне орай, ұйымдастырылған басқосуда депутаттар халықтың пікірін тыңдап, ұсынысын назарда ұстау мақсатында көшпелі мәжіліс түрінде өткізуді дағдыға айналдырғанын айтты.
Түркістан облыстық, республикалық бюджеттер есебінен Төлеби ауданын дамытып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті салаларына бөлінген қаржы бөлінгенін нақты фактілермен әңгімеледі.
Сұрақ – жауап форматындағы кездесуде аудан тұрғындары Ленгір қаласы №8 колледж ұстаздары спорт зал мен шеберхана қажеттігін, бұған қоса білім ошағының ғимараты апатты жағдайда тұрғанын айтып, көмек сұрады. Зағамбар ауылының тұрғыны елді мекенде Мәдени ошағының құрылысын жүргізіп, Бейнеткеш елді мекенінің көшесін асфальттауды өтінді. Қасқасу ауылының тұрғыны оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесін сөз етіп, ауыл жастарынан құрылған воллейбол командасын қаржылай қолдауды сұранды. Аудандағы мамандандырылған Дарын мектебіне қосымша ғимарат құрылысын жүргізу қажеттігін түсіндірсе, Аққұм ауылдық округіне фельдшерлік-пункт ғимаратын пайдалануға беруді өтінді. Қаратөбе елді мекенінің тұрғыны облыстық мәслихат депутаттарына алғысын жеткізсе, Кемеқалған елді мекенінің зейнеткер ұстазы Абай шағын жинақты мектебінің ғимаратын жаңартуға көмек сұрады. Ерекше балаларға демеушілік көрсетіп, қамқорлық танытып жүрген Ғалымжан Қамытбекұлына аналар алғысын жеткізді. Екпінді мен Қосағаш елді мекеніне спорт кешенінің құрылысын жүргізуді, Біркөлік елді мекеніне мектеп ғимаратын тұрғызуды сұранды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Төлеген Телғараев бір жарым сағатқа созылған есепті жиында көтерілген әрбір мәселе жергілікті атқарушы билік пен өкілді органның назарында болатынын айтып, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға алғысын жеткізді.