АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

🇰🇿 Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған Қанат Қалыбековты, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Азамат Мәлікті таныстырып, қызметтеріне сәттілік тіледі.

✅ Жиынның күн тәртібінде көрсетілгендей, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 4 ай қорытындысы жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов баяндады.
↪️ Мәжілісте ауданның кіріс бөлігін ұлғайтып, бюджеттің шығыс көздерін тиісті деңгейде игеру мәселесі сөз болды. Әр ауылдық округ жоспарланған бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, жұмыстарды дер кезінде аяқтауы қажет. Өнеркәсіп өнім көлемі қаңтар- сәуір айларында нақты 22 млрд 539 млн теңгеге, инвестиция 8 млрд 487 млн теңгеге, ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 476 млн теңгеге орындалды. Ауыл шаруашылығының өнім өндіру көлемі 9 млрд 221 млн теңгені құраса, мал шаруашылығында 6 млрд 707 млн теңгенің өнімі өндірілді. Рейтинг көрсеткіштерін талдау келесі аптадағы аппараттық мәжілісте талқыланады.

✅ Жаз мезгіліндегі ауыз су тапшылығын алдын-алуға бағытталған іс-шаралар жайында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев хабарлады.
↪️ Көктерек су тазалау имаратынан Ленгір қаласы тұрғындарының 30 пайызы, яғни 2320 абонент ауыз су тұтынады. Имараттан 8.7 мың м3 тәулігіне су беріледі. Көктерек су имаратынан келетін ауыз су 2320 абонентті толық қамту мүмкіндігі төмен, сапасы да сын көтермейді. Көтерілген мәселелердің шешу жолдары талқыланып, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.
Қарабастау бұлағынан 860 абонент су пайдаланады. Бұлақтың су көлемі 4.2 мың м3 тәулігіне. «Достық» елді мекеніндегі №1, №2, №3, №4 ұңғымадан 4212 абонент су тұтынады. Су көлемі 11.2 мың м3 тәулігіне. Үш су көзінен қала халқы 24.2 мың м3 тәулігіне су қолданады.
Жиында елді мекендерді ауыз сумен қамту барысында туындап отырған өзекті мәселелер сараланды. Аудандағы ауыз су мәселесінің шешу жолдарына қатысты сұрақтар келесі аптада өтетін жиында қосымша қаралып, талқыланады. Судың сапасы сынама арқылы тексеруді сала мамандарына тапсырылды.

✅ Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелердің орындалу барысын аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай таныстырды. Тапсырмалардың орындалуы жөнінде тұрғындар мен облыс әкімдігіне жауапты хаттар жолданылуда.

✅ Хаттар, «е-өтініш» және жеке қабылдауда көтерілген сұрақтарға қатысты атқарылған жұмыстарды аудан әкімі аппаратының әкімшілік және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Алмас Дүйсенбеков баяндады. Хаттарға, арыз — шағымдарға дер кезінде жауап берілу қажеттігі талқыланып, мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді.

✅ Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы ауданға инвестиция тарту, салық түсімдерін арттырып, демалыс аймақтарын салық төлеуші ретінде тіркеп, олардың мүлік салығын көбейту, салықтан жалтарушыларды анықтау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі