Түркістан облысында Өңірлік кадр резервін қалыптастырудың тәртіптері мен кезеңдерін түсіндіру мақсатындағы кездесу Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы-Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Балажанов Өркен Байділханұлы арнайы іс-сапармен келді.
Ашық, еркін форматта өткен кездесуде ҚР Президентінің 2023 жылғы 15 маусымдағы №255 Жарлығына сәйкес, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап Өңірлік кадр резервіне іріктеу басталғанын, үміткерлерді тіркеу 31 наурызға дейін жүзеге асатынын түсіндірді.

Жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға жас таланттарды тарту бағытында өтіп жатқан іріктеуге қатысушыларға қойылатын талаптарды әңгімелеп, 35 жастан аспаған мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 3 жылдан кем емес, жоғары білімді Қазақстан Республикасының азаматтары қатысып, бақтарын сынауға мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.

Ұсынылатын құжаттар тізімімен таныстырып, өтініш беру тәртібін түсіндірді. Өтініштер республикалық https://onir.pkrezerv.gov.kz платформасында онлайн тіркелу арқылы құжаттарды енгізе отырып немесе turkistan@onir.pkrezerv.gov.kz электронды почтасына жолдау арқылы жүзеге асады.

Кадр резервіне іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі: құжаттарды тіркеу, 5-9 сәуір заңнаманы білуге тестілеу, 13-14 сәуір аралығында жеке қасиеттерін бағалау тестілеуі, 22 сәуір -7 маусым құзыреттерді бағалауғ 25 сәуір -19 мамыр кандидаттарды тексеру құрылымдық сұхбатқа дайындық, 13-15 маусым құрылымдық сұхбат, 17 маусым резервке алу кезеңі.
· Тіркелу кезінде кандидат білімі туралы және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелерін, мемлекеттік басқарудың мүдделі саласын таңдайды, сондай-ақ заңнаманы білуге және жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуден өтуге жазылады. Кандидат қойылған талаптарға сай келген жағдайда (құжаттарды тапсыру сәтінде 35 жастан аспаған, жоғары білімі бар және еңбек өтілі кемінде 3 жыл Қазақстан Республикасының азаматы) іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.
Өңірлік кадр резервіне алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда орналаса алады. Өңірлік кадр резервінде болу мерзімі 2 жыл.

Жиын барысында Өркен Байділханұлы жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді екенін айтып, мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет екенін жеткізді.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі