Қазақта «Көкпарды атаңнан болса да тартып шап» деген сөз бар. Бұл көкпар рухының ашық бәсекелестік пен әділдікке негізделгенін білдіреді. Қауіп-қатері басым болса да жан-дүниеңді билеп алатын әуес-құмарлығы басым көкпарды шабатындардың да қызықтайтындардың да қатары жыл санап артып келе жатқанына қарап-ақ, бұл ұлттық ойынымыздың ешқашан саптан түспейтіне көз жеткіземіз.
Кеңес одағы тұсында дода көкпардың көркін қыздырып, көкпаршы атағы алысқа кеткен азаматтар аз болған жоқ. Сондай даңқты көкпаршылар біздің киелі Төлеби ауданымызда да баршылық. Оңтүстік өңірінде ғана емес, қырғыз, өзбек ағайындар ұйымдастырған көкпардың бел ортасында жүріп, тақымы тастай көкпаршы ретінде танылған қасқасулық көкпаршы туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Шымырбай көкпаршының қайраты тасып тұрған шағында тақымына басқан серкені екі-үш жігіт қолдаса тартып, жұлып ала алмайды екен.
Есін білгелі көкпар десе ішкен асын жерге қоятын ол төңіректе көкпар сиреп кетсе, додашыл атын баптап мініп, басқа облыстардағы, тіпті Қырғызстан мен Өзбекстандағы жаппай көкпарға тартып кете беретін болған. Шымырбай көкпаршыға еліктеп, көкпарда аты шыққан шәкірттері мен ізбасар інілері де аз болмапты. Мәселен Ұзынарық ауылында тұратын Қошқар деген лақап атымен танымал болған көкпаршы Айтбаев Темірханды ерекше атауға болады. Ол туралы жылы естелігімен: «Қошқардың марқұм анасы дарылдап қалған, аузын ашса жүрегі көрінетін кең адам еді. Балаларынан көп үміт күтті. Перзенттері де жақсы азамат болып ержетті. Бір күні Мәрия ана Қошқар баласын алып келіп, аузына түкіртті. Келесі жолы көргенімде «Әй, мына баладан көкпаршы шығатын түрі жоқ» деп маған қайта түкіртіп алғаны бар» дейді күліп Шымырбай көкеміз.
Қошқардан бөлек, кеңесарықтық Ақылбай Манкеев, Асанбай Жүнісов, қазақ қасқасулық Қуат Сүйімбаевтар кезінде Шымырбай Әуезбаевтың қасында жүріп, көкпардың қыр-сырын әбден меңгерген кәнігі көкпаршы болып шықты. Айтулы додалардың бірнеше дүркін чемпиондары.
Командалық көкпар ойынын дамытушы Шымырбай Әуезбаев Кеңес одағы тұсында Қазақстан құрама командасында Кеңес одағының бірнеше мемлекеттерінде, соның ішінде Ресей мен Украинаның біраз қалаларында болып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап келген. Ұлт көкпарының атын шартарапқа танытқан ол туған жерінің шын жанашыры, адал ұлы.
Жалпы, көкпарға жүректі, білекті жігіттер керек. Кез-келген адам көкпар шаба алмайды. Қауіп-қатерін айтпағанда, жарақат алып қалу қаупінің өзі өте жоғары. Осының бәріне шыдаймын, төземін деген жүрегінің оты бар жан ғана атқа қонса керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жас кезінде дәл осындай батыл жүректі азамат болған, бүгінде батагөй қариялардың өкшесін басқан ел ағасы деген ардақты атты абыроймен арқалап жүр.
Қасқасу ауылында 1949 жылы өмір есігін ашқан Әуезбаев Шымырбай балалық шағын былай еске алады:
— Әкем Жарылқап жылқышы болды. Соның әсері ме, бала күнімнен жылқыға әуес болдым. Әкемнің баптаған аттарын мініп, көкпар шаптым. Әкемнің әр тұлпарды қалай бағып, қаққанына дейін есімде. Бала күнімнен білемін, қай ауылда көкпар берілсе, сол ауылға қарай бір сиқырлы күш тартып тұратын. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, ауыл арасында шаба-шаба тәжірибелі көкпаршы болып шықтым. Аты елге мәлім, көкпарды ермек үшін, әуес үшін шабатын көкпаршылармен қатар шабытын деңгейге жеттім. Осылайша, ауылда, одан кейін ауданда, кейіннен облыста көкпар шауып жүріп көзге түстім. Көкпар ойынындағы ептілігім мен мықтылығымды ескеріп, 1982 жылы Қазақстанның құрама командасына алды. Содан 1988 жылға дейін Қазақстанның құрама командасында еліміздің намысын қорғап бақтым. Осы жылдары спорт шебері, Одақтың жеті дүркін чемпионы атағына ие болдым. 2006 жылы облыстық Ұлттық ойындар федерациясынан «Ұлы дала батыры» орденімен, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Президенті, ҚР Мәжіліс депутаты болған Бекболат Тілеуханның Алғыс хатымен марапатталдым. Сонымен қатар Түркістан облысының мәслихатының, Түркістан облысы денешынықтыру және спорт басқармасының, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттарына, былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Төлеби ауданының Құрмет грамотасына ие болдым. Құдай қосқан жарыммен 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Бүгінде немерелердің қызығына тоймай отырған жайымыз бар»,— дейді кезінде дақпырты елден елге тараған көкпаршы көкеміз.
—Ақпан айының 23-24 күндері Шымырбай атамыздың атындағы жастар арасында командалық көкпардан облыстық чемпионат Қасқасу ауылында ұйымдастырылуда. Аңыз адам Шымырбай ағамызды ұлықтауға ауданымыздың елім деген ерлері, құрмет тұтар шабандоз қауым, ағайын-тумалары, Төлеби аудандық мәслихатының депутаттары, облыстық көкпар федерациясы атсалысуда. Шымырбай көкпаршының өзі талай асқа барып, көкпар тартып еді. Ал бұл жолғы көкпар өзінің құрметіне арналмақ және дүрмекті ас берілмек. Келіңіздер, көкпар кереметін көріңіздер,—дейді дүбірлі доданы ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген, көкпар жанкүйері, Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы, депутаты Нұрлан Хамзаұлы.
Шымырбай Әуезбаев туралы бірқатар азаматтар да өз ой-пікірлерімен бөлісті:
—Шымырбай көкпаршыны алыстан талай тамашаладым, додаға дөп кіретін мұндай шабандозды көрген емеспін. Сырттан бақылап, ыңғайлы сәтін аңдып жүрер көкпаршылар болады, сосын бас-көз демей ат бүйірін тепкілей додаға тіке кіріп кетеді. Жай кірмейді, атты тақымдап, топты алқымдап, борша-боршасын шығарады да, көк серкені жұлып алып шығады. Қолы қарулы. Бала шақтан бойына аттың терi сiңген кәнiгi көкпаршы Шымырбай додаға келді дегенше, анау-мынау көкпаршыларың «Әй, бүгін бізге дәнеңе жоқ-ау» деп топтан сытылып шыға беретін. Шымырбай көкпаршы бар ғұмырын осы бір дала ойынына арнады. Бірақ, оның көкпар туралы пікірлерін, айтқандарын жинақтап, құрастырар жан болса, жас ұрпаққа берері мол, ұлттық ойынымызды насихаттайтын керемет дүние шығар еді. Шалқар шабандоз 70 жастан асса да әлі де ат үстінде арындап шаба бергісі бар. Дегенмен, заманына қарай ойын көркі жастардың еншісінде болғанын қалайды,—дейді көкпар жайын бір кісідей түсінетін, Шымырбай көкпаршының әр ойынын тамашалауға құмар құрдасы, сыныптасы, бауыры Ертай Пернеев.
—Төлеби ауданынының табиғаты тамаша Қасқасу ауылында дүниеге келген Шымырбай көкпаршының әкесі Әуезбай Жарылқап жылқышы болып, ал анасы үй шаруашылығымен айналысқан. Бала кезден жылқыларды жаны сүйіп, көкпарға қызығушылығы артқан және де осы спортты қолға алып, дамытқан. Жаппай көкпардан атақты ардагер шабандоз. 1978 жылы отау құрып, қазіргі таңда 5 перзентінен сүйген немерелерін тәрбиелеп отыр. Жастайынан көкпар ойынынан жүлделі орындар алып, 1982 жылдан бастап Қазақстан Републикасының құрама командасының сапында өнер көрсеткен. Көкпардан Кеңес Одағының VII дүркін жеңімпазы. Жаппай көкпардан атақты шабандоз. Көкпарды ұмыт қалдырмай, жас ұрпақты тәрбиелеуде бірқатар жетістіктерге жетіп отыр. Солардың бірегейі ретінде тәрбиелеген ізбасарлары, атақты спортшылар Шоқанов Шадияр, Манкеев Ақылбай, Айтбаев Темірхан, Ізбасаров Сырым, Бәкірбаев Сабыржан т.б. атауға болады. Қазіргі таңда Шымырбай Әуезбаев атындағы жастар арасындағы облыс чемпионаты биыл үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Келіп, жанкүйер болыңыздар,—дейді көкпар федерациясының Түркістан облысы бойынша Президенті Ғани Ахметбаев.
Д.ХАНГЕЛДІ.