Бүгін Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласына Қазақстанның Еңбек ері, ақиық ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов келді. Төлебиліктер Жастар орталығы ғимаратында ғасырда бір туатын талантты ақынды тағатсыздана күтіп алды. «Ғасырының үні болған ұлы ақын атты рухани кеште Мұхтар Шахановтың ғибратты ғұмыры мен елімізге сіңірген ерен еңбегін өскелең ұрпаққа кеңінен насихатталды.
Ауданның батагөй ақсақалы Қыстаубай Бектұровтың батасымен ашылған шарада ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Құлбек Ергөбек, тіл жанашыры Қабыл Дүйсенби, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев сөз сөйлеп, Шахановтың ұлттық поэзиямыздағы орны мен тау тұлғасы, сан-салалы қоғамдық қызметін әңгімеледі.
Қ.Тыныбеков және Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептерінің талантты ұландары Олжас Сәлімхан мен Іңкәр Абдрахман ақынның тамаша жырларын оқып, көрерменге жақсы көңіл күй сыйлады. Ал аудандық мәдениет үйінің әншілері де М.Шахановтың сөзіне жазылған әндерді шырқап, кеш көрігін аша түсті. Суырыпсалма ақынымыз Жезмарал Байтуова домбырасымен арнау арнады.
Қайнар ауылдық кітапханасының меңгерушісі Нұржамал Амангелдиева сахнаға шығып, студенттік шақта елім, жерім деген патриот жалынды жастармен бірге Желтоқсан көтерілісіне қатысып, басына қиын-қыстау іс түскенде Мұхтар Шахановтың құтқарып алғанын мақтанышпен айтып, екінші өмір сыйлаған арда ақынға басын иіп, алғысын жеткізді.
Бәріміз асыға күткен сәт, яғни аңыз атамыздың өнегелі әңгімесін тыңдау болса керек. Ол кісі микрофонға жақындағанда зал сілтідей тына қалды. Қарт ақын «Өлең құрау» өлеңін жатқа оқып, жиналғандарға алғыс сезімін білдіріп, батасын берді.
Аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев кеш қонағына шапан кигізіп, М.Шахановтың жары Ханшайым ана мен көмекшісі Сәулекүл Ахметоваға гүл шоқтарын табыстады.
М.Шахановтың кітаптары көпшілікке таратылып, естелікке суретке түскен тартымды кеш болды. Дегенмен, бір әттеген-айы, ұйымдастырушылар жасы 83-ке шыққан, денсаулығы да сыр берген ардақты ақынды шаршатып алмайық деді ме, алып тұлғаның көсіліп сөйлеуіне уақыт бермеді. Мұхтар ақын әлемнің қаншама елін аралап, суын ішкенімен, өмірінде арақты аузына татып алмағаны, шылым ерніне тимегені жөнінде жастарға тағылымды, өнегелі әңгімесін айтып үлгерді. Дәл қазіргі қоғамға ресми, жалаң сөз бен жалған ұраннан гөрі осындай тәлімді ақыл-кеңес өте қажет деп ойлаймын.
МҰХТАР ШАХАНОВ
Мұхтар Шаханов — 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, трактордың тіркеушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы, т.б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР Халық депутаты болды. 1993-2003 жж. Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды. 2003-2004 жж. «Жалын» журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының Президенті. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Көптеген өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» драмасы көптеген тілдерге аударылған. «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды. «Уақыт бедерлері», «Зерде кітабы» атты жинақтары орыс тілінде шықты. Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Шығармалары: Бақыт. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1968; Ай туып келеді. Балладалар мен өлеңдер. А., «Жазушы», 1970; Қырандар төбеге қонбайды. Балладалар, өлеңдер, поэмалар. А., «Жазушы», 1974; Сенім патшалығы. Балладалар, өлеңдер, поэмалар. А., «Жалын», 1979; Махаббатты қорғау. Балладалар, өлеңдер, поэмалар. А., «Жалын», 1982; Уақыт бедерлері. Балладалар, өлеңдер, поэмалар (орыс тілінде). А., «Жазушы», 1982; Зерде кітабы. Өлеңдер, балладалар, поэмалар (орыс тілінде). А., «Жалын», 1983; Өркениеттің адасуы. А., Жаңа қазақтар. Өлеңдер. А., «Білім», 2001.Шымкент педагогикалық институтын бітірген (1969). Оңтүстік Қазақстан (1960-65), Лениншіл жас (1965-70) газеттерінде, республикалық телевизия, радио редакцияларында (1971-75) істеді. 1976 жылдан Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы. Алғашқы өлеңі (Сырдария) 1959 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы (Бақыт) 1966 жылы жарық көрді. М.Шахановтың Балладалар (1968), Ай туып келеді (1970), Қырандар төбеге қонбайды (1974), Сенім патшалығы (1976) атты кітаптары шықты. Өлеңдерінде философиялық ой басым. Махаббат заңы атты поэзиялық спектаклі республикалық театр сахнасына қойылды (1974). Мұхтар Шаханов көптеген әндер мәтінін жазды. Мәтінін де, музыкасын да өзі жазған Жұбайлар жыры, Туған күн кешінде, Гүл дәурен, Мен саған ғашық едім атты әндері жүртшылыққа кеңінен таныс. М.Шаханов — Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1972). Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық Жалын журналының бас редакторы т.б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР-ның Халық депутаты.
М.Шахановқа «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілді. «Нобель» сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен «Нобель» сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде «Нобель» ақпарат орталығы, «Нобель» қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен «Нобельдің Алтын медалімен» марапатталды.