2025 жыл — Ел Президентінің бастамасымен «Еңбек адамына» арналған ерекше жыл болып белгіленді. Бұл бастама — қоғамның қозғаушы күші саналатын қарапайым жұмысшыларға, күнделікті тынымсыз еңбегімен ел тіршілігін алға сүйреп жүрген жандарға деген үлкен құрметтің белгісі. Еңбектің қадірін біліп, елге адал қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі — ауыл тұрғындарымен жарасымды қарым-қатынас орната білген пошта қызметкері Қарлығаш Әшірбекқызы.
Қарлығаш Дәулетова Әшірбекқызы 1975 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданына қарасты Аққұм ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң, ол Шымкент қаласындағы кооператив техникумына оқуға түсіп, білім ордасын сәтті тәмамдап шығады.
Өмірлік жолын Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі елді мекендердің бірінде бастайды. Сол кездегі Әлішер Науайы (Зағамбар) ауылына келін болып түскен Қарлығаш еңбек жолын пошта саласында бастап, бұл салаға бар күш-жігерін арнады. Бүгінде ол – өзінің мамандығына адал, жауапкершілігі жоғары маман ретінде танылған жан.
Қарлығаш Дәулетова қазір Зағамбар ауылында орналасқан Тағайна пошта бөлімшесінің басшысы қызметін атқарады. Бұл мекемеде ол 15 жылдан астам уақыт бойы табанды еңбек етіп келеді. Жалпы пошта саласындағы еңбек өтілі — 30 жылға жуық. Осы уақыт ішінде ол өз ісінің шебері, білікті ұйымдастырушы ретінде танылып үлгерді.
Қарамағында елгезек, алғыр, өз ісіне мығым пошташылар жұмыс істейді. Серімбетов Әсет — 15 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Ал Хасанов Сабыржан да поштаның ыстығына күйіп, суығына тоңып, осы салада 10 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Қарлығаш Әшірбекқызының пошта саласына қосқан үлесі зор. Ол білікті басшы ғана емес, әріптестеріне қамқор болып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген жан. Оның еңбекқорлығы мен адалдығы — жастарға үлгі.
ЖАҚСЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС – ТАБЫСТЫ ҚЫЗМЕТТІҢ КІЛТІ
Ауыл тіршілігінің өз заңдылықтары бар. Бұл тіршілік қимыл-қозғалыстан, қарапайым адамның күнделікті қажеттіліктерінен тұрады. Қараша халық үшін әрбір қызметтің қолжетімді, ал қызмет көрсетушінің мейірімді болуы — үлкен бақыт. Осы тұрғыда Зағамбар ауылының пошта бөлімшесінде еңбек етіп жүрген Қарлығаштың орны ерекше. Ол — үш ауыл тұрғындары үшін таныс әрі сенімді жан. Көпшілікке қызмет көрсетіп қана қоймай, олардың әрқайсысының көңіл-күйін, жағдайын, жан дүниесін түсіне білетін маман.
Ауыл тұрғындары несие төлеу, коммуналдық төлемдерін — жарық, су, газ, қоқыс секілді қызметтер үшін ақы төлеу мақсатында поштаға арнайы келеді. Қарлығаш оларды жылы жүзбен қарсы алып, әрқайсысына жеке көңіл бөледі. Қанша жұмысы болса да, асықпай, тыңдай отырып, жайдары кейіппен қызмет көрсетеді. Бұл оның жұмысына деген жауапкершілігінің ғана емес, адамға деген құрметінің көрінісі.
Көпбалалы аналар да поштаға жиі келеді. Жәрдемақы түскен кезде кезекке тұрып, Қарлығашпен амандық сұрасып, тіршіліктен сыр шертеді. Бұл жерде тек ақша алып кету емес, мейірімге бөлену, адамдық қатынасты сезіну маңызды. Қарлығаштың әр анаға, әр отбасыға деген ерекше ықыласы байқалады. Ол тек қызмет көрсетіп қана қоймай, қолдау білдіріп, кейде бір ауыз жылы сөзбен жігер сыйлап жатады.
Пошта жұмысының тағы бір маңызды бағыты — мерзімді басылымдарға жазылу. Қарлығаш ауыл адамдарының қызығушылығын ескере отырып, оларды түрлі газет-журналдармен таныстырып, ақпарат кеңістігіне жол сілтейді. Ауыл адамдары үшін бұл да бір үлкен игілік. Себебі олар өздерін елмен бірге екенін, заман ағымынан қалыспайтынын сезінеді.
Қарлығаш Әшірбекқызы — өз ісінің шебері ғана емес, нағыз халық адамы. Оның ауыл тұрғындарымен тіл табысуы, әрбір жанмен жүрек арқылы сөйлесуі — үлкен өнер. Бұл қасиет екінің бірінде бола бермейді. Қарлығаштың қарапайымдылығы, адалдығы, жауапкершілігі — көпке үлгі.
Міне, осындай жандар ауыл тіршілігінің шынайы бейнесін құрайды. Олар көзге көп көріне бермесе де, елге елеулі. Қарлығаштай адамдар арқылы ауыл жылуы сезіледі. Халық осындай қамқор жандардың арқасында өздерін қауіпсіз әрі қадірлі сезінеді.
Осындай еңбекқор жанмен тілдескенімізде оның сөзінен кәсібін жан-тәнімен сүйетінін аңғардық.
«Төлеби аудандық пошта байланыс бөлімшесіндегі басшыларға, сондағы білікті мамандарға алғысым шексіз. Ұдайы соңғы жаңалықтарды жеткізіп, өзгерген заңдар мен ережелермен таныстырып, кәсіби бағыт-бағдар беріп отырады. Біз тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Еңбегімізді бағалап, мерекелерде марапаттап, ынталандырып отырады» дейді Қарлығаштай адал еңбек адамы.
Қарлығаш Әшірбекқызы — тек қызметте емес, отбасында да үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген ардақты ана. Жолдасы екеуі бір шаңырақ астында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Қарапайым, бірақ берекелі отбасының тіршілігі бірлік пен еңбектің үлгісіндей. Жолдасы ауыл мектебінде күзетші болып еңбек етеді. Қолы босағанда қарап жатпай, ауыл арасында такси қызметін атқарып, отбасына нәпақа табуға тырысады. Бірі — халыққа қызмет етсе, екіншісі — еңбекпен үйдің қажетіне жарап жүр. Осындай қарапайым жандардың өмірі — бүгінгі ауылдың шынайы бейнесі, еңбек адамының қадірін арттыратын үлгі.
