Мұздыбаев Қазыбек Оразбайұлы-«Ақбұлақ» ӨК төрағасы. 2024 жылы «Ақбұлақ» ӨК 310 га жерге бидай, түсімділігі 25 цн/га айналып, 775 тона өнім жинады. 200 га арпаның түсімділігі 21 цн/га айналып, 420 тонна өнім жинады. Сонымен қатар, мақсарының түсімділігін 14 ц/га айналып, ауданның өнім көлемінің жоғары көрсеткішке жетуіне септігін тигізді. Ағымдағы жылы егіс науқанында кооператив қамбасына 1195 тн дәнді дақыл, 50 тоннаға жуық майлы дақылдарын кооператив қамбасына жинады. Одан бөлек, ағымдағы жылы «Ақбұлақ» ӨК алқабында егін орағының басталуына орай семинар өткізілді.
«Ақбұлақ» өндірістік кооперативі тұрақты түрде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Еңбек адамы бір кездері, яғни Кеңестер кезеңінде ең жоғарғы тап дейміз бе, топ дейміз бе, әлде бір ұжымның жиынтығы дейміз бе, қалай дегенде де, ең басты назардағы адамдар болған. Еңбек адамы өзіміздің Ыбырай Жақаевтан бас­тап, кешегі Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөненбаеваның Кеңес кезеңінде еңбектерінің көрінуі. Олардың еңбектерінің бағаланғандығы. Социалистік Еңбек Ері деген атақты бір рет қана алып қоймай, оның екеуін, үшеуін қатар алып жатуы, сол еңбек адамдарының қадір-қасиетінің мықты екендігін көрсеткен еді. Қазір шынымды айтайын, еңбек адамдары солай бағаланып жатыр дегенге, онша сене қоймаймын да. Және соншалықты керемет құрметтеліп жатыр дегенді де көрген жоқпын. Рас, жергілікті жерлерде жергілікті басшылар айтып жатады. Марапаттап жатады. Бірақ Кеңес кезеңіндегідей құрметке, сыйға ие болып отырған жоқ. Сол қадір-қасиеттерді біз жоғалтып алдық.
2. — Еңбек адамдарының образы дәл Кеңес кезеңіндегі әдебиеттегідей әлі жасалған жоқ. Өйткені кез келген шығармада еңбек адамының образы көрсетілетін, аталатын, жасалатын. Мысалы, Кәрібай Ахметбеков деген жазушымыз болды. Қазір өкінішке қарай, ол туралы аз айтылады. Сол кісінің «Ақдала» деген романында, Ахат Жақсыбаевтың романында керемет еңбек адамының образын жасады. Өз басым қазіргі тәуелсіздік алған кезеңдегі тәуелсіз ақын-жазушыларымыз еңбек адамын соншалықты жасады деп ойламаймын. Шынымды айтайын, тіпті кездестірсем, оқыдым десем өтірік. Мен оқымаған кітап бар шығар. Бірақ өз басым оқыған жоқпын, көрген жоқпын. Әркім өзінше жеке шаруашылық ашып, жеке бір коммерциялық құрылыммен айналысып жүрген кезең болғаннан кейін, жеке адамдарды сол баяғы еңбек адамдарындай марапаттау жараспаған да болар еді. Кәсіпкерлер өздерінің қарақан бастарын ойлайды. Ал ол кездегі еңбек адамдары қоғам үшін, мемлекет үшін, ел үшін істейтін. Ал қазіргі еңбекқор деген адамдарымыздың өзі жеке бастары үшін шаруашылық ашып алған. Не болмаса, жеке бір ұйымдар құрып алған. Олар жеке өздері үшін тірлік етеді. Осы жерде біз ажыратып алатын екі мәселе бар. Мемлекет үшін істеп жүргендер бар да, өздері үшін жұмыс атқарып жүргендер бар. Ал мемлекет үшін жұмыс істеп жүргендер Кеңес кезеңінде керемет марапатталатын. Марапатталғанда, тіпті асырып марапатталатын. Асырып марапаттамай-ақ қойсын қазір. Ерекше құрметпен қарап жатқанын да аз көрем. Тіпті солар зейнетақыға да жарымайтын ақшамен шығады. Жарайды, мемлекет белгілеген зейнетақыға шықсын-ақ дейік, бірақ жергілікті басшылар, жергілікті елдегі шенеуніктер сол құрметті адамы үшін не істеп жатыр?! Тіпті ең ары кеткенде, солардың қора-қопсыларын, үй-жайларын жөндеп беріп жатыр ма деген мәселелер алдымыздан шығып тұрады. Сондықтан, міне, бұл мәселеге келгенде, біздің шығармашыл ақын-жазушыларымыз үлкен туындылар берді деп те айта алмаймын. Бір кездері тамаша жанр болған. Очерк жанры. Ол кезде әрбір журналист еңбек адамы туралы очерк жазатын. Елге баратын, солардың еңбегін көретін. Тіпті тракторда қастарына отыратын. Комбайнға мініп жүретін еді. Шопанмен бірге түнеп қайтушы еді. Соның бәрі сол қоғаммен бірге келмеске кетті. Қазір «барға салауат» дегеніміздің өзінде де, сол очерк жанры тірілмей жүр. Очерк жанры тірілмей, очерк жанры қолға алынбағаннан кейін, ендеше соған кейіпкер болатын еңбек адамы да жоқ шығар деп ойлаймын. Бар болса, онда біздің журналистеріміздің соларды іздемеуінен. Соларды очеркке кейіпкер ете алмауынан. Сондықтан, әзірше қазақ әдебиетінде еңбек адамын соншалықты құрметтейтін, марапаттайтын материал жоқтың қасы. Жеке меншікпен айналысатын адамдарды мақтап-марапаттау, кәсіпкерлерді асқақтату — ол бар. Шынымды айтайын, олар «таза саудамен» жүреді. «Мен саған, сен маған» деген принцип қазір кең етек алған. Сауда-саттықта, нарықтық кезеңде мұндай болады. Бірақ шығармашылық топқа «мен сізді жазам, сіз маған бұлай етесіз» деп саудаға салу жүрмейді. Өкінішке қарай, осындай нәрселердің, осындай келеңсіз жағдайлардың етек алып жатқаны сөз жоқ, бар. Оны жасыра алмаймыз. Тіпті кәсіпкер адамдарға арнап, кітап жазып жүргендер де бар. Сондықтан, қазір мен таза еңбек адамы жөніндегі шығарманы кездестірген жоқпын. Жақын арада кездестіре де алмайтын шығармыз. Өйткені, зауыт-фабрикалар жоқ. Бұрын зауыт-фабрикалар көп еді. Ол зауыттарда қандай азаматтар еңбек ететін еді. Мал шаруашылығы кең етек алған еді. Мал шаруашылығы мемлекеттің қарауында болатын. Сол кезеңдер өтіп кеткеннен кейін, «мен саған, сен маған» деген принцип етек алды. Сол принциптен арылмай, еңбек адамдарын құрметтей де алмаймыз, еңбек адамдарын шығармамызға арқау ете де алмаймыз. Біздің қазіргі трагедиямыз сол. Ал одан қашан арыламыз? Сондай бір кезең туа қалса, нұр үстіне нұр болар еді…