​Алатау сілемдері мен Қазығұрт тауының етегін жайлаған елдің берекесі бар. Табиғаты тамаша осы бір өңірдің Төлеби баба атын иеленген ауданда еліміздің атын әлемге танытқан азаматтарымыз көптеп саналады. Солардың бірі және бірегейі Ақжол Асқар ағамыз десек артық айтпағандық болар еді.
Түркістан облысының Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалар спорт мектеп-интернатының директоры, «Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер», бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР спорт қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі, Шымкент қаласының және Төлеби ауданының құрметті азаматы, КСРО спорт шебері, профессор, «Санк-Петербургтың Халықаралық жантану Академиясының құрметті академигі» Ақжол Асқардың балалық шағы Ұлы Отансоғысының бітер тұсымен тұспа-тұс келіп,анасының құрсағынан шықпай жатып, «соғыстан оралмаған солдаттың баласы»атанды. Енді ғана балалықтың бал дәуренінің дәмін тата бастағаны сол, анасы да о дүниелік болып кете барды.Тағдыр жетімдіктің құрсауына бала Асқарды тастады да жіберді. Бар сүйеніші өзінен бес-ақ жас үлкен ағасы Сайлау аға болып қалды. Балалық шағы сол Майбұлақ аулында, жетімдіктің зардабын татып өсті. Ауылдағы жеті жылдық мектеп, ауыл балалары,қолдары қалт еткенде колхоз жұмыстарына қолқабыстарын тигізіп заман көшіне ілесіп жүре берді.Ақжол ағаның балалық шағы қазақ еліне аттары мәшһүр болған Амалбек Тышанов, ҚуанышТөлеметовтермен қатар тай құлындай ойнап өсті. Қолдары босай қалса ойын балаларын жасы үлкен Сайлау ағалары бұларды жаяу жарыстырып, күрестіріп, қолғап түйістіріп, денелерін шынықтыруға ден қойды. Әсіресе қолдан ыңғайлап тіктірген былғары қолғап ойын балаларын қатты қызықтырды.
Ақжол аға бір мың тоғыз жүз қырық үшінші жылы маусым айының он бесінші жұлдызында Төлеби ауданы, Жамбыл колхозында қазіргі Майбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол бір мың тоғыз жүз алпысыншы жылы «Совет» орта мектебін бітірді. Осы жылдары қазақ даласында дүр сілкіндіретін айтулы оқиғалардың бірі қазақ жастарының боксқа жаппай бет бұруы еді. Даңқты бокшылар Әбдісалан Нұрмақанов, Шоқыр Бөлтекұлы, Жандос Көкімов, бокс әліміне жетпісінші жылдардың басында қосылған Марат Жақсыбаевтар сияқты былғары қолғап шеберлерінің ринг төріндегі айтулы жеңістері жастарға жігер беріп, қолдарына былғары қолғап кигізді. Солардың қатарында сол кезде төлебилік жастар қатарында кішкентайынан бірге өскен досы Амалбек Тышанов, Есіркеп Балғабаев, Темір Шоқатов, Мәлік Полатов, Байсейіт Бегалиев сияқты жастар Ақжол Асқармен қатар республикада есімдері кеңінен танылған боксшылар қатарынан орын алып үлгерген еді.
Ол бір мың тоғыз жүз алпыс бесінші жылдан он жылдай Шымкент қаласындағы Қ.Спатаев атындағы №7 қазақ орта мектебінде дене тәрбиесінің мұғалімі болып қызмет атқарып кейін, он бір жыл бойы.
Облыстық кешенді жоғары спорт шеберлерлігі мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарды. Өткен ғасырдың сексенінші жылынан бастап бокстан облыс құрама командасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеді. Осы жылдарда Асқар Ақжол өзінің жаттықтырушылық қабілетін арттыра отырып, шәкірт тәрбиелеуде шеберлігін таныта білді.
Оңтүстік Қазақстан облысында бір мың тоғыз жүз алпыс сегіз-жетпіс сегізінші жылдар арасында бокстан бірде бір спорт шебері дайындалмапты. Ал Асқар Ақжол екі жылдың көлемінде он жылдан бері дайындалмаған спорт шеберін Мақсұт Юсуповты дайындап шығарды. Осы уақыттар арасында, ол облыстық бокс спортын Республика, КСРО және Халықаралық деңгейге дейін көтеріп, отыз спорт шеберін, үш халықаралық дәрежедегі спортшы және бір Республикаға еңбегі сіңген спорт шеберлерін дайындап шығарды.
Асқар Ақжол бір мың тоғыз жүз сексен жетінші жылдан төрт жылдай облыстың балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет істеді. Ал бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылдан сегіз жыл бойы облыстық білім басмармасында спорт және дене тәрбиесі басқармасын басқарды. Ал бір мың тоыз жүз тоқсан тоғызыншы жылдан облыстық Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп –интернатының директоры қызметін атқарды.
Асқар Ақжол басқарған спорт мектеп-интернаты түлектерінің жеткен жетістіктері де телегей теңіз. Аз уақыттың ішінде бір Олимпиада ойындарының жеңімпазы, бокстан Әлем біріншілігінің жеңімпазын, алты Азия чемпионатының жүлдегерлері, екі Әлем біріншілігінің жастар арасында жеңімпазы, бір Әлем біріншілігінің бокстан күміс жүлдегері дайындалып шықты.
Үздік еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының он жылдық мерейтойы» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен және ҚР білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсариныз» төсбелгісімен» және «Қазақстан Республикасы Конституциясына он жыл» белгісімен марапатталған.
Республиканың спортшылар қауымының ортасында үлкен беделге ие болып, адамгершіліктен қылаудай аттамай, қарапайым ғана тірлік кешкен Ақжол Асқар спортта да, ғылымда да, өмір сүрген ортасында да абыройлы азамат.
​Сонымен қатар сол жылдары өзінің қамқорлығына алып тәрбиеленген жас жаттықтырушылар А.Визирякин, Н.Сафиуллин, Е.Арысбаев, Х.Файзуллин, М.Испандияровтар Қазақстан Республикасына, одан әрі әлемге танымал бапкерлер болды. А.Визирякин олимпиада жеңімпазы Б.Саттархановты дайындаса, Н.Сафиуллин ҚР құрама командасының жаттықтырушысы, Сидней олимпиадасында күміс жүлдеге ие болған М.Ділдәбековтың бапкері. Ал өзі дайындаған шәкірттері Азия ойындарының жеңімпазы, КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы, Еуропа жеңімпазы, Әлем Кубогінің жүлдегерлері болған. Олар Серік Өмірбеков, Мақсұт Юсупов, Қанатбек Шағатаев, Мырғали Айтжанов. Ербол Бабаевтар еді.

​Қазақтың спорт мамандарының ішінде білікті бапкер қатарында шоқтығы биік тұлғалардың есімі ерекше аталатын азаматтардың бірі—Ақжол Асқар. Бұл атаққа Ақжол аға табанақы, маңдай терімен қол жеткізді. Біле білген адамға бұл – бүтін бір ұлттың мерейі! Біз А.Асқардың әлемдік деңгейдегі табысына күнде қолға түсетін олжа тәрізді қараған секілдіміз. Ақжол аға кезінде жұдырығы тас жаратын боксшы болды. Жекпе-жектерінің басым бөлігінде қарсыластарын есеңгіретіп ұтты. Жастықтың буымен шалт басқан тұстары, бапкері ауысып, бабы тайған кездері тағдырына тура келген сынақ екені анық. Әйтпесе, А.Асқардан оңбай таяқ жеген жігіттер одан атақ жағынан асып та жатты. Асқар аға қазақ еліне дәл керек кезінде жаттықтырушылық жолды таңдады.
​Өңір спортының дамуына айырықша үлесін қосып, мыңдаған шәкірттер тәрбиелеген белгілі спорт майталманы,
Спорт саласында өзіндік қолтаңбасы бар білікті бокс маманы Ақжол Асқарұлы бір облыстың өзінен мыңдаған талантты былғары қолғап шеберлерін тәрбиеледі. Олардың қатарында Нұржан Сманов, Қанатбек Шағатаев, Мырзағали Айтжанов сынды хас таланттар бар. Өзі бас болып кезінде қараусыз қалған №1 училище аумағында ашқан дарынды балаларға арналған спорт интернатында Олимпиада чемпионы Бекзаттай саңлақтың жолын ашып, шеберлігін шыңдады.
Ақжол ағаның көрегенділігі мен біліктігінің арқасында ер Бекзат биікке көтерілді. Аты аңызға айналған спортшыны олимпиадаға қатысуға дейінгі бар қиындықтарын бір өзі көтеріп, қыран құстай баптады. Міне, сондай қажырлы еңбектің арқасында Бекзат Саттарханов Олимпиаданың алтынын жеңіп алды. Бекзат рингте тек жұдырықпен ғана емес, ақылмен де жұмыс істейтін боксшылардың қатарынан. Әсіресе аяқпен қимылдауда ерекше белсенділік танытқан. Сидней рингіндегі қарсыласы Джеффри Матебула: «Бекзаттың аяғы мықты екен, жорға жүрісті боксшы есімді алды. Осы жігіт финалға ілігеді деп дөп басып айтты. Жаттығу кезінде аяғына үш-төрт келілік қорғасын байлап алып жүгіреді екен. Аяғына ауыр тас байлап алғандығына қарамастан, құрамадағы әріптестерін үнемі алдын орап кетеді екен». Бокс мамандары мен жанкүйерлер Бекзаттың бокстасу техникасы қазақтың даңқты боксшысы, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевқа ұқсайтынын атап өтті. Қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. «Саттарханов бокс үшін жаралған. Оның айқас үстіндегі сезімталдығы адам таң қаларлықтай. Бойына бірде – бір соққына дарытпайды, ал өзі бірде – бір соққысын нысанаға тигізбей және де қоймайды. Оны бокстың шеберлікке, амал – айлаға бағытталған жаңа мектебін жасаушы табиғи талант иесі деп айтауға болады», — деп жазды әлем басылымдары.
«Жеңіл салмақты боксшылардың ішінде Қазақстаннан келген жиырма жасар жас боксшы Бекзат Саттарханов тері қолғаптың шын мәніндегі құдайы болып саналады. Енді оны финалдық жарысқа қатыстырмай – ақ, чемпиондық жүлдені оған бере берсе де болады. Бәрібір Саттарханов жеңеді», — деп жазды ағылшындық басылымдар Қайсар мінезді қазақтың жігіттері әуесқой бокс болсын, кәсіпқой бокс шаршы алаңы болсын, өздерінің шеберлігі жоғары, шоқтығы биік екенін мойындатып келеді. Жастардың да бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, үлгі тұтарлықтай ұлт ұландары бар.
​Шаршы алаңда намысты қолдан бермейтін қазақ жігіттерінің қайсар мінезіне талайлар таңдай қағып келеді. Байтақ даланы төске жайлаған ұлттың жас өрендері күрзі жұдырықты батырларын үлгі тұтады, мақтан етеді. Ал ұлт намысын ұран еткен боксшылардың шаршы алаңдағы шеберлігінен ғана емес, өмірдегі ұстанымынан да үлгі алуға болады. Осы мақсатта жазылған жазбамызды оқып, бағасын бере отырыңыздар. Еліміздің әнұранын шарықтатып, көк туымызды биікте қалықтатып жүрген спорт түрінің әлемдік деңгейдегі алар асуы мен басар белесі әлі алда деп білеміз. Қазақтың қайсар ұлдары әуесқой бокс шаршы алаңдарында да, кәсіпқой бокс ареналарында да абыройымызды асқақтатарына сеніммен қараймыз. Олимпиада ойындарынан кейін Ер Бекзат бірден өзі білім алған спорт-интернатына келіп, Ақжол ағадай Ұлы ұстазына мың алғысын білдірген екен.
​Шәкіттерінің арасында әлемді аузына қаратқан –Мырзағали Айтжанов болды. Оның бокс жолындағы қазақ спортына қосқан үлесі оразан зор болса, бапкерлік жаттықтырушы ретінде де айды аузына қаратты. Кілең сайдың тасындай жігіттеріміз Олимп шыңдарын бағындырып жатты. Мырзағали Қуанұлы әлемде ешкім бұлай алмаған әлемдегі «ең үздік бапкерлікті» екі рет алса, соның барлығында Ақжол Асқардың еңбегінің жемісі деп қарауымыз керек. Мырзғалидың өзін бокс әліппесіне баулыған Нұрғали Сафиуллинің өзі Ақжол аға тәрбиесінде болған. Ақжол ағамыздың бастамасымен дарынды спорт мектеп интернатына осы мектеп түлегі олимпиада жеңімпазы Бекзат Саттарханов аты берілді.
​Ақжол аға темірдей тәртіптің адамы. Облыстық құрамаға қанша рет жолымыз түсті, рингте дауыл тұрғызатын отты жігіттердің оғаш қылығын көрген емеспіз. Қарсы келіп қалсаң, ығысып жол береді. Құрамаға кейін қосылған жастардың өзі қазақи тәрбиеге, қалыптасқан қағидаға тез көндігеді. Өйткені, Ақжол Асқар қажет кезінде тым қатал, керек тұсында мейірбан. Ол табиғатынан сезімтал жан. Жаратылысынан бойға дарыған осы қасиетінің арқасында Ақжол аға жас кезінен-ақ көпшілік көзіне түскен азамат. Ал елдің әр қиырынан жиылған кілең серкені шашау шығармай ұстай білуі – оның бойындағы кесек мінездің, ақыл-парасаттың белгісі.

​Кейбір жаттықтырушылар төл шәкірттерінің қисық-қыңыр мінезін, тұрмыстық, отбасылық өмірдегі қиюы қаша бастаған жағдайларды Ақжол ағамен кеңесе отырып, түзеуге тырысады екен. А.Асқар мұндайда оқыған-тоқығанына, интуициясына сүйенеді. Қашанда әділдікке басады. Тастай қатып қалатын жерде оның бетінен қайтара алмайсың. Ал мәселені таразыға салып, ақылмен шешетін тұста көпті тыңдай біледі. Бірақ кесімді сөзге келгенде төтесінен тіліп түседі.

​Бокстың маңайында ығай мен сығай көп. Кейде бір салмақтағы екі боксшының төңірегіндегі тартыс құрама шеңберінен асып, биік мансап иелерінің құзырына бір-ақ жетеді. Боксшының бірі басым тұрса да, екінші жағы мойындағысы келмейді. Жеңген жігіттің кемшілігін тереді, сүрінген тұсын бадырайтып көрсетеді. Сондайда А.Асқар қасқиып, әділдік жолында көлденең жатып алады. Кімнің алдында болсын, турасын айтады. Сол ірілігімен құрамадағы жігіттерге жаққанымен, өркеуде шонжарларға ұнамай қалатыны бар.

​Біздің байқағанымыз, А.Асқарды келе жатқанда құрамадағы әлем мойындаған, атақты спортшылардың өзі артық сөзден тыйылып, қалыпты тәртіптен аспауға тырысады. А.Асқар тарихи танымы қалыптасқан азамат. Республикалық додаларға бүтін бір облыстың бас құрамасын бастап баратын маманның рухани жағынан бай, көзіқарақты, халқымның табанына кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын, дейтін ұлттық мүддесі күшті маман болғаны қандай ғанибет. Жастайынан ұлттық мүддені жоғары қоятын естелік кітаптарды жастарға оқытуды өзіне міндет санап. Шәкірттеріне қазақ әдебиеті классиктерінің кітаптарын оқуын өз қадағалауына алатын.
А.Асқар тағы бір қасиеті, күнделікті қым-қуыт шаруадан қолы қалт еткенде шәкірттеріне қазақи тәрбиенің қыр-сырын ерінбей айтатын .
​«Бізге білдірмеуге тырысқанымен, сезіп жүрдік. Жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ұтылып қалған спортшыларға «қасыңдағы жолдасыңның жағдайын ойла, түнімен жүрме, серігіңе ұйқы бер», дейміз. Біздің жігіттер бір-біріне тілектес, теріс пиғылдан аулақ, ертең рингке шығатын досының қамын ойлап, аяқтарының ұшымен жүреді. Кейбіреуі ұйқысы келмесе де, дымын шығармай, ерте жатып қалады. Жалпы, шәкірттеріме ризамын». «Бапкер болғаныңа біраз жылдан асты. Жалпы құрамаға енген жігіттердің бәрі бірдей ұлы майдандарға шыдай бермейді. Қатарынан озып шығатын сайыпқыранды қалай танисың?» «Өжеттік, әбжілдік, сезімталдық қасиеттер адамның қанында болуы керек. Жаттықтырушы спортшының шеберлігін шыңдайды. Ал жан-жақты қалыптасқан күшті боксшы болу отбасынан, үйдегі тәрбиеден басталады. Баланың негізінде жоқ нәрсені бапкер қанша тырысса да, оның бойына толық сіңіре алмайды. Жаттығуда жан шыдатпайтын кей жігітті жарыста танымай қаласың. Мұның бәрі ата-текке, тәрбиеге тікелей қатысты. Біз жігіттердің кем-кетігін, артық-кем жағын жақсы білеміз.-деп Ақжол аға өз шәкірттері туралы айтудан жалықпайтын.
​Биыл екі мың жиырмасыншы жылы жазда «Қазақстан боксшысы, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері, көрнекті спорт педагогы, профессор Ақжол Асқарұлы 77 жасында өмірден озды. 20 жыл бойы Ақжол Асқарұлы облыстың аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеді, спортта басшылық лауазымдарда қызмет етті, спорт интернатын басқарды. Оның басшылығымен ең мықты бокс өңірінен КСРО, Еуропа чемпиондары, әлем чемпионаттарының финалистері – Нұржан Сманов, Қанатбек Шағатаев, Сұлтан Әбдіразақов, Нұрхан Сүлейменов, Серік Өмірбеков, Аслан Омаров, Мұхтархан Ділдәбеков, Мырзағали Айтжанов және Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов сияқты бокс тарландарын әлемге таныттырған Ақжол Асқардың жарқын бейнесі қазақ боксы тарихында алтын әріппен жазылды.Бүгін көзі тірі болғанда республика жұртшылығы ТАУ ТҰЛҒАЛЫ азаматтың сексен жылдық мерей тойын атап өтіп жатқан болар еді.

Ғалымжан Мырзалы.
Төлеби ауданының Құрметті азаматы.
Қазақстан Республикасы Блім беру ісінің
Құрметті қызметкері.